ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

0
248

Астана күні мерекесі қарсаңында Алакөл ауданының Ақжар ауылдық округіне қарасты Қоңыр ауылында жаңадан салынған блок-модульді медициналық нысанның құрылысы аяқталып, ауыл тұрғындарына қолданысқа берілді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары М. Төлеужанов ауыл тұрғындарын құттықтады. Еңбек ардагері Қ. Тастанбеков ақсақалдың бата тілегімен лентасы қиылды.
Блок-модульді медициналық нысанды Алакөл ауданы әкімі аппаратының тапсырысы негізінде мердігер «QazDamuConstruction» ЖШС 33 млн. теңгеге салған. Нысанның жалпы аумағы 103 шаршы метрді құрайды, ғимаратта 6 бөлме бар. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бір мезетте 15 емделушіге алғашқы медициналық көмек көрсетуге болады. Сонымен қатар, екпе егу, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппаратымен жүрек қағысын тексеруге, жедел және шұғыл медициналық көмек қызметтерін көрсетуге мүмкіндік бар. Мекемеде штаттық бірлікке сәйкес 3 қызметкер еңбек етеді.
Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, былтыр Алакөл ауданындағы елді мекендерде заманауи үлгідегі 1 фельдшерлік акушерлік пункт, 2 медициналық пункт, 3 блок-модульді кешен салынып, халыққа сапалы қызмет етуде.
Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында биылдың өзінде 94 нысан тұрғызылады, соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде салынады. Сол қатарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт бар. Бұл ретте нысандардың 27-сі блокты-модульді құрылыс болады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ