КЕРБҰЛАҚТАҒЫ КЕЛЕЛІ ІСТЕР

0
168

Әкімдердің іскерлігі атқарған жұмысына қарап бағаланады. Өздері басқарып отырған өңірдің әлеуметтік экономикасын арттыруда қажыр қайратымен елді ұйыстыра білетіні, өңірге инвестиция тарту, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті жандандыру аудан әкімінің басты міндеті. Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте Кербұлақ ауданының әкімі Қ. Есболатов өңірдің бірінші тоқсандағы әлеуметтік экономикалық дамуы туралы баян етті.

Аудан басшысы баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлік саласына жеңілдік жасай отырып, елдің дамуына қадам жасау бағытында берілген тапсырмасына орай, өңірдегі кәсіпкерлерге жағдай жасап, аталған саладағы жұмыстарды жандандырып, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату, әрі тиімділігін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, баяндамада 2030 жылға дейін ауданда ауыл шаруашылығы мен металлургия салаларында жалпы құны 1 трлн 316 млрд. теңгені құрайтын бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру әрі жоспарланған 11 инвестициялық жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетіні жайлы, бұл жобалар іске асырылса 3519 адам жұмыспен қамтылатыны да айтылды.
«Ауылдың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеруге септігін тигізеді. 2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар», – деген аудан басшысы өнеркәсіп 33 млрд 658 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 2,5 пайызға, ауыл шаруашылығы 65 млрд 116 млн. теңге, нақты көлем индексі 2,2 пайызға артқанын баяндады.
Бірінші тоқсанда өнеркәсіптік кәсіпорындарымен өндірілген өнім көлемі 4 млрд 171 млн. теңгені құраса, (2023 жылы 3 айда – 4 млрд 457 млн. теңге, 2024 жылдық жоспар – 33 млрд 900 млн. теңге) нақты индекс көлемі 114,8 пайызға орындалған. Оның ішінде Тау-кен өнеркәсібі 571 млн. теңге, өңдеуші өнеркәсібі 3 млрд 410 млн. теңге, электр және газбен жабдықтау 213 млн. теңге, сумен жабдықтау 48 млн. теңге.
Бүгінгі күнге ауданда барлығы 10 өнеркәсіп орны жұмыс істейді. 2024 жылдың 3 айында «Alacem» ЖШС-нің үлесі 77,7 пайызды, яғни, 3 млрд 241,4 млн. теңге, заттай 200 мың тонна цемент өндірген.
Аудан көлемінде 3837 шағын кәсіпкерлік шаруашылық субъектісі жұмыс істеуде. Өңірде 375 сауда және қызмет көрсету орындары бар, оның ішінде 236 сауда нысандары, 49 қоғамдық тамақтандыру, 90 тұрмыстық және сервистік қызметтер көрсету орындары бар. Жоғарыда аталған кәсіпорындармен 2024 жылдың қаңтар-наурыз айында 966 млн. теңгеге қызмет көрсетілді. Ауданда кіші және орта бизнес саласында 5699 адам жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы бойынша Күреңбел өңірі аса маңызды сала. Кербұлақ ауданының облыстағы жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің үлесі 9,9 пайыз. Биыл 3 айдың ішінде ауданда өндірілген агроөнімдердің көлемі 4 млрд 264 млн. теңгені құрады. Жыл соңына бұл көрсеткіш 67 млрд 855 млн. теңгеге жеткізілетін болады, – деді аудан әкімі.
Аграрлық салаға да айрықша басымдық беріліп, Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыруда күш жұмылдыруда. Бұл ретте, биыл ауданның аграрлық секторына тартылған инвестиция көлемі 9,8 есеге артқан. Ал, биылғы жылы егіс алқабы 117 653,4 гектарға жеткізіліпті. Оның ішінде, 26085 гектарына күздік бидай, қалған 77401,5 гектар жаздық дәнді дақылдар себілмек (Соның ішінде: 71803,5 гектар жаздық арпа, 4686 гектар жаздық бидай, 125 гектар сұлы, 492 гектар дәндік жүгері, 295 гектар қарақұмық себу жоспарланды).
Ағымдағы жылы 1313,4 гектарға картоп, 591 гектарға майлы дақылдар, оның 486,0 мақсары, 55 гектар күнбағыс дақылы, 50 гектары зығыр, 387,5 гектарға бақшалық дақылдар себу жоспарланған.
«Кербұлақ ауданы – облыстағы негізгі астық өндіруші өңірлердің бірі. Биылғы жылы дәнді дақылдар егістігі 103486,5 гектарға жеткізілді, ауданда егіс көлеміне әртараптандыру жүргізіліп, биылғы жылы қант қызылшасы заманауи технологияны қолдана отырып, 700 гектарға себілді (2023 жылы 25035 тонна зауытқа өткізілді). Оның 500 гектары Сарыбастау ауылдық округіне қарасты «Қызылшоқы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 100 гектары Көксу ауылдық округіне қарасты «Зарина» шаруа қожалығы және Абыхан шаруа қожалығы 100 гектарға тұқым септі. Көксу қант зауытына 35 мың. тонна қант қызылшасының өнімін өткізу жоспарлануда», – деген аудан басшысы егістік алқабына қажетті су шаруашылығы нысандарының ескіруінен суармалы егістік алқаптарының басым бөлігі тәлімді жер (богара) ретінде пайдаланылуда (4608 га суармалы егістіктің 3158 га, 70%) екенін айтты. Осы келеңсіздікті жоюда 2024 жылы Еңкөл, Аралтөбе су қоймаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске асырылған (1620 гектар жерге көп жылдық шөп егілді).
Баяндамада Жаманбұлақ, Талдыбұлақ, Матай су тоғандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны да айтылды. Сонымен қатар, Мемлекеттік ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 14 шаруа қожалығы 257 млн. теңге несие алған және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін техникамен қамтамасыз етуге қажетті қолдаулар көрсетілуде екен.
Мал шаруашылығында есепті кезеңде өндірілген ет, сүт және жүн мен жұмыртқа өндірісі айтарлықтай ұлғайыпты. Өндірілген өнім ет – 1473 мың. тонна 104% (2023 жылы 3 айда 1417 мың тонна, 2023 жылдық жоспар 15543 мың тонна), сүт – 8 908 мың тонна 100,1% (2023 жылы 3 айда 8898 мың тонна, 2023 жылдық жоспар 47469 мың тонна), жұмыртқа – 1133,7 мың дана 100% (2023 жылы 3 айда 1133 мың дана, 2023 жылдық жоспар 8931 мың дана). Жалпы ауданда 226 мал қыстауы мен жайылым алқабы бар. Мұнда 9998 бас ірі қара, 55425 қой-ешкі, 3125 бас жылқы қыстайды. Бұл дегеніңіз, жалпы шаруа қожалықтар малының 63-64 пайызын құрайды. Барлық қыстау мал ішетін су тоғандарымен және құдықтармен қамтамасыз етілген, күн қуатынан алынатын электр желілері орнатылған. Орташа мал қыстау мерзімі – 120 күнді қамтиды.
Ауданда 9 мал бордақылау алаңдары (1090 бас) мен 7 тауарлы сүт фермалары (950 бас) жұмыс жасайды.
Кербұлақ ауданы бойынша мал басы мүйізді ірі қара саны 57 327 бас (2023 жылы 3 айда 56 022 бас, 2023 жылдық жоспар 59 883 бас), ұсақ мүйізді мал басы саны 270 629 бас (2023 жылы 3 айда 249 417 бас, 2023 жылдық жоспар 269 452 бас), жылқы 25 196 бас.
Ауыл шаруашылығы өнімін арттыру бағытында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары және шаруа қожалықтарымен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, баяндамада жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша атқарылған жұмыстар, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің ұлғайғаны, бөлшек сауда айналымындағы кірістердің артқаны, жергілікті бюджетке 2024 жылдың 1 сәуірге 1 млрд 365 млн. оның ішінде республикалық бюджетке 429 млн. аударылғаны, жергілікті бюджетке 935 млн. түскені де баян етілді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ