Балалар тәрбиесі бақылаудан шығып кетті

0
566

«Алты Алаш түгел жыйылса, төрдегі орын  мұғалімдікі» деген қадір-қасиеттен мұғалім атаулы  жұрдай болды. Төрдегі орын босағаға сырғыды. Бұрын ұстазды көшеде көрсе айналып қашатын оқушы   бүгін   мұғалімді сабайды. «Еті  сенікі сүйегі  менікі»  деп   баласының сауатын ашу   үшін  молдаға   оқуға берген   ата-ана  қазір баласын қызғыштай қориды. Мұғалім балаға зекіп қойса  әлеуметтік желіге салып, соттан-сотқа сүйрейді. Сөйте тұра  «баламызды мектепке не үшін бердік» дейді. Мұғалім  беделінің  мұншалықты төмендеуіне кім кінәлі?

Құқық қорғау органдары әлі күнге дейін білім саласына тексеру жүргізіп келеді. Жалған дипломмен сабақ беріп жүрген мұғалім сымақтардың талайы әшкере болды. Айтуға  аузың бармайтын  тағы бір  қылмыс мұғалімнің  оқушыға көрсеткен зорлық-зомбылығы, одан қалса бұрын сотты болғандардың ұстаздық мәртебеге ие болуы.

Құқық қорғау органдары әлі күнге дейін білім саласына тексеру жүргізіп келеді. Жалған дипломмен сабақ беріп жүрген мұғалім сымақтардың талайы әшкере болды. Айтуға  аузың бармайтын  тағы бір  қылмыс мұғалімнің оқушыға көрсеткен зорлық-зомбылығы, одан қалса бұрын сотты болғандардың ұстаздық мәртебеге ие болуы. Осыдан кейін мұғалімде бедел қалды ма? Оқушы мен мұғалім  қызыл шеке болып соғысып жатқаны әлеуметтік желіде жаңалық болып таралып жатады.

Жағаңды ұстап, таңдайыңды қақтырып, басыңды шайқататыны кәмелеттік жасқа толмаған   ұлдар да, қыздар да бір-біріне әлімжеттік көрсетіп, жығылғанды жұдырықтап,  жабылып бас-көз демей тепкілеп жатқанын қандай тәрбиеге жатқызуға болады. Оның арты қайғылы қазаға  ұласуда,  өрімдей жастар  «неге тас жүрек болып кетті?» деген сауал сананың шаңын қағады. Бала тәрбиесі неге бақылаудан шығып кетті?… Бәріне тек мұғалім ғана жауапты ма? Ата-ана қайда қарап жүр?…

Осы бір айдың ішінде, әлеуметтік  желіде оқушылардың айқай-шуы  құлақты жарып,  төменнен жоғарыға дейінгі  шенділерді, құқық қорғау органдарын аяқтарынан тік тұрғызды. Жетісу  облысы Қаратал  ауданында оқушы мұғаліммен жаға ұстасып қалғаны жайлы ақпаратты  өңірдің прокуратурасы растады. Оқиға Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы мектептердің бірінде 14 сәуірде болған. «Сабақ   арасындағы  ұзақ үзіліс кезінде мұғалім мен оқушы арасында кикілжің туындап, ұстаз оқушыға ескерту жасаған, ал бұл жайт  тентек оқушыға ұнамаған көрінеді. Мұғалім аурухананың көмегіне жүгінбеген, полиция қызметкерлеріне арыз жазудан бас тартқан. Ауданның прокуратурасы барып мектепте профилактикалық жұмыс жүргізген.

Ал оқушының ата-анасы баласын басқа аудандағы мектепке ауыстыру жөнінде шешімге келген. Жауапты мекемелер оқиғаны қадағалауға алғаны  айтылады. Мұғалімге жұдырық ала жүгірген 8-сыныптың оқушысы  екені анықталған. Бұл мектептегі жағдай. Мұғалімнің ескертпесіне жүйкесі сыр берген тентек жұдырық ала жүгірердей қандай жағдай болды. Өзінен үлкенге кішінің құрметі қайда?  Ұстазын неге сыйламады? Мұғалімнің оқушыдан таяқ жеуінің өзі қандай этикаға жатады? Ата-анасын жерге қаратып, басқа мектепке ауысып жатқан оқушы осымен тентектігін тыйса жақсы, әрі қарай ушықса не болады. Ата-анасы бала тәрбиесінде қандай қателік жіберді? Кез-келген ата-ана сабақтан тыс уақытта «бала немен айналысып жүр, мінез-құлқында өзгеріс бар ма?» деп бақылауды күшейтуі керек қой. Өтпелі жаста (перехадной возрост) алып-ұшып тұрған жасөспірімге жамандықтан аулақ болуын, мұғалімді қадірлеуді  жанжал төбелестерден  аулақ жүруді ұдайы құлағына құйып тұруы шарт.

Алайда, мұндай тәлім-тәрбиені барлық ата-ана орындап жатқан жоқ. Оның үсіне ұялы телефондағы түрлі анайы атыс-шабыс төбелестерді емін-еркін көріп жүрген бүгінгі жасөспірімдердің еліктегіш келетінін ата-аналар біле тұра білгілері келмейді. Жұдырық ала жүгіргендер мұнымен бітпейді. Әлеуметтік желіде, тағы бір видео тарады. Қай өңірде екені жазылмаған. Мұғалім ескерту жасап, сыныптан шық деген тентек оқушы  мұғалімнің өзін итермелеп сыныптан шығарып жіберіп есікті ішінен жауып алады. Сыныптастары мұның дұрыс емес деп айтудың орына  бәрі қарқылдап күліп отыр. Бұл мұғалімді қорлау емес пе? Мектептің ішіндегі жағдай осы. Мектептен тыс болып жатқан сүреңсіз оқиғалар қып-қызыл төбелес. Бозбала да, бойжеткен де, топ-топ болып төбелесіп, әлімжеттік көрсетіп жүр. Ұлдар төбелессе, «ер шегіспей бекіспейді» деуге болар еді.

Ерлерден асып, қыздар жұдырықтасып, аяқ-қолдары бірдей қимылдап әлдісі әлсізін талдырып, шешіндіріп, оны әлеуметтік желіге жариялап жүрген де өздері болып тұр. Абай облысында оқушы қыз соққыға жығылды. Қазір ата-аналардың, психологтардың қатысуымен тергеу шаралары жүргізілуде. Полицияға оның құрдастары – өзге оқушы қыздар ата-аналарымен бірге жеткізілді — деп, хабарлайды polisia.kz. порталы. Бұл төбелесті полицейлер Семей қаласының әлеуметтік желілеріне мониторинг жүргізу барысында видео жазбаны  анықтаған. Онда қала мектептерінің бірінде оқитын қыздар өзге қызға дене жарақатын салған.

«Оқиға 10 сәуір күні Семей қаласында болған. Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, төбелеске қатысқан барлық қатысушы анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Сұмдық қой бұл. Нәзіктігі өне бойынан көрініп тұруға тиіс өрімдей бойжеткендердің құрбыларын аяусыз соққыға жығуын немен түсіндіруге болады. Шығыс Қазақстан облысында сауда үйінде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар құрбысын бас-көз демей жұдырықтап, тепкілеп, шешіндіруге дейін мәжбүрлейді. Бұл оқиға наурыз айында болып, видео сәуір айында жария болған. Бұл факт ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі бойынша Өскемен қалалық Ертіс полиция бөлімшесінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын  ШҚО ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Қыз балалардың осыншалық қатыгездікке баруы, аяушылық сезімдерінің өліп қалуы қоғам үшін қорқынышты емес пе? Тарап жатқан ақпараттарға қарағанда жәбір көрсеткен қыздар спортпен айналысқан, әрі маңайларын өз орталарын үреймен ұстайтын көрінеді. Бұлар қайдан шыққан рекеттер, ата-аналары кімді тәрбиелеп отыр? Айтпақшы жәбір көрсетуші қыздың анасы білім бөлімінде қызмет жасайтыны анықталды. Шулы оқиға  бұрқ ете қалғанда қызметінен арыз жазып, кетіп қалған.

Жәбірленуші қыз «ұрмашы» деп жалынса да «айқайлама, шешін» деп  айтқанын жасатып, тепкінің астына алады бейнетаспада. Осы – қыз балаға тән қылық па? Анасы білім саласында қызмет жасаса, ұстаз отбасынан шыққан бойжеткенге ата-анасы қандай тәрбие берген. «Жолыңдағыны жапырып өт, әлсізді аяма, алдыңда тұрса ұр, артыңа келсе теп» деп, тәрбие бермеген шығар. Тараған ақпарат шынайы болса, қызғаныштан ұрған десе-ді. Ол не қызғаныш. Жігітке таласқан ба, әлде басқадай мәселе ме?

Қандай қызғаныш болса да, осыншалық жәбір көрсетердей, кектенердей,  шешіндіретіндей, жәбірленушіні қорлайтындай, тентек қызға не болды екен.  Ертең ол қыз қандай ана болады.  Сұмдығы сол, қасында тұрған қыз «бетінен ұрма бүйрегінен ұр» деп, дем беріп тұр. Арашалау деген атымен жоқ. Бұл жаға ұстатарлық сұмдық оқиға қоғамда қызу талқыға түсіп, жәбір көрген қыздың әпкесі Тоғжан Досымбекова БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

«Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр» деген  жәбір көрген қыздың әпкесі ресми деректерде шындық ашып айтылмай жатқанын айтады.

– Сіңілімді соққан қыздардың бірі телеграмда топ ашқан. Оқиғаның бастауы сол жерде. Ұрып-соғу ғана емес, ұрлық, бопсалау да бар. Сіңілім «ол ақшаны не істейсіңдер» деп сұрағанда осы түсірілген видеоны таратып жібермес үшін деп түсіндірді, – деді әділдік іздеген әпкесі. Жәбірленуші қыз ауруханаға жатқызылып, екі апта емделгенін сондай-ақ, білім басқармасы мен полиция департаменті ұсынған мәліметтің барлығы жалған екенін айтуда.

– Білім басқармасы мен колледж тарапынан ешқандай шара қолданылған жоқ. Бейнежазба тараған соң министрлікке шығып, наразылық білдірдім. Видеоның барлық жерден өшірілуін сұрадым, – депті Тоғжан Досымбекова.

Ал білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның айтуынша, жәбірленуші тарап қандай да көмектен бас тартқан.

Бейнежазба бар. Колледж әкімшілігі қыздың денсаулығы болмай тұрғанын айтқан. Заңгерлік көмек те ұсынылды. Алайда қыздың жақындары мұндай көмек алудан бас тартқан. Қажет болса, қолдары қойылған хаттама бар, – деді Инесса Чернышева. Жәбірленуші тарап айыптап, білім басқармасының тарапынан ақталып жатқаннан қоғамға келер пайда бар ма? Қылмыстың аты қылмыс. Оның үлкен кішісі болмайды. Оның үстіне қыздың тәрбиесі жан түршіктіріп тұрса, не істемек керек. Бәрінде заң аясында шешеді делік. Жас қой, жастықта не болмайды деп, жеңіл-желпі жазамен құтылып кетсе, жұдырығымен аяғына сенген бойжеткен сонымен тентектігін тыйса жақсы. Тыймаса не болады, жәбірленушінің әпкесі айтқан ұрып-соғудан бөлек, бопсалау, ұрлық  фактісі рас болса ше? Онда қандай жаза қолданылмақ.

«Қызым үйде, қылығы түзде» деген ата-ана қыздарының аты жер жарып, әлеуметтік желіні шулатып жатқанына қуанып жатпаған шығар. Атақ-абыройларына кір жұқтырған қыздары шынымен бопсалаушы, ұрлыққа қатысы болса, онда тәрбиені қолдан шығарып алған қыздың ата-анасын жұмыстан босатып қана қойып, айыппұл салу аз. Әкесі жұбайына сеніп, қыз баланың тәрбиесімен анасы айналысады деген шығар. Қызымен жиі сырласқан ана мұндай қателікке жол бермесе керек еді.

Күнге қарап құбылған күнбағыстай бойжеткеннің жүріс-тұрысы бақылаусыз қалғаны айдан анық. Оның зардабын ата-аналары көріп отыр. Басқа-басқа, «қызға қырық үйден тиым» деген дәстүр қайда қалды. Павлодар қаласындағы жетімдер үйінде қыздардың жаппай төбелесі желіге тарады. «Арашашыға алты таяқ» дегендей төбелесті ажыратпақ болған тәрбиеші таяққа жығылыпты. Желіге тараған ақпарат рас болса, төбелескен қыздардың бірі «бастықтың өзі ұр», деп айтқанын айтады.

Атырауда бір топ жеткіншек қатарласын аяусыз соққыға жыққан. 2006 және 2007 жылғы 2 күдікті полиция бөліміне жеткізілген. Олар әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген деп хабарлайды Almaty.tv. «Оқиға  қаладағы колледж  жатақханаларының жанында болған. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, 16-17 жасар жеткіншектерге қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізілуде.  Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – дейді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет. Төбелестің арты орны толмас қайғыға ұласып жатыр. Жас шыбықтай солқылдап тұрған ғұмырлар қиылуда. Қорқыту, үркіту, бопсалау, одан қалса өлтіріп мәйітті суға лақтырып кету, жасөспірімдердің қатыгез-қаныпезер болуын немен ақтап аламыз. Мектеп, ата-ана одан да биік тұрған мемлекеттік идеологиялық тәлім-тәрбие  неге  ақсады.

Түркістан облысында 9-сыныпта оқитын қыздың мәйіті ауыл шетінен табылған. Ауылдастары қайтыс болардың алдында бір қыздардың тиісіп жүргені туралы естіген.Бұл туралы әлеуметтік желіде журналист Ирина Советжанқызы хабарлады.   «Қазір 9,10,11-сынып оқушылары сұралып жатыр-дейді.  Үш күннен бері алақандай ауылдан күдіктінің кім екені табылмай жатыр. Қызды жарақаттаған пышақ та жоқ, қаскөй марқұмның телефонын да шағып кеткен. Бір оқушы күдікті ретінде қамауға алынды», – деп жазды өзінің парақшасында әріптесіміз Ирина Советжанқызы.

Артынша, қызды өлтірді деген күдікпен 11-сынып оқушысы ұсталды. Ол полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды»  делінген хабарламада.Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.Тергеу ісі Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауына алынған. Қазір әлеуметтік желіде қатарласының қолынан қаза тапқан қыз жайлы тың деректер жарық көруде. Қыздың анасының айтуынша, ақша мәселесі сөз болады.

Тағы бір деректе қызғаныш болған дейді. Істің ақ-қарасын тергеу орындары анықтайтын болады. Өзекті өртейтіні қызғалдақтай ғұмырдың үзілгені. Оқушы өлімі мұнымен тұрақтамайды. Алматы облысында бірінің артынан бірі екі оқушы бақилық болды. Кеген ауданындағы Саты ауылында 10-сынып оқушысы мен 11-сынып оқушылары арасында өзара кикілжің туған. Бұл туралы, ауыл тұрғындары айтуда. Жоғарғы сынып оқушылары «үлкендік» жасап, мәселені шешу үшін кешке 10-сыныптың оқушыларын өзен бойына кездесуге шақырған.

«Ұрды деген баламен сөйлесіп едім, «аға, мен ұрмадым. Қараңғы еді, өзім түсінбей қалдым» деді. Екі балада өнегелі отбасында өскен. Балалардың арасында төбелес болмаған. Өзара сөзбен шешпек болған», – дейді Саты ауылының әкімі Рүстем Әлімов.

Сол жерде болған балалардың айтуынша, күдікті марқұмның кеуде тұсынан ұрған, ол шалқалап барып құлаған. Жасөспірімді қасында тұрған балалар тұрғызбақ болған. Алайда Мирастың жүрегі тоқтап қалған. Жанұшыра жүгірген жасөспірімдер ауыл мейірбикесі мен үлкендерді көмекке шақырған. Бірақ бәрі кеш болады.

Қайтыс болған Мирас Әскербайдың әкесі ауылда электрик, анасы мектепте қызмет етеді. Ал жасөспірімді өлтірді деген күдікке ілінген 17 жастағы оқушының әкесі де еңбекқор жан, нан пісіріп сататын азамат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдікті оқушы қамауға алынғанын хабарлады. Бұл дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелген. Артынша, «Досымның қасына барамын» деген екінші оқушы өзіне-өзі  қол салған. Міне, оқушылар арасындағы әлімжеттік  кесірінен екі бірдей бала бақилық болды. Қаралы үйдің иелері күдікті ретінде қамалған оқушыны айыптап отыр. Олардың айтуларынша, озбыр оқушы өзінен бір-екі сынып төмен оқитын балаларды сапқа тұрғызып, кезек-кезек төмпештеген. Бір соққы Мирас Әскербайдың дәл жүрек тұсына тиіп, бозбала тура сол жерде жан тапсырыпты. Мирастың жаназасынан кейін  түнде бірге таяқ жеген досы Дастан Нұрлыбай қорасында асылып қалған.

Бір ауылдан екі бірдей жасөспірімнің бірінің артынан-бірі кете баруын қандай тәрбиеге жатқызамыз. Бұл мектептен тыс болған оқиға деп мектептің жауапкершілігін сырып тастай алмаймыз. Демек үлкен сыныптың кіші сыныптарға әлімжеттік көрсетіп жүргенін ұстаздар мектеп ұжымы білмей қалуы мүмкін емес. Көздерімен көрмесе де сыбыс тарайды. Ата-аналар өздері айтып отыр, сапқа тұрғызады деп.

«Бас жарылып, көз шыққан ештеңе жоқ» деп салғырт қараудың соңы қаралы хабарға ұласты. Өмірдің ащы-тәттісін татып көрмеген, ойын балаларының ауыр қазасы бәрінен  де ата-аналарына ауыр тиді. Орындары ойсырап қалған балаларын енді кері қайтарып ала алмайды. Тентектігімен айналасын үрейде ұстаймын деп әлімжеттік көрсеткен бозбала өз өміріне өзі балта шапты. Егер қылмысы толық дәленденсе, «түркістандық» және «кегендік» оқушы заң алдына тиісті жазаларын алар. Мүмкін біреу емес бір нешеуі жазалануы да мүмкін оны тергеу барысы анықтайтын болады.

Екі баланың өліміне түрткі болған түні олардың сыныптастары былай баяндады: «Бізге 11-сыныптың ұлдары телефоннан «шығыңдар, жәй ғана әңгімелесеміз» деді. Біз Дастан екеуміз басында бармаймыз деп келіскен едік. Бірақ бармайтын болсақ, келесі жолы аямайтынын айтты. Бақыт Әділет айтып бастады, мектептің тәртібі жайлы. Жәй ғана әңгімелесіп бастаған болатынбыз. «Сендер амандаспай жүрсіңдер, мектептің тәртібін бұзып жүрсіңдер» деді. Сол кезде Бақыт Әлішер «бұлар жәй ғана құр сөзді түсінбейді» деп, ең алғаш Байтұрсын Дастан Нұрлыбайұлын ұрды, сосын Талап Әлиді ұрды, Кейін Әскербай Мирасты ұрды.

Үшеуін қатты келіп ұрды, көкіректен», — дейді оқушылар. Көкірекке тиген соққыдан Мирас бірден дірілдеп құлаған екен. Сыныптастарының айтуынша, ол 15 минуттай тірі жатып, кейін жан тапсырған.Оқиға болған жер дәл ауылдың қақ ортасында орналасқан. Мұнда тал-терек көп, адам көзі көп түсе бермейді. Сондықтан ауыл жастары өз арасындағы кикілжіңді осы жақта шешіп, талай дүниені бүлдіретін көрінеді.

Бір емес, екі баланың өліміне түрткі болған 11-сыныптың оқушысы ауылдың нағыз бұзақысы дейді тұрғындар. Осыған дейін спортпен де шұғылданыпты.

– Бізде грек-римнен үйірме болған. Соған қатысып жүріп, облысқа барып, кейін қайтып келді. Бір екі жылдың арасында, – дейді Мирастың ағасы Айбар Айтқұлов. Қайтып емес, қашып келген сияқты. Себебі жұрт оның ол жақта да талай балаға жұдырық жұмсап, кейбіріне тіпті пышақ сермеп, басы бәлеге қалғасын, ауылға қашып келгенін айтады. Оның қандай екенін оқыған мектебінен сұрағымыз келді. Ал мектеп директоры өзінен жасы кішілерді соққыға жыққан оқушының тәртіпті екенін айтып жақтай жөнелген. «Әлімжеттік те, ақша жинау да жоқ» деп, шыр-пыр болған. «Бірақ балаларды қаз-қатар тізіп қойып ұру директорға қалыпты дүние сияқты» дейді суыт хабар жайлы бейнесюжет жасаған КТК- тілшісі Ирина  Советжан.

Күдікті деп ұсталған оқушы спортпен айналысқан, Өскемендегі оқиғада құрбысын соққыға жығып шешіндірген қыз да спортпен айналысқан делінген ақпаратта. Спортшы екендері рас болса, Өскемен қаласындағы тентек қыз бен Саты ауылындағы баланы көкірек тұсынан ұрған, жан-тәсілім болуға дәнекер болған спортшылар елдің намысын әлемдік додада қорғамай, неге қала мен ауылда күш көрсетіп жүр. Бұл бір айдың ішіндегі мектеп қабырғасында  жүрген жасөспірімдердің іс-әрекеті. Қаладағы жабайылық айрандай ұйып отырған ауылға дейін жетуі, жетіп қана қоймай қайғылы жағдайға жеткенін ескерсек, бала тәрбиесінің бақылаудан шығып кеткенін көруге болады.  Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев  оқиға болған облыстардағы,облыстық білім басқармасына мәселені толық бақылауда ұстауды тапсырды.

Тапсырғанымен мәселе шешілмейді. Енді бала тәрбиесі жайлы қатаң реформа қажет. Баласы қылмыс жасайды, ата-ана айыппұл арқалайды, одан шығып жатқан қорытынды жоқ. Шектен шығып қорқытып, үркітіп бопсалап, әлімжеттік көрсетіп жүрген баланы да, қызды да кәмелеттік жасқа толмағанына қарамай қатаң жауапқа тарту туралы заң қабылдануы керек. Баласы ғана емес оның ата-аналарын да  мұғалімге қол көтергені  үшін, адам өліміне дейін жеткізгендері үшін, бопсалағандары үшін абақтыға тоғыту керек. Себебі, ата-ана баласы үшін жауапты. Мемлекеттік деңгейде іріп-шіріген  идеологиялық  тәлім-тәрбиені түбірімен жаңартпасақ жасөспірімдер арасындағы қылмыс жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақтай  қаулап барады.

Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ