АУЫЛ МӘДЕНИЕТІ КЕҢГЕ ҚҰЛАШ ЖАЮДА

0
230

Мәдениет саласы сан тармаққа бөлінеді. «Театр», «Кино», «Оркестр», «Мұражай», «Кітапхана» ұлттық құндылықтарға бай, қазақ тұрмысындағы қолданыста болған дүниенің бәрі мәдени мұра, асыл-қазынамыз. Қазақтың қолөнерінің өзі өлшеусіз, бағасына құн жетпейтін жәдігерлері бүгінде мұражай төрінде тұр. Темірден түйін түйіп өргізген, малының ет-сүтін азық еткен, жүн мен терісін кәдеге жаратқан көшпенділер.

«Шу асау жылқыны да мініске үйретіп, кен балқытып, қару-жарақ жасаған көшпенділер тері шалбар киіп жүргенде жалаңаш жүрген еуропалықтар көшпенділерден көріп қымтануды үйренген», – деген тарихшы ғалым, халық жазушысы Мұхтар Мағауин. Ол аз десеңіз қазақ халқының бай мәдениетін сипаттаған этнограф ғалым Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», – деген-ді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы: «Мәдениет тарихы түптеп келгенде адамзат тарихы. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады», – деді.
Соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді. Былтыр Президенттің жарлығымен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына ұлттық және академиялық мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасары анық.
Жалпы мәдениет, рухани қазына жайлы том-том кітаптар мен зарттеулер жарық көруде. Мақаламыздың арқауы Ескелді және Көксу аудандарындағы мәдени ошақтарға қатысты болмақ.
КӨКСУ ауданынан алынған мәліметке көз жүгіртсек, ауданда 7 мәдениет үйі, 3 клуб бар. Балпық би ауылындағы орталық мәдениет үйіне – 14, З.Тамшыбай ауылдық мәдениет үйіне – 11, Жетіжал, Талапты, Айнабұлақ, Алғабас ауылдық мәдениет үйіне, Бейсқайнар ауылдық клубына – 7, Мәмбет пен Ақтекше ауылдық мәдениет үйіне – 8, Мұқыры ауылдық мәдениет үйіне – 6 бірлік (штат) беріліпті.
Аудан экономикасы өрлеген сайын ауыл мәдениеті де кеңге құлаш жайып келеді. Кешегі кеңестік кезеңде Талдықорған облысы бойынша екі бірдей халық театры болған жалғыз аудан осы – Көксу ауданы. Оның бірі бүгінде Мұқыры ауылындағы режиссёр, Қазақстанның Халық әртісі Жақып Әбілтаев іргесін қалаған халық театры әлі бар. Өнерлі өңірдің өнерпаздары әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алуда. Соның бірі – «Қара дала» этно-рок ансамблі облыстық байқауда бас жүлде алса, әнші Сәбиннұр Қазарман республикалық, облыстық байқауларда топ жарып жүр. Ауданның техникалық базасы толықтырылып, ұлттық аспаптармен толықтай қамтылған.
Аудан көлемінде үш бірдей халықтық атағы бар ұжым бар. Олар: «Мұқыры» халық театры, «Көксу толқыны» халықтық этно-фольклорлық ансамблі, «Үлгілі балалар» халық оркестрі. Сондай-ақ, заманауи үлгіде қамтылған кітапханалар жұмыс жасауда.
Көксу ауданымен іргелес қоныстанған ЕСКЕЛДІ ауданында 11 мәдениет үйі, 16 кітапхана бар. Елді мекендердегі мәдениет үйлері мен клубтарға – 3 бірліктен берілсе, кітапханаларға – 2 және 1 біріліктен аспайды. Мәселен, Алдабергенов, Бақтыбай, Жетісу, Сырымбет, Қайнарлы, Көкжазық, Қаратал, Жалғызағаш ауылдық кітап-ханаларына – 2 бірліктен, Шымыр, Елтай, Жастар, Ешкөлмес, М.Байысов, Ақын Сара, Қоңыр ауылдық кітапханасына – 1 бірліктен берілген.
Өнер мен мәдениетке тұнып тұрған Көксу мен Ескелді аудандарында халық ақыны Темірғали Рүстембеков, Абай Асылбаев, Қалқа Жапасарбаев, жыршы Кәден Балғынбаевтар өмірге келген. Ескелді ауданындағы екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов ауылында халық театры болған. Өкінішке орай, іргесін Нұрмолда батыр қалаған халық театры тоқырау жылдарына тарап кетіп, қайтадан құрылмады. Аудан өнерпаздары халықаралық деңгейде, республика, облыс көлемде аудан жұртшылығына ерекше дарындылығымен танылып жүрген жас таланттардан кенде еместі. Кейінгі жылдары жеткен жетістіктері бойынша «Айана», «АлиНаз» би ансамбльдерінің (кіші, орта, жоғары) би топтарының жетекшілері, білікті хореограф мамандар Жанар Бешен мен Айнұр Баймұхамбетованың еңбектерін айтуға болады. Сондай-ақ, «Үкілі үміт» республикалық байқауының бас жүлдегері Дильназ Қали, Ақын Сара ауылынан Роза Жанатқызы, Жалғызағаш ауылынан Адель Нүсіпхан, Грузия қаласында өткен халықаралық байқау жеңімпазы Нүрила Ержанқызы, облыстық «Жетісу жұлдыздары» балалар шығармашылығы байқауының жүлдегерлері, жеке бишілер Ксения Дмитриенко, Айана Биболсынқызы, эстрада жанры бойынша Жетісу ауылынан Серуен Дәуенұлы, Қоңыр ауылынан дәстүрлі ән орындаушылары Әсем және Әсер Сержанның есімдерін даралап айтуға болады.
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың өнерін аудан, облыс, республикалық дәрежеге дейін көрсетіп жүрген айтулы өнер тарландары екі ауданда да баршылық. Олардың алған атақ, марапаттарын тізбелеп жатуды жөн санамадық.
Жекешелену дәуірі басталып, мәдениет үйлері мен кітапханалардың есігіне қара құлып салынып, кейбірі талан-таражға түсіп, ұстағанның уысында кеткен заман келмеске кетіп, экс президент Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялаған күннен бастап мемлекет рухани жаңаруға бет алып келеді.
Ескелді ауданы әкімдігінен алынған мәліметке көз жүгіртсек, биыл Қаратал ауылында жаңадан 100 орындық мәдениет үйі салынып, осы жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Қоңыр, Ақын Сара, Жалғызағаш ауылдарында да жаңадан блоктық-модульдік клубтар салынуда, жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Бақтыбай ауылында да мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал блоктық-модульдік клубтарға сатып алуға 150 млн. берілсе, байқау нәтижесі бойынша «Qaz Damu Construction» ЖШС мен Қоңыр ауылындағы блоктық-модульдік клуб 100,6 млн. теңгеге келісімшарт жасалса, Ақын Сара ауылындағы блоктық-модульдік клуб 109,2 млн. теңгеге, Жалғызағаш ауылындағы блоктық-модульдік клуб 112 млн. теңгеге келісімшарт жасасқан. Аудан көлеміндегі мәдениет үйлері мен клубтың барлығы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.
«2000 жылы атқарылған іс шын мәнінде тәуелсіз елдің мәдениет саласындағы түбегейлі жаңа сапаға көтеруге, сол арқылы отандық мәдениеттің тың тынысын ашуға септігін тигізгені айқын. Соның арқасында елдегі мәдениет мекемелерінің жүйесі кеңейіп, мәдени шаралардың дәстүрі де артты. Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар еңсеріле бастағанда қазақ жұрты руханияттылыққа назар аударып, өзінің осы жолдағы кем-кетігін түзеумен болды. Жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда бұған дейінгі экономикалық дағдарыста орын алған олқылықтарды жоюға күш жұмылып, қиын-қыстау кезеңде жабылып, құрыған мұражайларды, кітапханалар мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Атап айтқанда, республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылды. Астанада Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, ҚР Президенті мәдени орталығы, ҚР Мемлекеттік мұражайы ашылып, бұл да елдің рухани-мәдени өміріне айтарлықтай сапалық өзгеріс әкелді, – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық-қа жолдауында. Міне, бұл мәйекті мәдениеттің тамырына бүлкілдеп жүрген қанның әдебиетті, тарихты түгендеуге зор мүмкіндік беруде. Экономиканың қарқын алуы, ауыл мәдениетін де жылма-жыл түлетіп келеді.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ

 


ПІКІР ЖАЗУ