Қазақстанда сүрбойдақтар саны артып барады

0
519

Бүгінгі қоғамда өзекті тақырыптың бірі сүр бойдақтар мен кәрі қыздар туралы ақпарат желіні жарып тұр. Тіпті, көгілдір экран мен радио желілерінде бұл тақырып кеңінен қамтылып, сүрбойдақтар мен отырып қалған кәрі қыздардан сұқбаттар алынып, статистика мәліметтері жариялануда.

Сананы тұрмыс билеген заманда теңін тауып, сүйіп қосылғандардың өздері босаға беріктігін сақтай алмай, шаңырақтар шайқалуда. Әсіресе, 20-30 жас аралығындағы жас отбасылардың арасында ажырасушылар өте көп. ҚР Статистика комитетінің мәліметі бойынша (BAQ.KZ.) 20-30 жас аралығындағы жігіттердің саны қыздарға қарағанда басымырақ болып отыр. Яғни, елімізде бір жігітке жеті қыздан келеді екен, бізде кәрі қыздар көп деп айтылып жүрген ақпарат енді теріске айналып, керісінше сүрбойдақтардың саны артып отырғанын статистикалық мәлімет айғақтап отыр.
Атам қазақ: «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп тәмсілдеген. Өмірлік жар таңдау, үбірлі-шүбірлі болу жастары жиырмадан асқан кез келген жігіт пен қыздардың басты арманы болуы шарт. Бұл сонау «Адам ата, Хауа анадан» бері үзілмей келе жатқан қағида. Алайда, бүгінгі қоғамда «екі жарты бір бүтін болып» тірлік кешуге жұптасқан жастардың жас мөлшерлері 20-35 жас аралығындағы жас отаулардың шаңырақтары жиі шайқалуда. Себеп, екі жас өмірде кездескен қиындықтарды бірлесіп жеңе алмауы, әлеуметтік мәселелердің шиеленісуі, тағы басқа да тұрмыстық ахуалдарды көлденең тартуда. Ал тұрмыс құруға асықпай, әуелі оқып-тоқып алайын, айлығы жоғары жұмысқа орналасып, баспаналы болып, көлік алып, бірақ үйленемін деп қиялдың жетегінде жүрген сүрбойдақтар мен отырып қалған кәрі қыздардың көбінің бүгінде өзегін өкініш өртеуде. Оны телевизиялық және әуе толқынындағы радио хабарларда сұқбат берген сүрбойдақтар мен кәрі қыздардан көруге болады. «Маңдайымызға тағдыр жалғыздықты жазған шығар» дейтіндер де бар. Бұған тағдырдың түкке қатысы жоқ. «Жалғыздың жары Құдай» деп жалғыздан-жалғыз өз әлемінде өмір сүріп жатқандарды кінәлаудан да, күстәналаудан да аулақпыз. Өмірдің заңдылығы қыз бала – ана болу, ұл бала – әке атану міндеті. Ал оған немқұрайлы қарағандар уақыт өте келе жалғыздықты сезініп, көкіректерін мұң мен шерге толтырып, «енді бізге кім қарайды, өзіміз қатарлының бәрі отбасылы, бізге көзін сүзетіндер отбасынан ажырасқандар, не жұбайлары өмірден озғандар» деп әуе толқынның аржағынан сұқбат берген кәрі қыз бен сүрбойдақтардың арман тілегі де жоқ емес. Олардың айтуынша, өткен дәуірдегі қыз бен жігітті табыстыратын жеңгелер әрекеті қайта жанданса дейді. Ал, интернет желілеріндегі не болмаса, өздері ашып алған «таныстыру» компаниялары арқылы табысудан қорқақтайтындарын да жасырмайды. Айналып келгенде жігіттер отбасын құруға, қыздар тұрмысқа шығуға асықпайтыны байқалуда. Отбасын құрып, шағын мемлекет құру – үлкен жауапкершілікті міндеттейді. Мұндай қиындықтардан тайсақтайтын жігіттер мен қыздар «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген қағидадан жалтарып, тұрмыстан бұрын жұмыс пен мансап жолын таңдайды. Болмаса, қыздар үйі-күйі, көлігі бар, жалақысы жоғары азаматтармен отбасын құрғысы келеді. Қол ұстасып өмірдің ащы-тұшысын бірге тартып, қиындықты бірлесіп көтеруге көптеген бозбала мен бойжеткендердің жігері жете бермейді. Тағы бір гәп, жас отбасылардың ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтіндерін айтушылар да көп. Ал мезгілімен үйленіп, отбасы болғандар, ыдыс аяқ сыңғырласа екіге жарылуда. Мәселен, бір ғана Талдықорған қаласындағы 20 мен 30 жас аралығындағы отбасын құрған жастардың ажырасу туралы статистикалық мәліметтеріне жүгінсек, 2021 жылы қала бойынша 1516 жас отбасын құрса, 274-інің шаңырағы шайқалған. 2022 жылы некеге отырған 1480 жас отбасының 233-і ажырасса, 2023 жылдың алты айында 609 жас отбасын құрғандардың 123-і айырылып кеткен. Қазақтың «жақсы жар жаман еркекті адам етеді, жаман еркек жақсы әйелді надан етеді» дейтін тәмсілі еріксіз ойға оралады. Себеп, бір-біріне өліп-өшіп махаббаттары тұтанған отбасылардың келе-келе бір-бірінен жасырып жүрген оғаш мінездері көріне бастайды. Мұндайда кешірімге келудің орнына ертоқымын бауырына алып тулайтындар бала-шағадан бұрын өздерінің жеке басының мүддесін биік қояды. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» деп буынып-түйініп, мамақаздай балапандарын шұбыртқан қызын ажыратып алуға бейім ата-аналар жас отбасыға басу айтудың орнына дау-дамайдың қоламтасын қоздата түседі. Міне, осындай құрбы-құрдастарын көрген бойжеткендер мен бозбалалар «тағдыр-тәлейіміз қалай болады?» деп жар таңдауды ұзаққа созып, ол жылдарға ұласып, кәрі-қыз, сүр бойдақ атанғанда топ ортадан алшақтайды, томаға тұйық тірлік кешуге көшеді. Өздерімен қатар өскен жанұялы достардың басқосу дастарханына барған кәрі қыздың бірі әлгі құрбыларының өзіне қызғанышпен қарап, оған көзін қадаған күйеулерінен қысылып-қымтырылғанын айтады. Кез келген сүрбойдақ пен кәрі қыздан сұраңызшы, бәрінің айтатын сылтаулары «нормальный қыз жоқ» десе, екінші жақ «нормальный жігіт жоқ» деп жалтарады. Интернет желісінен алынған мәліметте және соңғы жүргізілген есепке қарасаңыз елімізде 25 жастан жоғары бойдақтар саны 3 миллионнан асып жығылса, 14 пен 29 жас аралығындағы басы бос азаматтар саны 4 миллион 616 мың деген дерек бар. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы ерлер болса, 2 миллион 279 мыңы қыздар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде жұпсыз нәзік жандар үлесі 28,2 пайызды құрап, серілік серуені бітпеген жігіттердің 39,6 пайызы әлі бойдақ жүр. Осыдан кейін қазақстандағы демографиялық өсімнің неге баяулап жатқанын пайымдай беріңіз. Мәселен, өзбектер Тәуелсіздік алғаннан кейін 36 миллионға жетсе, қазақ халқы 19 миллионның үстінде. Бұл цифрлардың арасында Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерін қоссаңыз таза қазақ саны 16-17 миллион төңірегінде болады. Жоғарыдағы цифрларға қарасаңыз жылдан-жылға бойдақтар саны күрт артып бара жатқанын аңғару қиын емес. Көңілді алаңдатарлық жағдай, жас ерекшеліктері отызды былай қойғанда қырықтың қырқасына шықса да шаңырақ көтермей жүргендері қаншама? Мұның басты себебін сүр бойдақтардың көбі «бұйрық болмай тұр, уақыт өтіп кетті, жас қыздар қарамайды» десе, кәрі қыздардың да ойы осыған саяды. Бір сөзбен айтқанда отбасылық жауапкершіліктен жалтару. Бұл сауалға психологтардың да өз айтары бар. Олардың айтуынша, жастардың жауапкершіліктен жалтаруы, кейбір бойдақтардың отбасында ата-ана рөлдері дұрыс қалыптаспаған. Одан бөлек, гендерлік саясаттың да әсері басым. Қыздар ерлермен иық тіресіп, барлық жұмысты қатар атқарып жүргендіктен де өздерін олармен тең ұстайды. «Өзім би, өзім қожа» – бұл феминистік көзқараста жүрген қыздардың талабы», – дейді «Шанс» әлеуметтік-құқықтық-психологиялық орталығының психологы Жайсаң Ибадуллаева. Бұл ақпарат журналист Дархан Байтілестің сайтынан алынды. Қоғамда қызу талқыға түскен жалғыз бастылар туралы түрлі ақпараттар жайлы әлемнің әр елдерінде осы тақырыпты қаузаған ғалымдардың түрлі пікірлері бар. Біз солардың ешқайсына бұрылмай, тек Қазақстандағы жалғыз басты адамдарға қатысты стереотиптер жайлы пікірлерге тоқталғанды жөн көрдік. Мәселен, 25-тен асқан қыздарды «отырып қалған» деп айтады. Бір ғана мысал, Исраил Сапарбайдың қыздарды 16 жасынан бастап суреттеген жыр жолдарында «қыз жиырмадан асқан соң кәрі» дейді деген теңеулері бар. Демек, 25-тен асқан қыз ғана кәрі емес, жасы 20-дан асқан қыздарды да қазақ менталитеті кәріге санаған. Мұны жасы жиырмадан асқан сүрбойдақ ерлерге де қаратып айтуға болады. 29 жастағы Жанар өзінің отбасы құрмауын өзі үшін де, ата-анасы үшін де үлкен мәселеге айналғанын айтады.
– Өз теңімді таппай жүрмін. Барлығы жан-жақтан «қашан?» деп сұрайды. «Дайындала беріңдер» деп әзілмен жауап беремін, бірақ кейде бұл тақырып өзіме ауыр тиеді. Мен әдейі тұрмыс құрмай жүрген жоқпын ғой. Әлі өз теңімді таппадым. Кейбірі мені аяп, жігіттермен таныстыруға тырысады. Осы жылы міндетті түрде тұрмысқа шығуым керек. Әр нәрсенің уақыты бар екенін түсінемін. Алайда жылдан-жылға күйзеліске түсіп барамын, – дейді ол.
Ал, 41 жастағы Айдана да (есімі өзгертілген) тұрмыс құрмаған. Ол өзінің жеке өміріне өзгелердің араласуын қаламайды, «қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрақты жиі қоятыны үшін туыстарымен ренжісіп қалған.
– Осыдан 10 жыл бұрын ата-анам, туыстарым, таныстарым «қашан тұр-мысқа шығасың?» деген сұрақты қойып, мазамды алатын. Бір жолы қатты ренжіп, ұрсып тастадым. Содан кейін оларда біраз уақытқа дейін бұл тақырыпты қозғамайтын болды. Қазір жасым 41-де. Үйім, жұмысым бар. Ақыл тоқтатқан жастамын. Болашақта тұрмыс құрамын ба, жоқ па, білмеймін, бірақ менің жеке өміріме өзгелердің араласуын қаламаймын, – дейді ол.
Сонымен Қазақстан мен шет мелекеттерде тұратын адамдар санын, оның қаншасы ер мен әйел деген мақсатпен интернетке көз сүздік. Қазақстанда 18 489 704 адам тұрады. Халық саны бойынша Алматы облысы көш бастап тұр. Бұл өңірде 2 047 067 адам. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында 552 271 адам мекендейді. Елімізде ер адамға қарағанда әйелдер 3 пайызға басым. Әйелдердің орта жасы – 34,4, ерлердің орта жасы – 30,2. Қазақстандықтың орта жасы – 31,8-десе, Жапонияда халықтың орта жасы – 46,1, Италияда – 44,5, Египетте – 25,3. болып тұр.
Елімізде әйелдер ерлерге қарағанда 567 мыңға артық. Сәйкесінше, әйелдер саны – 9 528 363, ал ер адамдар — 8 961 341.
Қазақстанда 20-30 жас аралығындағы ер адамдар басым. Яғни, ер адамдар саны – 1 553 756, қыздар саны – 1 537 196. Сәйкесінше, қыздарға қарағанда олар 16 560-қа артық. Жастардың көбі ірі қалаларда тұратынын ескерсек, Алматы облысында тұратын жастардың саны – 3 090 952 адам. Дәлірек айтқанда, 161 767 жігіт, 147 048 қыз. Ал, жастардың саны жағынан аз облыстар қатарында Солтүстік Қазақстан облысы болып тұр. Мұнда жігіттер саны – 41 489, қыздар – 36 770. Ал,» қай өңірде ерте шаңырақ құрады?» деген сауалды қаузаған журналистер қауымы солтүстік өңірдің тұрғындары отбасылы болуға асықпайтынын анықтаған. Оның ішінде Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы. Соңғы екі облыстың қыздары да ақ көйлек киюге асықпайтын болып шықты. Тұрмыс құруға осы өңірлердің және Алматы қаласының арулары асықпайды екен. Ал, шаңырақ құруға Қазақстан бойынша орта жас ерлерде – 27,6, қыздарда – 25 жас.Кеш үйленетін аймақтар қатарында: Солтүстік Қазақстан өңірі – 28,6 жас, Қостанай – 28,3, Павлодар облысы – 28,2 жас. Ал, қыздары тұрмысқа кеш шығатын өңірлер: Алматы, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысы. Олардың жас мөлшері 26 жасты құраған.
Комитеттің мәліметінше, 2019 жылы шаңырақ құрған екі отбасының біреуі ажырасады екен. Салыстырып көрейік, 2018 жылы 137 797 отбасы тіркелсе, оның 57 797 жұбы ажырасып кеткен. Биыл қаңтар-мамыр аралығы бойынша елімізде 48 189 жұп тіркеліп, оның 24 003 жұбы ажырасып кеткен.
Ал, бала туу көрсеткіші бойынша Түркіс-тан облысы көш бастап тұр. 2019 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 21 876 бала дүниеге келген. Алғашқы үштікте Алматы облысы – 20 318, Алматы қаласында – 13 800 бала дүниеге келген. Статистика келтірген мәлімет бойынша қаңтар-мамыр аралығында 161 33 бала дүниеге келсе, оның 77 733-і қыз, 83 600-і ұл.
20-30 жас аралығындағы қыз-жігіттер бойынша алатын болсақ, Түркістан облысында – 24 677 бойдақ бар. Қалыңдық іздесеңіз Алматыға барыңыз, дереккөзге сүйенсек, олардың саны – 42 990 дейді ақпарат таратушылар.
Кешегі кеңестік дәуірде бойдақтарға салық салу қағидаты болған. 2010 жылы Қазақстанда да «бойдақтарға салық салу» тақырыбы халық арасында қызу талқыланды. 2014 жылы демографтар үкіметке елде 30-дан асқан үйленбеген азаматтарға салық салу туралы заң шығаруды ұсынған. Бұл мәселе 2019 жылға дейін бірнеше рет көтерілген. Бұған наразылар да болды. Қоғамда қызу талқыға түскен бұл заң Парламент мінберіне жетпеді.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ