Қос қаламгерге арнайы кабинет ашылды

0
870

Жетісу  облысы,  Алакөл   ауданы, Көлбай ауылының   Көлбай   орта  мектебінде  жазушы,  драматург,  өлкетанушы  Заман  Төлеуов  пен ақын,  Қазақстан  Жазушылар   одағының мүшесі   Жангелді   Немеребайға  арналған  қазақ әдебиеті  кабинеті ашылды.  Салтанатты  шараға   Алматы  және Жетісу облысының белгілі   ақын   жазушылары   қатысты. 

«Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп ақиық ақын Ілияс Жансүгіров айтудай-ақ айтыпты.  Қазақта сөзден де, жырдан да, сарай соққан шешен де, шебер де аз емес-ті. Бірақ соның көбі, әсіресе ауылда тұрып қалам тербейтіндер тасада қалып, көзі тірісінде еленіп-ескеріліп жатқан жоқ. Дегенмен еңбегі еленіп, мүйіздері қарағайдай болған зиялы қауымда  аз емес. Ал тасада қалып қойған шығармашылық адамдарының өмір баянына қарап отырсаң сан түрлі тағдырдың басына салған теперіштерін көресің.

Қаламына ғана арқа сүйеп сырында, мұңын да, көкірегіндегі шерін де  қаламынан туындаған шығармасына ақтарып салып, қоңыр ғана тіршілік кешетін жандарға  өзімен етене араласқан жора-жолдастары, замандас әріптестері, жерлестері игіліктің ерте-кеші жоқ деп  өмірден өткен  соң  құрмет көрсетіп жатады. Бір қараған адамға бұлда бір заңдылық сияқты. Енді бірде шығармашылық адамдарының еңбектері дер кезінде еленіп, лайықты құрмет көрсетілсе олардың қоғамға бергенінен берері көп болар ма еді деген ойға келесің!

Мақалаға арқау болып отырған екі тұлға, екі әлем,  жазушы Заман Төлеуов  пен ақын Жангелді Немеребайды туған ауылында Көлбай орта мектебінің ұжымы ардақтап, әспеттеді. Ілияс айтпақшы «Өз елі өз ерлерін елеп-ескеріп,  танып жатса, қуанбасқа не шара».  Әттең,  бұл әспеттеуді, бұл құрметті Заман Төлеуов  көзінің тірісінде көре алмады. Ал ақын Жангелді Немеребайға бұл шара күш-қуат беріп, ел алдындағы парызы мен   қарызын  ұлғайтты. Жангелдінің жырларынан, туған ауылына деген сағынышты, елге-жерге деген махаббатты  көруге болады. Бұл мәңгілік махаббат Заман Төлеуовте де көзі жұмылғанша сарқылған жоқ. Торқалы топырағына оранып, қырда қымтанып жатқан жазушының аруағын аунатып, ақынның абыройын асырған туған өлкесіне, Алакөл ауданының әкімдігі мен білім бөліміне  мың алғыс!

«Заман ағам толғайды, Жангелді ақын жырлайды» атты тақырыппен қамтылған бұл игі бастамаға Көлбай орта мектебінің директоры Махаббат Нұрсоветқызы мен мектеп ұстаздары және ауыл белсенділері ат салысқан. Салтанатты шарада Заман ағаның көзін көрген, аралас-құралас болған, шығармашылығымен жіті таныс қаламгерлер атап айтсақ жазушы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының атқосшысы болған полковник Бекдайыр Иманбаев,   академик,  Райымбек ауданының құрметті азаматы, Мұқағали Мақатаев сыйлығының иегері Шаяхмет Имашұлы, ақын, Абай   атындағы   журналдың бас редакторы Болат Шарахымбай, Ғабит Мүсірепов атындағы қордың төрағасы, Ұлы Дала Республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Ғабиден Жакей, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Қуат Қайранбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарқан газетінің бас редакторы, ақын Жомарт Игіман, Жетісу облыстық филармониясының режиссері Берік Төкенов, Жетісу облыстық Мұхаметжан Тынышбаев атындағы мұражайдың бөлім меңгерушісі Қалқаман Абдырахманұлы және Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ибраимов, Алакөл газетінің бас редакторы Алмат Есенбеков пен қатар  мектеп директоры Махаббат Нұрсоветқызы бастаған мектеп ұстаздары Найман Нұғыманұлы,  Алдаңғор Тілеубайұлы, Ердәулет Тобағұлов пен Еркін Тәңірбергенұлы мен ауыл белсендісі Сәрсен Жұмағалиұлы, Алакөл ауданының құрметті азаматы Ұлжалғас Бурасанова, кәсіпкер Қайрат Мұқашбаев және Алматы, Талдықорған қаласы мен Сарқан ауданынан келген зиялы қауым мен  БАҚ өкілдері жүрек жарды лебіздерін білдірді.

Жазушы Заман Төлеуов пен ақын Жангелді Немеребайға арналған заманауи кабинетті жабдықтауға жазушының  шығармаларына арқау болған, қырмызы деп айдарлап ат қойған, Заман ақынның аяулы жары  Гүлмира Ажиханова  демеушілік жасаған. Шарада мектеп оқушылары қаламгер ағаларының шығармаларын жатқа оқыды. Әбеби сыныпты заманауи үлгіде жабдықтаған жазушының жары Заман Төлеуов жайлы, екеуінің арасындағы сезім жайлы  көпшілікке тебірене отырып айтып берді. «Әр шығарма жазар алдында, шарыққа пышақ жанығандай сен әлі «Нобель» сыйлығын аласың деп қайраушы едім», – деді. Бірі алып бәйтерек, екіншісі сол бәйтеректің балта салса кесе алмас қатты бұтағына

айналған. Осы екі тұлғаға арналған әбеби сыныптан Заман Төлеуов пен Жангелді Немеребай сынды ақын мен жазушы шығып жатса, қайнар бұлақтың көзінің сарқылмағаны емес пе?

Салтанатты шара аяқталып, Заман Төлеуовке бағышталып құран оқылып, ас берілгеннен кейін Алматыға жол тартқан Гүльмира Ажихановаға хабарласып, Заман Төлеуов  жайлы жазып жүрген жазбаларыңыз болса жіберсеңіз деп өтіндік.

– Заманым кеңістіктің кереметін көре білген, құдіреттің құпия сандығындай ашыла бермейтін. Алғашқы хатыңда «Бөлмемде тек тәңір тынысы ғана естілсе де сенің осы әлемде болуың мені жалғысыратпайды. Менің сүреңсіз өміріме шырақ алып келген шырақшымсың, Түнегімді серпіген шырағымсың.Өзіңсіз  айдалада   қалған ақ сүйекке айналамын Жаным», – деп жазған болатын.

«Бүгінде өзінің кіндік қаны тамған жер Көлбайға, өзі  ұлым деп атайтын Жансері баласы екеуіне  Қазақ тілі мен Әдебиет кабинеті ашылды. (Әттең көзбен көрмесеңде  жаныңмен рухың сезіп жатқан шығар) Адам қаншама шартарапқа шашырап кеткенімен, бойдағы құдірет,қандағы қасиет өлмейді. Шараға келген тілектес ақын-жазушыларға, достарға алғысым шексіз, – деді. Жазушының жары Гүлмира да, шығармашылықтан құр алақан емес-ті. Сөйлесе шешендердей шешіле сөйлейді.

Оның жарына деген сағынышын өзі жазған кітаптарынан оқып толқыдық. Сүреңсіз өмір сүрген Заман ағаны қара түнектен жарыққа жетелеп шығарып, оның бар жағдайын жасап, алаңсыз шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасау, әйелдің әйеліне ғана тән ерлік дер едім. Заманға деген сағынышы басылмаған Гүлмира оны  құдды бір жолаушылап кетіп, әне-міне келіп қалардай күтумен жүргенін естеліктеріне  жазып қойыпты.

– Өмір деген жаратылыс әлеміндегі ең бір ойлап табуға келмейтін құбылыс.

Адамның өмірін туған жылымен  өткен жылының ортасындағы сызық тәрізді қысқа ғана сәт деп айтады. Расында, қанша ғұмыр кешсек те әйтеуір бір күні келместің есігін ашарың хақ. Сен кеткелі де 40 күн болыпты Жаным! Бүгін барып ертең келетіндей ғана жолаушылыққа аттанған сияқтысың. Қазір кіріп келетіндей, телефонмен қайдасың жаным деп қоңырау шалатындай болып тұрасың… 

Мен үшін бір көрінбес перденің ар жағында жүргендейсің. Себебі мен жылап мұңайғанда біреу күрсінеді, төңірегіме әлдекім шырақ жаққандай болады. Сен маған «Сен менің жүрек жылуымсың, жүрегімді  соқтыратын  қуатымсың, ең  бағалыңды көрсетші десе жүрегімді нұсқар едім,ал онда сенсің деп айтатын едің.  Жаным, Заманым! Сен менің ғаламымсың, таза бұлағымсың, сен мен үшін бір биікті сағынған, ешқашан сағы сынбас көктемімсің! Жатқан жерің жайлы болсын Жаным!  Аллам сені орынсыз алаңдатпасын. Әркім өз қалағанын қастерлер,бірақ ештеңе жетпес бағасын жүрек қана айта алады. Сол жүрегім тоқтағанда менде өзіңе жетемін Жаным!

Менің асыл Құдіретім! Жанымның жарығы, сен кеткелі таң атпайтындай.

Күллі әлемнің таңдаулысы мен үшін өзің, тек өзің екеніңді күнде айтатындай. Сен кеткелі мүлдем керең болғандаймын. Құлағым ештемені естімейді, денем болғанымен басым жоқ сияқты. Сен мен үшін:

Көкірегінде керемет пен ғажайып есігі айқара ашылған, жақсылықты жан тұтқан, көңілімнің медеуі, үмітімнің тірегі, ертеңімнің сәулесі едің Жаным. Өмірдің толқындарында өкініші мен қайғысына қанша тұншыққанда да өз қалпыңды сақтап өр мінезіңмен жеңетін асыл қасиетің, қараңғыны тескен көңіл шырағың неге мына қарғыс атқыр сұм кесел тажалды жеңе алмады? Неге? Неге? Неге? 

Сен маған үнемі  Бақыт деген сенің барың. Сен менің болмысымның тылсым сырысың дейтінсің. Жаным Заманым сен менің асыл қазынамсың, ақиқатымсың, зердем жетпейтін, ақыл-ойым бойлай алмайтын мәңгілік тереңдігімсің. Жаның пейіште шалқығай. Адам ғұмыры ұзақ бір күн секілді. Күнім біткенде менде жаныңа келемін Жаным. Қасіретті білу мүмкін емес, сезу де… Оны тек бастан кешіру керек, – дейді кітабында.

Гүлмираның жары Заман Төлеуовке деген шынайы сезімін өзі жазған жыр жолдарынан да аңғаруға болады. Телефон арқылы байланысқа шыққанымда тұрмыстың тауқыметін тартып, сіңлісі екеуі пәтер жалдап, күн көріс қамымен небір қиыншылықты басынан кешкенін, тағдырдың сынағымен мүгедек болып қалғандағы қайғы қасіретін айтқан  болатын. Осыншама сынақтан аман өтіп, дертінен айығып, Заман Төлеуовке жолықтырған тағдырына шексіз алғысын айтқан Гүлмираның әйелге тән қайраткерлігіне тәнті боласың.

«Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жаман әйел жақсы еркекті надан етеді» дейтін тәмсіл осындайда айтылса керек-ті. Бұл арада да оқырман теріс түсінбеуі керек. Бұл халық нақылы. Өмірде алуан түрлі оқиға болады. Ер азаматтың бағын жандыратында, солдыратында әйел! Тағдыр тәлейі Заман Төлеуовті аз сынамаған. Ол  өмірдің бұралаң жолдарынан бірде сүрініп, бірде қайратын жыйып, шығармашылығына арқа сүйеген тұлға. Екі жарты бір-бірін кештеу тауып, екі жүрек теңіз болып тулағанын жазушының жары Гүлмираның жырларынан аңғаруға болады.

 

Зар-мұңға баттым, Заманым

 

Жер-Ана – Мәңгі бұл бесік!

Рухыңмен үнсіз тілдесіп,

Сен жайлы жаным, Тұңғиық,,

Отырмын тағы, мұң кешіп.

 

Құладың неге терегім,

Қан жұтты неге жүрегім?!

Сенсіз де бұрын сенделіп,,

Жұбаныш таппай жүр едім…

 

Қуанып еді жанарым,

Жолықтырғанда жаңа күн…

Онсызда мұңлы жанымды,

Ойсыраттың-ау, Заманым!

 

Жан едің жайсаң, тым дарын,

Еркелетушең сұңғағым.

Аңырап қалар артыңда,

Білмеппін мұндай күн барын.

 

Жанымның мөлдір бұлағы ең,

Дірілдеп бітті мына дем…

Қасірет тұрған қайғыма,

Таба алмай жүрмін деп жылап ем.

 

Жыртақай күндеп жылыстап,

Мен қалдым мұңды уыстап.

Топырақ астын жылытып,

Сен жатсың мәңгі тыныстап.

 

Өзіңмен өткен абатты,

Күндер-ай қайран қанатты…

Көрпемді жаспен суғарған,

Өзіңсіз тағы таң атты…

 

Сарқылып бітті дәрменім,

Жауабын таппай әр ненің.

Айырған шексіз Аллаға,

Жүрмейді титтей пәрменім.

 

Түбі жоқ азап құлдықтың,

Өтуде сенсіз ілбіп күн…

Байлаулы мен бір тағдырға,

Ілініп тұрған мұңлықпын.

 

Айналам сенсіз тас түнек…

Қараңғы… қайтып жазайын.

Сорғалап тұрған тамшылап,

Жарамды қайтып жазайын.

 

Не дейін саған үрие-ай,

Дүрмегі сәттік дүри-ай.

Жұбатып тұрып жылатқан,

Жұмбаққа толы дүние-ай…

 

Жүректегі жараның жазылуы  уақыттың еншісінде. Ал жазушының ұрпағына қалдырған шығармалары мәңгілік. Енді Көлбай атындағы орта мектептің түлектері жазушы  Заман Төлеуов пен ақын  Жаңгелді Немеребайдың сыныбына кірген сайын ағаларындай бірі жазушы бірі ақын болғысы келетіні хақ! Заман Төлеуов жайлы осы кешке келген қонақтар көсіліп сөйледі.

Жары Гүлмираға алғыстарын жаудырды.  Әттең осы жылы сөзді, пікірді, қошеметті жазушы көзінің тірісінде көргенде ғой деген ой кеудеміздегі жұдырықтай жүректі тырмалады. Сол қазақы қалпымызға салып, ештен кеш жақсы деп өзімізді-өзіміз жұбаттық. Заман ағаны бұған дейін тек қана жары мен көзі көрген замандастары ғана еске алса, енді жазушының есімі жылдан-жылға асқақтай беретін болады.

Жылда әдебиеттен оза шапқан Көлбай атындағы орта мектептің түлектері Заман Төлеуов атындағы стипендия алып тұрады. Ал, Жангелді ақын қырықтың қырқасында есімі алаш жұртына танылған шайыр. Мұндай құрметкен лайықты деп ауылдастары елеп-ескеріп, есімін әспеттеп жатса, өзіне артылған жауапкершілікті сезінген Жангелді ақын  шығармашылығын шыңдай  түсетініне бізде кәміл сенеміз. Мақала басында айтылғандай талантты көзінің тірісінде бағалап, құрметтегенге не жетсін. Ауылдың қара домалақ баласы, Алланың бойына берген табиғи талантын ұштап, оқырманға «Қар гүлі», «Ай туған сәт» атты жыр жинағын ұсынып үлгерді.

–  Алла өмір берсе, елдің құрметін кірлетпей жырларымды жаза беремін. Бұл маған күш-қайрат, жігер береді. Ақындар арасында «Ақындар ауылда туып, алматыда өледі» деген қағида бар.  Мен  туған өлкемнен жырақтадым. Облыс орталығына қоныстанғанымның өзі бертінде ғана. Екі күннің бірінде туған өлкеме келіп тұрамын. Туған жерге-елге деген сағынышым  бір басылған емес.

Әкемнен қалған қара шаңырақты сатып жібергеніме ішім удай ашиды. Келген сайын, сол қара шаңырақта отырған жанұяға сәлем беріп шығамын. Әкемнің ерте тұрып мал өргізген сәті көз алдымнан бір кетпейді. Жырларымның да басым бөлігі туған өңіріме арналған. Балалық шағымнан шыбықты ат қып мініп асыр салған күндерім, кекілімді жел тербеп бозбала шақта асыр салған ауылым алтын бесігім, кір жуып кіндік кескен топырағынан нәр алдым. Бойымдағы ақындық қасиетте осы туған өлкеден жұққан маған», – дейді Жангелді шайыр.

Жазушы мен ақын бір сыныпқа қалай ғана сыйып тұр екен деп ойлап кабинетке кіріп көрдік. Жазушының жары Гүлмира кабинетті жабдықтауды жан-жақты ойластырып, техникалық жабдықтарға дейін қамтыпты. Қымбат  қызыл ағаштан жасатқан  бұйымы, бұтағын кеңге жайған алып бәйтеректі көз алдыңа алып келеді. Оның  бір тармағында  заман ағаның шығармалары тұрса енді бір тармағында ақын Жангелдінің шығармалары.

Жасыратын несі бар ақын-жазушыларға арналған мұражай, мектептегі бұрыштарға барсаң бәрі бір сарынды болады. Ақынның жиналған кітаптары, шыққан мақалалары, қолданылған заттары тұрады. Ал бұл әдеби сынып әлемдік стандартқа сай жабдықталған. Мың рет естігеннен бір рет барып көрген артық болар. Кеш соңында Жангелді Немеребай  мен Заман Төлеуов жайлы мектептің әдебиет пәнінің мұғалімі Найман  Ерғазиннен  пікір сұрадық.

Ең алдымен Жетісу облысы білім басқармасының Алакөл ауданы бойынша білім бөлімі’ мемлекеттік мекемесінің Көлбай орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры  Касымжанова Махаббат Нұрсоветқызына,  мектеп ұжымына, мұғалімдер қауымына, шын ниетімен дайындалған оқушыларға алғыс айтқым келеді. Әдебиет – адамзаттың ақ сәулесі деген еді Заман аға. Сол сәуленің шуағы мол,  шырағы ұзақ болсын.

Баяғыда бір жаулаушы хан анасы мен ақынын құрмет тұтқан елді жеңу мүмкін емес деп аттың басын кері бұрған екен. Сол айтқандай, бүгінгі күнде қыл қаламын қолға алып, өмірде болып жатқан жақсы-жаман дүниені сүйіне де күйіне жазып, жырға қосқан ақын-жазушылардың еңбегін бағалай білу əр адамның міндеті. Олай ету оқырманның ой-өрісінің тереңдігін, əдебиетке, мəдениетке деген махаббатын білдіреді.

Сонау бір жылдары Көлбай ауылы Көлбай орта мектебінде облыс көлемінде үлкен-кіші қатысқан əдебиетке байланысты іс-шара өтті. Кештің негізгі себепкері ақын ретінде елге  енді-енді таныла бастаған, аудандық, облыстық жыр мүшәйрасының жеңімпазы атанып үлгерген ақын, шəкіртім Жангелді Темешұлы Немеребай еді.

Мектеп ұжымы кешегі шəкіртінің тұсаукесер тойына тыңғылықты дайындалып, келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды.

Облыс  орталығынан  əдебиет сүйер игі жақсыларды бастап, танымал ақын Əбен Дəуренбеков ақсақалдың өзі келгені кештің шырайын кіргізді. Іс-шараны Жангелдінің ұстазы ретінде қазақ тілі мен əдебиеті пәнінің мұғалімі өзім аштым. Кезінде Əбен ақсақалдың Жангелдіге жарқын болашақ тілеп, құшағына қысқаны əлі көз алдымда. Абыз ақынның жылы лебізіне риза болған көрермен дуылдата қол соққан болатын.

Ақсақалдың батасын алған жас ақынның жанашырлары Əбекеңнің иығына қазақы дəстүрмен шапан жапқан еді. Айтпақшы қазақтың Әбендей шайыры келген сапардан кейін Жангелді Жан сері атанған еді», – деп шәкірті жайлы жылы лебізін білдірді. Жангелдінің ақын болып қалыптасуына Жетісудың бас ақыны Әбен Дәуренбеков дәнекер болғанын Жангелдінің өзі де күні бүгінге дейін аузынан тастамай айтып жүреді.

– Сері деген атақты теліп бергенде Әбен ағам, аралас-құраласқан шығармашылық адамдарынан бөлек, жолдасжора , туған-туыста мені Жансері дейді. Әруағыңнан айналайын «Әбе ағам» менің ақындығымды алғаш сынағанда осы кісі. Әбен ағамның жырларын жатқа айтушы едім, алғаш кездескенде өзінің  шығармасынан 

«Қызықпай атаққа да мансапқа да,

Өмірден өтсем деп ем ән сапқана.

Бір тұяқ тоты құстан қалды ма деп,

Ойымды жүгіртемін сан-саққа да» – деген өлеңін оқып беріп, батасын алғанмын. Жарықтық аузын ашса көмекейі көрінетін  аңғал кісі еді, – дейді Жансері ақын. Иә ұстазы жақсының ұстамы жақсы болатынын  тәлімгерінен байқауға болады. Жангелді де Әбен ағасындай адуынды ақын боларына еш күмәніміз жоқ. Міне, Көлбай ауылындағы орта мектепте жазушы Заман Төлеуов пен ақын Жангелді Немеребайға арналған әдеби сынып кешінен көңілге түйген бір түйін сыр осы ағайын!

Осы бастаманы көтерген Көлбай орта мектебнің директоры Махаббат Нұрсоветқызына, мектеп ұжымына үлкен алғысымызды айтамыз. Ақын да, ғалымда, инженер де, ғарышкер де, мектептен білім алып,  ой-өрісін ұштап, арманына қанат қағып ұшқанын еш уақытта ұмытпайды. Соның бірі де бірегейі жазушы Заман Төлеуов пен ақын Жангелді Немеребай. Өз заманының жыршысы мен қара сөздің зергерлерін ел-жұрты ардақтап, болашақ шәкірттерге үлгі ретінде көрсетіп, ардақ тұтуы құптарлық іс. Бұл  болашақ ұрпақ үшін таптырмас бұлақ көзі. Бұлақтан құмары қанғанша сусындаған шәкірт елдің де, жердің де атын шығаратыны хақ!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ