ХАЛЫҚ СҮЙГЕН «КЛАРА»

0
540

Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылының фельдшері Гүлнар ҚАНАҒАТОВА биылғы медицина қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған «Медицина үздігі – 2024» байқауында «Үздік фельдшер» атанған болатын. Қырық жыл бойы адам жанының арашасы болып еңбек етіп келетін ақ желеңді абзал жанмен тілдесудің сәті туды.

«Әр адам мамандықты жүрек қалауымен таңдайды ғой. Ал мен медицинаға кездейсоқ келген жанмын», – деп бастады әңгімесін ол.

Онжылдықты бітірген жылы Семей қаласындағы институттың дене шынықтыру факультетіне түскенмін. Алайда, әкем «алыс жаққа бармайсың» деп оқытпады. Содан бір жыл ауылда болдым. Келесі жылы Талдықорғандағы медициналық училищеде оқитын құрбыма ілесіп, құжаттарымды кездейсоқ сол оқу орнына тапсырып едім, түсіп кеттім. Осылайша 18-19 жасымда мейірбике мамандығы бойынша білімімді жетілдірдім. Аталмыш оқу орнында екі жыл он ай оқып, дипломымды алған соң қаладағы офтоль-мологиялық ауруханасына мейірбике болып жұмысқа тұрдым. Бұл жерде 1991 жылға дейін еңбек еттім. Сол жылы тұрмысқа шығып, сәбилі болдым. 1998 жылы Жалғызағаш ауылына қоныс тептік. Себебі жұбайым осы ауылдық округке қарайтын Биғаш деген ауылдан болады. Ол кісі органда қызмет етіп, зейнет жасына шыққан соң ауылға бет түзейік деп шештік. Елді мекенге келген соң алты айлық дайындық курсынан өтіп, фельдшерлік мамандық бойынша білім алып шықтым. Сөйтіп, жиырма алты жылдан астам уақыт осы міндетті атқарып келемін.

ӘРІПТЕС ЛЕБІЗІ

Гүлім СМАҒҰЛОВА, тазалықшы: «Гүлнар Қисақызымен бірге жұмыс істегелі үш жылдан асты. Өте талапшыл, білікті жан. Алдына келген әр адамды жылы қабылдайды. Ауыл халқының сүйікті дәрігері десек болады. Акушерлік пунктке келген кез келген адамның бірінші сөзі «Клара бар ма?» дейді. Ал «Гүлнар Қисақызы» деп айтсаңыз «ол кім?» деп таңырқап қалады. Халық сүйген «Клара» апаймен бірге еңбек еткенімді өзім мақтан етемін. Ел алдындағы өлшеусіз еңбегіне табыс тілеймін».

Гүлнар Қанағатованың кіндік қаны тамған мекен бұрынғы Андреев ауданының (қазіргі Алакөл ауданы, Қабанбай ауылы) Дзержинск деген ауыл. Отбасындағы төртінші бала. Кейіпкеріміздің есімі құжат бойынша Гүлнар болғанымен атасы «Гүлнар» татардың есімі» деп ренжіген соң отбасындағылар оған «Клара» деп ат қойып, ел ішінде осы есіммен аталып кеткен екен. Қазірге дейін оны құжаттағы есімімен емес, «Клара» деп таниды.
«Жалғызағашта 2002 жылдары тұрғындар саны 1400-ден асып жығылатын. Араға он жыл салып адам саны азайып, қазіргі таңда екі елді мекенді қосқандағы тұрғындар саны 1127 адам. Халық саны көп кезде дәрігерлік амбулатория болатын. Адам саны азайған соң фельдшерлік-акушерлік пункт болып қалдық. Бүгінде ауылда 1 жасқа дейінгі – 10, 14 жасқа дейінгі – 327 бала бар. Жалпы мектепте 260 бала оқыса, шағын орталықта 20 бала бар. Жыл сайын жаңа туған сәбилер саны да артып келеді. Бүгінгі таңда 7 жүкті әйел тіркелген. Елді мекен тұрғындарының денсаулығы қалыпты жағдайда.
Медицина саласының көтерер жүгі салмақты ғой. Біз дәрігерлер адамдарға Алла берген өмірді өшірмеуге тырысамыз. Сол үшін еңбек етеміз. Бір күндік сәулеге, жарық дүниеге ештеңе жетпейді. Мен сол жолда еткен еңбегімнің қуанышына рахаттанатын адаммын», – деп ағынан жарылды Гүлнар Қисақызы.
Өз сөзінде кейіпкеріміз дәрігерлік жолдағы қиын кезеңдердің де басынан өткенін әңгімеледі. Осы тұста әрдайым жанына желеу болып, бір жағына шығысып жүретін жұбайының қолдауы көп болғанын да жасырмады.
«Бір кездері ауылда жедел жәрдем көлігі, дәрі-дәрмек болмады. Сол тұста шақыртуға жаяулатып баратын едік. Әсіресе, түнделетіп жүретін кездер жиі болатын-ды. Осы тұста жұбайымның көмегі көп тиді. Қыстың қақаған аязына қарамай үнемі менімен бірге жүретін. Ал қазір көш ілгеріленді ғой. 2010 жылдан бастап аяғымыздан нық тұрдық. Жаңа жедел жәрдем көлігіне қол жеткіздік. Дәрі-дәрмек те жеткілікті, ЭКГ аппаратын да алдық. Бүгінгі таңда ауыл халқының денсаулығын жақсарту жолында барлық игілікті істер жасалып келеді. Ауылдық округ тұрғындары үшін жыл сайын үш мәрте аудан орталығынан медицинаның қолжетімділігін арттыру мақсатындағы көмектер көрсетіліп тұрады. Яғни жылдың көктем, жаз және күз айларында ауыл халқы толық тексеруден өтеді.
Бүгінгі таңда Жалғызағаш ауылдық округіндегі фельдшерлік-акушерлік пунктте акушерка, медбике, тазалықшы, күзетші, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі және өзім, жалпы 6 адам еңбек етеміз. Ал Биғаш ауылындағы модульді медициналық пунктте үш адам жұмыс істейді. Бұл ауылда 180 адам тұрады. Дәл қазіргі таңда медбикеміз жұмыстан шығып кетті. Сондықтан аптасына бір рет өзім барып, ауыл халқына қабылдау жүргізіп тұрамын», – дейді кейіпкеріміз.
Сондай-ақ, ол 2010 жылы берілген жедел жәрдем көлігінің ескіргенін де айтты. «Биыл аудандық аурухананың директоры жаңадан көлік беріледі деп айтқан. Дегенмен, елді мекендегі тұрғындардың саны аздау болғандықтан қалай болар екен?! Негізі жаңа жедел жәрдем көлігін алу үшін ауылдағы адам саны 1800 болуы тиіс. Енді аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл деп берілмесе…» – деген Гүлнар Қанағатова біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі биік екенін, дәрігерліктің өзге мамандықтан ерекшелігі сол жұмыс барысында еш қателесуге болмайтынын, бұл тұста олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп отыратындарын да тілге тиек етті.
Ақ желеңді абзал жанмен тілдесуде дәрігерлік салаға кездейсоқ келгенін айтқан еді. Бірақ кездейсоқ келген мамандығы оны көпке танытты десек болады. Медицина саласында жүріп жеткен жетістіктері аз емес. Аудан, облыс әкімінің, сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасының диплом, алғыс хаттарымен марапатталды. Өткен жылы аудан бойынша «Үздік фельдшерлік пункт» деген номинацияны жеңіп алды. Ал биыл медицинадағы қырық жылғы еңбегі бағаланып, «Үздік фельдшер» атанды.
«Менің осындай мәртебеге жетуім еңбегіміді елеп-ескерген Ескелді аудандық орталық ауруханасының директоры Сәуле Құсмолданованың арқасы деп ойлаймын. Осы байқауға қатысуға лайықтысыз, құжаттарыңызды өткізіңіз деп қолқа салған сол кісі болатын. Сондықтан басшылыққа айтар алғысым шексіз. Ауыл медицинасының жандануына үлесімізді қоса береміз», – дейді ол.
Қағазбастылық медицинаны да меңдеген дерт. Осы орайда Гүлнар Қисақызынан «Жұмыстарыңызда қағазбастылық әлі де бар ма?» деп сұрадық. Бұл тұста ол қағазбастылықтың әлі де азаймай тұрғанын жасырмады.
Іргетасы 1968 жылы қаланған фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимараты ауылдық әкімдіктің балансында екен. Бүгінге дейін ағымдық жөндеу жұмысы ғана жүргізіліп келген ғимараттың іші тым ескі. Бұған қатысты Гүлнар Қисақызы: «Биыл жөндеу жұмысы жүргізілмесін, жаңа акушерлік пункттың құрылысы басталады» деген соң тым-тырыс отырмыз», – дейді.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Айнагүл НҰРБЕКОВА, ауыл тұрғыны: «Жиырма жылдай ауыл мектебінде орыс тілінен сабақ беремін. Клара апай – ауылымыздың «доктор Айболиті» ғой. Сырқаттанып қалсақ бірден сол кісіге жүгінеміз. Күн, түн демей әркезде қолұшын беруге әзір тұрады. Жұмысына өте тиянақты жан».

Нұрғали ТАЛДЫБЕКОВ, ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі: «Осы ауылда туып-өскен жанмын. Клара қызымызды ауылға келгелі бері танимын. Өз ісін сүйетін білімді дәрігер десем асыра айтқандық емес».

Дана халқымыз «Мейірімділік – жүректен» деп жатады. Бұл тұста Клара қызымыздың алдына келген әр жанға қамқорлық танытуының өзі оның жүрегінің кеңдігі деп білемін. Дәрігер мен науқастың арасында бір-біріне деген мейірімділік болса кез-келген аурудың бетін қайыру қиын емес қой. Сондықтан ауыл медицинасының алға жылжуына үлесін қосып келетін мейірбан жанның жұмысына толағай табыс тілеймін».

Меруерт БИЖАНОВА, ауыл тұрғыны: «Мектепте әлеуметтік падагог болып қызмет етемін. Клара апайымыз өз ісіне берілген білікті дәрігер. Алдына келгендердің бәріне бірдей көмек беруден еш аянып қалған емес. Ауылымызда осындай дәрігердің бар болғанына шүкір дейміз».

Иә, жетістіктер мен кемшіліктер әркез қатар жүреді. Десе де заман талабына лайықты өмір сүру үшін ауылдықтарға ғана емес, жалпы жұртқа сапалы медициналық инфрақұрылым ауадай қажет. Ауыл-аймақты айтпағанда, кейбір қалалардың да медициналық ахуалы мәз емес. Ал біз барған Ескелді ауданына қарасты Жалғызағаш ауылдық округіндегі ауыл медицинасының жайы көңіл көншітеді.
Құдай қосқан қосағы Әділ екеуі үш қызды тәрбиелеп, немере сүйіп отырған, ауыл медицинасының алға басуына өзіндік үлесін қосып келетін Гүлнар Қисақызына ел алдындағы еңбегіңіз жана берсін дейміз.

Сарби ӘЙТЕНОВА 


ПІКІР ЖАЗУ