Жанармай бағасы өсті, азық түлікте қымбаттайды
Мұнай бағасы көтерілсе іле-шала азық-түліктің де бағасы көтеріледі. Онсыз да шықпа-жыным, шықпа деп әрең отырған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін бұл жығылғанға жұдырық болады-ау деп отыр ел-жұрт. Жаңадан құрылған үкімет жанар-жағармай мен газ бағасы көтерілетінін халыққа алдын ала айтты. Онсыз да базарлар мен сауда үйлеріндегі азық-түліктің бағасы шарықтау шегінде тұрғанда жанармай мен көгілдір отын қымбаттаса, коммуналдық төлемдердің бағасы қатар өсетіні айтпаса да түсінікті.
Базарға барсаңыз жеміс-жидек, көкөністердің бағалары шарықтап кеткенін бірден байқайсыз. Мысалы құлпынайдың бір килогарамы – 3000 теңгеден болса, киви – 1000, банан 700-900 теңге. Шет елден тасымалданатын жемістерді айтпағанда өзіміздің өңірдегілері де қымбаттаған. Қала базарында қияр мен алманың бағалары 800 теңгеге дейін көтерілсе, қызанақтың орташа бағасы 1500 теңге болып тұр. Бұл тек көкөністерге қатысты бағалар. Ал ет, май, сүт, шұжықтың бағасы тіптен шарықтаған. Әсіресе, еттің бағасы удай қымбат. Енді баға тағы көтерілсе, қара халық қатықсыз қара су ішетін күйге түсері анық.
Бүгінде майлы етке қолы жетпегендер тауықтың санын алып күн көруде. Оның да бағасы төмен дей алмаймыз. Қаладағы әр сенбі күні ұйымдастырылатын коммуналдық базардағы халықпен тілдесіп көріп едік «баға сұмдық, тапқанымыз ас суымыздан артылмайтын болды» деген шағымдарын айтты. Халық жанармай бағасы тағы көтерілсе азық-түліктің шектік деңгейі қандай дәрежеге бармақ деп алаңдаулы.
Жыл сайын жыры таусылмайтын жанармайдан жапа шегіп жатқан баяғы сол қара халық. Марқұм жазушы Шерхан Мұртаза «Алтын сандықтың үстінде отырып ұртымыз майланбады. Бар байлықты ат төбеліндей тобырлар бөліп алып, қазба байлықты шетел асырып отыр» деп депутат кезінде Парламент үстелін тоқпақтап отырушы еді. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрсақ та мал өсірумен айналысатын шаруалар жер тапшы деп күнде айқай-шу шығарып, көгілдір экраннан түспейді.
Кезінде гектарлап қара жерді үлеске салғандардан жерді қайтарып алу оңайға соқпай тұр. Азуы алты қарыс бай-манаптар меншіктеп алған жерлерін оңайлықпен қайтарып бере қоймас. Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық. Жанармай да қазақтың жанды жеріне тиіп тұр. Еліміз мұнай бойынша әлемде төртінші орында тұрса, көгілдір отын бойынша сегізінші орында тұр. Десекте мұнайдың жыры таусылмайтын қиса дастанға айналды. Республика бойынша дизель отынының жалпы қоры 308,56 мың тонна. Бұл жөнінде «жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын болдырмау үшін өңірлердегі мұнай базарлары тексерілмек» деп хабарлады Qaz365.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жанар-жағармай нарығындағы жағдай бойынша кеңес те өтті.
– Республика бойынша дизель отынының жалпы қоры 308,56 мың тоннаны құрайды. Бұл 2023 жылғы 1 қаңтардағы қормен салыстырғанда 59 мың тоннаға артық. Сонымен бірге, кейбір өңірлерде жекелеген жанармай құю бекеттерінде дизельдік отынды сатуға шектеу қойылды. Сондықтан жанар-жағармайдың ішкі нарығын қамтамасыз ету мақсатында мыналар тапсырылды:
– Облыстық штаб жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызбау мақсатында облыстық мұнай базаларына комиссиялық тексеру жүргізу жөнінде шаралар қабылдасын;
– Заң бұзушылық фактілері болған жағдайда, тиісті мемлекеттік органдар нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы немесе үстемдік әрекеттеріне тексеру жүргізілсін, – деп Үкімет басшысы нақты тапсырма берді. Оны орындау жергілікті биліктің міндеті. Алайда мұнай бағасы кәсіпорындардан тиісті жерге жеткенше сан құбылады. Себебі оны тасымалдаушылар мен арада жүрген делдалдар бағаны қолдан көтеріп жібереді деген қауіп бұрыннан бар-ды. Ғаламтор желілерінде Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекетінде жанармайдың бағасы жоғары болғандықтан олар мұнайды Қазақстаннан тасымалдап жатыр. Бұл туралы видеороликтер де тарап жүр. Кеден бекетінде ұсталған өзбекстандық ауыр көлік жүргізушілері жанармайды Қазақстаннан арзан бағада алу үшін көліктерінің бактерін шамадан тыс ұлғайтып алғандарын жасырмады. Бұл жөнінде «Azattyq Ruhy» агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлаған болатын.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері өңірдегі қазақ-өзбек шекара бекеттері арқылы заңсыз мұнай өнімдерін тасымалдаудың 94 дерегін анықтаған. Энергетика, қаржы, ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығына сәйкес еліміздің аумағынан мұнай өнімдерін көлікпен алып шығуға 6 айға тыйым салынды.
Қолданыстағы заңға сәйкес бензинді шетел азаматтарына 450 теңгеден 300 литрден артық сатуға тыйым салынған. Алайда сыбайластық пен пайда күнемдікке жол берген кейбір кәсіпкерлер заңды белінен басып, көрші елдің азаматтарына жанармайды қазақстандық бағамен және артығымен саудалағаны дәлелденді. Қазір осы іс бойынша тергеп тексеру амалдары жүріп жатыр.
– Заңсыз жанар-жағармай алып өту ҚР ҚК 197- бабында көрсетілген. Егер де тасымалдаушы мұнай өнімдерінің нақты құжаты болмаса, 40 күнге дейін қамауға алынады. Залал мөлшері көп болса, 3-тен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ұйымдасқан қылмыстық топ болса, одан да көп мерзім көрсетілген, — деді экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ерлан Дәуренов.
Осы арада жең ұшынан жалғасқандар мұнай бағасының өсуін қолдан тудырып отырған жоқ па деген ой туындайды. Арзан жанармайға көрші елдерден сабылып жатқандарға мемлекет бекіткен тиісті бағада сатпай шексіз мөлшерде тасуға жол берген аш көздер ел экономикасының тамырына балта шабуда. Міне жоғарыдағы жанар-жағармайдың ішкі нарығын қамтамасыз ету мақсатындағы үкімет тапсырмалары қаншалықты жүзеге асатынын осы жағдайлардан кейін мөлшерлей беріңіз.
Жанармайдың қымбаттауына байланысты экономистердің қандай пікірде екеніне зер салып көрейік.
Ғаламтор желісінде өз пікірін білдірген экономика ғылымдарының кандидаты Күлян Нұрсұлтанова өз ойын келесідей жеткізді.
– Елімізде жанар-жағармай бағасының өсетіні белгілі болды. Экономист ретінде бұл ең қажетті шара деп есептеймін. Негізінен бұл проблеманы шешуді қазір емес, осыдан 30 жыл бұрын бастау керек еді. Сонда бұл салада жыл сайын ешқандай мәселе туындамайтын-ды. Жасыратыны жоқ, бірқатар елдердегі жанар жағармайдағы баға бағамын Ресейдегі ахуал шешеді. Ал бізде бұл салада еркін айналым бар және де алып-сатуға ешкім де шектеу қоя алмайды. Соның салдарынан біздің арзан бензиніміз көрші мемелекеттерге кетіп жатыр. Ресейге қарағанда елімізде жанар жағармайдың арзан болуы да сондықтан. Қалай десек те қазіргі елімізде мұнай өңдеп тұрған үш зауыт Қазақстанның жанар-жағармайға деген сұранысын толық өтей алмай тұр. Сол себепті елімізде жаңадан мұнай өңдеу зауытын салуды 30 жыл бұрын бастап кету керек еді.
Мен мұнай өндірісінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Сол 90-жылдардың басында-ақ жаңа зауыт салу мәселесі көтеріліп келгені әлі есімде. Алматыдағы экономика және нарықтық ресурстар институтында Одақтық Экономика комитетінің тапсырысы бойынша Мемлекеттік жоспар жасақталды. Онда еліміздің өндірістік қуатының, соның ішінде зауыттардың да жалпы схемасы болды. Міне, осы өндірістік нысандар ішінде Маңғыстау облысынан жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын салу да жоспарға енгізілді. Тіпті, орны дайындалып қойғаны да айтылып жүрді. Қазір ол жоба қайда? Зауыт алаңының орны бар ма? Болса қай жерде? Белгісіз! Әрине, бензин бағасының өсуіне халықтың көңілі толмайтыны анық.
Бәрі қымбаттап жатыр, бірақ жалақы көтерілмей тұр. Десек те Үкімет бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатқанын естен шығармау керек. 2019 жылы еліміздегі ең төменгі еңбекақы 40 мың теңгеден сәл асса, қазір 70 мың теңгеге жетті. Өсім бар! Қалай десек те, қазіргідей қымбатшылық екі өкпеден қысқан заманда жанар жағармай құнын қолдан ұстап тұрудың қажеті жоқ. Тым болмаса, бұл мәселе осыдан 10-15 жыл бұрын шешімін тапқанда, мүмкін, бүгінгідей қиын ахуал орын алмас па еді?! Қайткенде де бағаға қатысты мәселені шұғыл шешпесек бұл төңіректегі түйткілдер күрделене түседі. Мәселе келер жылы, одан арғы жылдары да бас көтере береді. Рас бұл бағытта атыраулық жүргізушілер өз ұсыныстарын да білдіріп жатыр.
Соның бірі – жанар-жағармай қымбаттаған жағдайда транспорт құралдарына салынатын салықты алып тастау немесе азайту. Әрине, мемлекет ұсыныс-пікірлерді де аяқсыз қалдырмауы керек деп есептеймін. Бұл өз кезегінде мәселенің оңтайлы шешілуіне септігін тигізеді. Сөз соңында тағы да қайталап айтамын: бұл мәселе бүгін шешілмесе, онда жыл сайын «жырға» айналып, қайта-қайта бас қатыруымызға тура келеді. Сондықтан бензин мен дизель мәселесін енді ертеңге қалдырудың қажеті жоқ. Осылай қайталана берсе, жағдай ушыға түседі. Мен, әрине, барша қазақстандықтар секілді қарапайым халықтың қымбатшылықтан зардап шекпегенін қалаймын. Бірақ экономика сауықтыруды талап етеді. Ал оның бірден бір жолы – жанар-жағармай бағасын көтеру, – дейді экономика саласының эксперті.
Нарықтық жүйенің қағидаларын сонау 90 жылдары ескеріп, Маңғыстау өңірінен зауыт салуды 30 жыл бұрын ескерген ескі билік қолға алған жоспарды орта жолға тастап, тек шикізатты сатумен айналысып келгенін, Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыттың өндірген өнімдері елді толық қамти алмай отырғанын экономист Күлия Нұрсұлтанова нақты дәлелдермен айтып берді. Енді жанар-жағармайға қатысты істі жаңа Қазақстан құрып жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нақты қолға алып, жанармай нарығындағы баға қайта қаралмаса елдің экономикалық жағдайының күрт нашарлауы әбден мүмкін екенін айтуда.
Ал экономист Бақтыбек Таубаев «Бұл дегеніміз қазақстандықтардың әл-аухатына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан үкімет осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Негізінен нарықтық экономикада баға сол кездегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты қойылады. Оны мемлекет өзінің функцияларымен реттеп отырады. Алайда кейде бағаны тұрақты ұстай алмай қалатын кездер де болады. Ал бүгінгі ұстанған принцип объективті талаппен жүзеге асырылып отыр. Ендеше бұған үлкен қорқынышпен қараудың қажеті жоқ. Бұл өзгеріс экономиканың алға жылжуында дер кезіндегі демеу деп ойлаймын. Әрине бағаның өзгерісі елде бастапқы кезеңде қиындықтар тудыруы мүмкін. Бірақ әрбір адам мұны экономикамыздың қарқын алып кеткенге дейінгі уақытша өзгеріс екенін түсінсе барлығы оңалары сөзсіз. Егер баға өзгеріссіз қалса, онда біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз», – дейді. Жанармай бағасы өскен соң азық-түліктің де бағасы өсетіні анық. Қазірдің өзінде Жетісу өңіріндегі «Калпе» сауда орнында сүттің 6%-ы 400 теңге, сұйық майдың 5 литрі – 2900 теңге болып кеткен. «SMALL» сауда үйінде де біраз қымбаттауларды көзіміз шалды. Мысалы маргариннің жарты килограмы 655 теңге, қырыққабат – 630 теңге, шұжық – 2319 теңге болып кеткен.
Жанармайдың бағасы сәуір айының 16-жұлдызынан бастап көтерілді. Нақтырақ айтсақ бұған дейін Ай-92 –184, Ай-95 – 205 теңге болса, қазір Ай-92 – 205 теңге, Ай-95 – 230 теңгеге көтерілген. Дизель отыны бұған дейін 230 теңге болса, қазір 295 теңгеден сатылуда. Онсызда шаруалар екі айдан бері жанар-жағармай таппай егін науқанын кешеуілдетіп жатқандарын айтқан болатын. Енді оған азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлемдер бағасының көтерілуі қосылды. Жағдайға байланысты мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтындардың айлығы біршама өсер, ал жекеменшік орындарда жұмыс істейтіндердің еңбекақылары өсе қоймасы айдан анық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, бұл жағдай несие төлеп, тапқандары ипотека мен күн көрісінен артылмай отырған жанұяларға ауыр соққы болып тиері сөзсіз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жанарларынан жас, қабақтарынан мұң арылмайтыны хақ…
Айтақын МҰХАМАДИ