ДЕНІ САУ ҰЛТ БОЛУ ҮШІН БІЛІКТІ ДӘРІГЕР КЕРЕК

0
130

«Денсаулық зор байлық» дейміз. «Басың ауырып балтырың сыздаса» бірден дәрігерге жүгінесің. Бүгінгі медицина саласын кешегі кеңестік жүйемен салыстыра алмайсың. Заманауи үлгідегі технологиямен жабдықталған құралдардың басым бөлігі осы медицина саласына тиесілі.

Ондағы түрлі аппараттар жедел қызмет көрсетіп, науқастың кеселін анықтауға әрі жедел ота жасауға пайдасын тигізеді. Мәселен, кешегі кеңестік жүйеде қарапайым соқырішектің өзін науқастың тәнін кесіп алатын болса, бүгінде күрделі оталардың кейбірін лазер арқылы жасап жатады. Бұл заман ағымына қарай медицина саласындағы жетістіктер.
Бауыр, жүрек, бүйрек алмастыру оталары күннен-күнге ғылыми үрдісте дамып келеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп жарнамалап, жария салсақ та жұмыр басты пенденің бәрі бірдей күтіне бермейді. Тіпті дәрі-дәрмектің бәрі қолында тұрған дәрігерлердің өзі де айықпас дерттен көз жұмып жатады. Ал қалған бұқараға қызмет көрсететін дәрігерлердің білімі мен біліктілігі өз алдына бір әңгіме. Кешегі кеңестік жүйеде медицина саласында жоғары білім алатындар бес жыл оқып, кәсіби маман атанатын. Ал, Тәуелсіздік алған отыз жылдай уақытта медицина саласы да түрлі реформаларды бастан өткерді. Алғашқы тоқырау жылдарында құлдырап барып аяқтан тұрған денсаулық сақтау саласы бүгінде халыққа жаңа үлгіде қызмет көрсетіп келеді. Дәрігер мамандығын меңгергісі келгендер тоғыз жыл медицинаның қыр-сырын біліп, толық білім алулары шарт. Алайда, қоғам ішінде дәрігерлер туралы екі ұдай пікір барын ешкім жасыра алмайды. Білікті дәрігер, білімсіз дәрігер деп екі топқа бөледі. Мемлекеттік жүйедегі дәрігерлерден көңілі қалғандар жекеменшік ауруханаларға жүгініп жатады. Бұқараны сарсаңға салып тұрған тағы бір олқы тұсы мемлекеттік жүйедегі ауруханаларға жату жүйесі порталға тәуелді болуы. Мәселен, емделіп шығып ауруыңыз қайта қозатын болса, кезекті порталыңыз келгенше күтуге тура келеді. Әрі-сәрі күйге түсіп, ауруы жанын мазалаған жан амалсыз жекеменшік ауруханаға жүгінеді. Ал, науқастың қалтасы ем-домның қаржысын қаншалықты көтере алады, бұл үлкен мәселе. Әсіресе шалғайдағы аудандар мен елді мекендердегі емханалар мен ауруханалар жайлы қоғамнан сұрау сала қалсаңыз бәрінің айтатыны: «Қайда барсаң, тамыр-таныс, денсаулық саласы да солай, емханаға барсаңыз талон аласыз. Ал, қарайтын дәрігердің уақыты тәмәм болғанда кете барады. Себебі олар да күнкөріс үшін екі-үш жерде қызмет жасайды. Ал, кезекке жете алмай қалған науқастың обал сауабын кім арқалайды?».
Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Талдықорған қаласының іргесіндегі Ескелді ауданында 91 дәрігер, 361 орта буынды мейіргер қызмет атқарады. Демек олар аудандағы 52 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді деген сөз. Амбулаториялық-емханалық көмекті 31 мекеме көрсетсе, Ескелді аудандық орталық ауруханасы бір ауысымда 600 адам қабылдайды. Емханада 160 төсектік стационар бар. Аудан халқы, елді мекеннің емделушілері жергілікті емхананың жолдамасымен аудандық ауруханадан ем алады.
Аурудың ауыр және жеңіл түрі болмайды. Қазақтың «ауру кірді дегенше әлек кірді десеңші» деп тәмсілдейтіні сондықтан.
Бүгінде қан-қысымы, одан бөлек онкологиялық аурулар жас талғамайтын болды. Аудан тұрмақ, облыс орталықтарындағы ауруханаларда неврологиялық аурулардың көптігінен төсек жетіспей жататын кездері болады. Әсіресе, жазғы маусым кезінде бұл кеселмен ауыратындардың саны артады. Ескелді ауданында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі. Ауданда 10 дәрігерлік-амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт бар. Білім саласы сияқты кадрлық тапшылық медицина саласында да орны ойсырап тұр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда медицина саласына қажетті 18 кадр тартылған. Олардың қатарында невропатолог, хирург, неонатолог, офтальмолог, хирург-травматолог және тағы басқалары бар. Бүгінгі таңда кадр тапшылығы бойынша 5 дәрігер жетіспейді. Олар, ЖПД – 3, терапевт – 1, офтальмолог – 1. «Іс-тетігін кадрлар шешетіні» айдан анық.
Мақала басында айтылғандай, аудандық көлемдегі емханалар мен аурухана заманауи үлгідегі технологиямен қамтылуда, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Мәселен, соңғы үш жылда 2021 жылы 92,7%, 2022 жылы 93,0%, 2023 жылы 93,0% құраған. Соңғы екі жылдағы көрсеткіш бір қалыпта тұр. 2024 жылы қандай технологиялар алуды көздеп отырғандары айтылмайды. Мүмкін жыл аяғына дейін алынатын шығар.
Адам тағдырына тікелей жауапты дәрігерлердің білімі мен біліктілігі аудай қажет. Ауданда дәрігерлердің біліктілігін көтеру 50 пайызды құрайды. Денсаулық сақтау саласының қырағы көздері дәрігерлер жайында қоғамда екі ұдай пікір барын жоғарыда айттық. Қалай десек те, тәжірибелі дәрігерлер аз емес. Жақсы жағынан салмақтағымыз келеді. Олардың күн, түн демей халық денсаулығын жақсартуда атқарып жатқан жұмыстарының бағасы өлшеусіз. Мұғалімдердің жалақысы көтерілгенде медицина саласының мамандары да назардан тыс қалған жоқ. Ескелді ауданындағы дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 689 678 теңгені құраса, медбикелердің орташа жалақысы 309 145,1 теңгені құрайды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіш.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тәмсілді екінің бірі айтады. Алайда, жұмыр басты пенденің басына құдіреті күшті Алла түрлі сынақтар жіберіп жатады. Соның бірі – денсаулық. Дәрігерге уақытылы қаралып тұру шарт. Тіпті уақытыңыз жетіп жатса алты айда бір медициналық тексеруден өтіп тұрғанның зияны жоқ. Ауру астан да, ауадан да таралып жатқан бүгінгі қоғамда дәрігерге артылатын міндет те күннен-күнге күшейіп келеді. Оның сыртында медициналық ғимараттардың күтімі, заманауи технологиялармен уақытылы қамтылуы, дәрігерлердің тапшылығын жою – басты міндет. Бұл бағытта Ескелді ауданындағы халыққа қызмет көрсететін аурухана мен емханалардың ахуалы осындай. Дәрігерге барайын деп бармайсың, дертіңе шипа іздеп барасың. Ал бүгінгі қоғамда білікті кадрлар тапшы болып тұр…

 Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ