«ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫН СЫЙЛАҒАН»

0
192

Шұғыласын шашқан көкорай көктеммен қабаттасып әлемге жарығын сыйлаған. Халықаралық Әйелдер  мерекесі де келіп жетті. Бұл – қызғалдақтай құлпырған, көк майсадай көрікті қыз-келіншектердің төл мерекесі. Аруларға арнап ағыл-тегіл жыр, ақжарма ақ-тілектер ақтарылатын күн.

Құшақтары гүлге, өмірлері өлеңге, көңілдері көк теңіздей толқыған аруларымыздың жүздері күндей жайнап, шаңырағымыздың шаттығына айнала берсін. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аяулы аналарға, қырмызы қыздарға деген құрметті жыл он екі ай көрсетсек те артықтық етпейді-ау. Сіздер арқылы жер әлемге тыныштық орнайды. Бейбітшіліктің құсы да сіздердің жүректеріңіз. Сіздер жаққан шаңырақтың әрбір алауы, сәбидің күлкісі, дастарқанға толған ырыс-құт, арулармен келген береке, бақыт мәңгілік болғай. Көктем келіп, жердің тоңын жібітсе, Көк Тәңірі шуағын шашса, ардақты арулар аялы алақандарымен, жүзі жылы жүректерімен көктемнің самалындай жұпары аңқып, күллі әлемді қуанышқа бөлейді.
«Әйелдерді еркектерден
көп дейді,
Ойбай-ойбай, бола берсін
көп мейлі.
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді» – деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев әйелдер қауымын тектен-текке жырламаған.
Жеме деген жеп қойып
жемістерден,
Құдай бізге батасын теріс
берген.
Әйелдерден басқа бұл ей,
жігіттер,
Құдайдың да түгі жоқ бөліп
берген.
Тозағыңда пейішке
айналмай ма,
Әйел деген бір жүрсең
періштеңмен
– деп ақын Есенқұл Жақыпбеков жырына арқау болған әйел қауымы, періштелер, сіздерменен қол ұстасып, жалғанның жарығында бірге жүрген Адам атаның ұрпақтарының атынан төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз ормандай көбейіп, өсіп-өне беріңіздер!
Көк көйлекті арулар
Көктемде құлпырады
қыз-келіншек,
Қыздарға жоламаймыз біз
еріншек.
Қараңғыда жүгірген қарсақ
дерсің,
Көзіне күн көрінбей, түн көрінсек.

Көктемнің киіп алған
көк-көйлегін,
«Айнұр сұлу», «Айшолпан»,
«Айгөйлегім»,
Көк көйлекті көгершін
қолтықтап-ап,
Көксу бойы келеді гөй-гөйлегім.

Қоя ма көңіл жүйрік елең етпей,
Қиялың домалайды ебелектей.
Бір жігіт әне кетті гүлін иіскеп,
Беймаза ұшып қонған
көбелектей.

Күлкісі күміс теңге сыңғырлаған,
Ұйқымды күн ұрлаған, түн
ұрлаған.
Көктемнің иесіндей көрінеді,
Арулар ар-намысын
шынжырлаған.

Айтақын МҰХАМАДИ
«Алатау» қоғамдық-саяси
газетінің бас редакторы.


ПІКІР ЖАЗУ