Самарқанның көк тасы жібіген күн

0
608

Наурыз мерекесі – елімізде атап өтілетін мерекелердің төресі. Халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін бұл мейрам салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастыруда маңызы зор. Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп айырықша әспеттеген. Бір күн емес, бір ай бойы тойланатын көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстанымын айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.

Осындай тарихтан тамыр тартқан  мереке  қарсаңында  бүтін бір әулеттің асыл анасы болып отырған Әуесхан Мажайқызынан  Наурыз  мейрамы туралы айтып беруін өтіндік.

Жасы жетпістен асқан алтын алқалы ана  бала кезінен  күн мен түн теңелетін уақытты  асыға күтіп,  осы күнді ерекше атап өтетіндерін айтады.

Қытай жеріндегі Күнес ауданының халқы болып тау бөктерінде қазан көтеріп, ән айтып, би билейтінбіз. Ес білген сәтімнен бастап наурыз мерекесін тойламай қалған жыл болмапты. Жоқшылық заманында да ел болып бірігіп, кімнің үйінде не бар соны әкеліп көже пісіретін едік.

Көпбалалы отбасынан шыққан апамыз 17 жасында қазақы салтпен тұрмыс құрып, бүгінде  сегіз  баланың анасы атанып отыр. Салт-дәстүрді берік ұстанған отбасында тәрбие алған  асыл ананың отбасы көне дәуірден келе жатқан барлық  әдет-ғұрыптарды  сақтаған.  Он саусағынан өнер тамған  апаның үйіндегі  өзі тіккен тұскиіз, құрақ көрпе, қолмен басқан киіз сырмақ, алаша сияқты сан түрлі қазақылықтың иісі шыққан  бұйымдар көздің жауын  алады.

Апамыздың сөзінше арғы аталары он саусағынан өнер тамған қолөнерші болған екен. Сондықтан да ол ата-баба мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткіземін деп мақсат қойған. Тоқшылық пен жоқшылықтың  дәмін қатар татқан  әулет анасы наурыз мейрамының сан  түрлісін  көрген. Ішерге ас таппай қалған кезеңдерде дархан даланың төсінде түйесіне жүк артып  көшіп қонған халқымыз бар керегін табиғат ананың тартуынан тапқан дейді ол. Расында дана қазақ қара жерден нәр алып өсіп өнгеннің барлығын тұрмысына жаратып, кәдеге асыра білген ел емес пе. Наурыз көжедегі жеті түрлі дәм осы  сөзімізге айқын дәлел.

Әуесхан апаның айтуынша табиғат анамен тамырласқан халқымыз наурыз мерекесін сонау ақпан айынан бастаған екен. Он бірі күні басталатын мереке әр тақ сан кезінде тойланып отырған көрінеді. Сөйтіп наурыз айы біткенше отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап «Самарқанның көк тасы жібіген  күн» деп ерекше әспеттелген. Әлбетте мерекенің бүгінгі тойлануы бұрынғыдан өзгерек. Қазір ағайын-туыс бір-бірінің үйіне баруды азайтқандай. Әуесхан апа егер осылай жалғаса берсе Наурыз мерекесі өз құндылығын жоғалтама деп алаңдайтынын да айтты.

Әз Наурыздың тарихы тереңде. Бес мың жылдан бері ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен үндесе мерекеленіп ке-летін Ұлыстың ұлы күні қазақ халқы үшін жәй ғана мейрам емес. Бұл жұртшылықты бауырмашылдыққа үйрететін күн. Дәстүрімізді жаңғыртып, балаларға  ежелден келе жатқан ескі салттарымызды дәріптейтін мереке. Осы күні әр үйде қонақ болуы керек. Наурыз көже пісіріліп, ақтың түр-түрі үстелге қойылуы тиіс.  Қонақпен бірге құт келеді. Осыны жадымыздан шығармасақ, бізден асқан ұлт болмайды. Бала кезімізде бұл күнді ауыл болып тойлайтынбыз. Бір-біріне реніші бар адамдар татуласып, бір үстелден ас ішетін. Ұлттық ойындар ойнатылып, ақындар айтысатын. Күнес ауданындағы таудың етегі бір ай бойы той-думан болып жататын. Біздің кезде қазақи оюлы ұлттық киімдерді тек наурызда емес жыл он екі ай киетінбіз. Ал қазіргі кезең өзгеше. Ұлттық  киімді  жиі киген  былай  тұрсын, үйге қонақ жиі келмейтін болған. Сондықтан мен келіндеріме де, қыздарыма да қонақ келсе құт келеді деп есепте дегенді жиі айтып отырамын,  –  дейді.  

Бүгінде  халқымыз  22 наурыздан бөлек  14 наурыз күнін яғни, амал мерекесін де ерекше атап өтеді. Әуесхан апаның  отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймыз дегені де осы болар. Наурыз тойы туралы қазақтың  біртуар перзенті  Шәкәрім  Құдайбердіұлы:

«Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып, көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай

Жамырасып өріскен» – деп көнеден келген мейрамның  тойлану дәстүрі мен сыр-сипатын тамаша суреттеп берген еді. Көктеммен бірге көңілдің сызын кетіру дегенде ғажап құбылыс. Ренжіскен ағайын табысып, барлық жамандық атаулы ұмытылатын, ел-жұрт болып жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шын мәнінде шапағаты мол. Ұлыс күні қазан толып, арқа-жарқа болған ағайынның кеңпейілді көңілінің өзі көктемнің алғашқы күндерін ерекше шуаққа бөлеп, нұрландырып жіберетіндей. Сондықтан қазақ ежелден-ақ Наурызды тойлауға айрықша мән беріп келді. Бұл күні табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, тазарып мұнтаздай күйге түседі. Яғни қай жағынан қарсақ та Әз Наурыздың мән-маңызы зор. Әсіресе жаһандануға бет бұрған жаңа ғасырда жаңа тұрпатты ұлтқа айналамыз десек, ең әуелі өз тамыр-тегіміз бен дәстүр-салтымызға еркін бойлап, күнделікті қолданысымызға еңгізуіміз керек. Жыл басы – Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтап, Амал мерекесін тұтас ұлт болып тойлап, жалпықазақтық мейрамға айналдырсақ,  қазақтығымызды мәңгі сақтап қаларымыз хақ. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын ағайын!

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ