«ТАЗА БОЛСА МАҢЫМЫЗ, САУ БОЛАДЫ ТӘНІМІЗ»

0
184

Елімізде жастар саясатына көңіл көп бөлінуде. Солардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы.

2005 жылдан бері жүзеге асып келетін кешенді жобаның әр аймақта өз штабы құрылып, бүгінде жұмысы дөңгеленіп отыр. Нәтижелі еңбектің көрінісін байқап та жүрміз. Аталмыш бағдарлама биыл да Көксу ауданында өз жалғасын тапқанын айтады «Koksu jastary» филиалының жетекшісі Қуаныш Мүслімұлы.
«Маусым айынан бастап ауданымыздың «Жасыл ел» жастары дәстүрлі көгалдандыру жұмысына кірісіп кетті. Бұл жасақтың сарбазы болу – қазіргі таңда үлкен бедел. Олай дейтініміз, оқушылар мен студенттер бос уақытында еліне қызмет етіп, туған жерін гүлдендіруге, көгалдандыруға ат салысса, екіншіден жазғы демалысын тиімді өткізеді. Бүгінде бірінші кезеңнің сарбаздары өз жұмыстарын бастап кетті.
Аудан бойынша «Koksu jastary» филиалы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 41 сарбаз қабылдады. Бүгінгі таңда еңбек жасағының сарбаздары 10 округ бойынша жұмыс жасауда. Еңбек жасағына қатысып жатқан сарбаздар 16 жастан 35 жас аралығындағы азаматтар. Жеткіншектер ата-анасының рұқсатымен жұмысқа алынады. Ең жас сарбазымыз 16 жаста.
«Koksu jastary» филиалының жетекшісі болып өткен жылдан бері қызмет етіп келемін. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл «Жасыл ел» жасақшыларының саны өсті. Негізі облыстан 70 адам сұрағанмын. Бірақ 45 адам берген, соның 41-і жұмысқа қабылданды. Жасақшылардың еңбекақысы: қолына таза 56 мың теңге алады. Ал енді жұмыс уақыты таңғы 9:00-де басталып кешкі 16:30-ға дейінгі аралықты қамтиды.
Жас жұмысшыларға еңбек шарты мен жұмыс тәртібі түсіндіріліп, еңбек формасы тапсырылды. Жалпы «Жасыл ел» жастары ауылды көгалдандыру, сонымен бірге ескерткіштердің тазалығын қалыпқа келтіру, қайырымдылық акцияларына қатысу жұмыстарын атқаруда.
«Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп атам­ қазақ айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде», – дейді «Koksu jastary» филиалының жетекшісі Қуаныш Сайлаубай.
Жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту мақсатында қаншама студент жастарымыз бос уақытын тиімді өткізіп, еліне сүбелі үлестерін қосуда. Бағдарлама аясында көптеген игі бастама өз жемісін беруде. Бүгінде өңірді көгалдандыру мен абаттандыруға өз үлесін қосып жүрген барлық жасқа сәттілік тілейміз.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ