Қылмыс әлімжеттіктен басталады
Елімізде жасөспірімдер арасында бір-біріне әлімжеттік көрсету жағдайлары көбейіп барады. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық басылымдарды парақтай қалсаңыз бірін-бірі өлімші етіп сабаған балалар туралы жаңалықтар тіптен жарысып шығады. Тек сәуір айының өзінде жасөспірімдердің бір-біріне деген аяусыз әрекеттері Жетісу, Алматы, Түркістан облысы мен Семей, Атырау қалаларында тіркеліп үлгерген. Бұл бір жылдың көрсеткіші емес, тек үш аптаның ішінде болған жағдайлар.
Жетісу өңірінде тіркелген балалар арасындағы әлімжеттік алтыншы сынып оқушысының мектеп ауыстырғанынан басталған екен. Ол сыныптастарының тарапынан жәбір көрген. Алайда ұзақ уақыт бойы бұл туралы ата-анасына да, ұстаздарына да тіс жармаған. Баласының мінез-құлқындағы өзгерістерді байқаған анасы ұлымен жақын сөйлесу арқылы істің мән-жайын анықтап, дереу ұстаздармен біріге отырып жәбірлеуді жою үшін шаралар қабылдаған. Дер кезінде қолға алынған бұл істің ақыры жақсы аяқталды. Дегенмен үнсіз қалып, іштен тынған осындай қаншама жасөспірім әлімжеттік көріп, ақырында өз-өзіне қол салуға дейін барып жатады. Осыған орай Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өз пікірін білдірді. «Бұл мәселені шешу – мектептің, колледждің және басқа да білім беру ұйымдарына ғана тиесілі емес. Бұл жалпы қоғамға ғана емес,ондағы құндылықтарға байланысты. Бала тәрбиесіне келгенде ата-ана немесе мектеп деп шектелмей, барлығы бірге жұмылып жұмыс істеу керек. Ең бастысы балалар мен жасөспірімдерге кез-келген қиындық туындаса оны жақындарымен бөлісуге болатынын жастайынан үйреткен жөн. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейді. Егер әлімжеттік көріп жүрген балалар үнсіздік танытатын болса біз көмектесе алмаймыз, – деді ол. Соңғы екі аптада тіптен көбейген бұл жағдайға Президентіміз де ерекше назар аударып, үкіметтің кеңейтілген отырысында балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керектігін айтты.
Қазақстандық құқық қорғау органдарының көрсеткен статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, елімізде әрбір бесінші оқушы әлімжеттіктің құрбаны болады екен. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел болашағы екенін ескерсек, әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың тамырына бүгіннен балта шабу керек. Ал ол үшін балалар мен жасөспірімдер және олардың ата-аналары, жалпы қоғам үнсіз қалмай, қазірден әрекет істесе, жағдайдың жақсарары анық.
Айдана СМАҒҰЛ