«ЕЛДЕ БОЛСА ЕРІНГЕ ТИЕДІ»

0
224

Жетісу облысы аграрлық салаға, яғни ауыл шаруашылығына негізгі басымдық береді. «Шыбық қадасаң шынарға айналып шыға келетін» өлкеде төрт түлік бағып, дәнді-дақылдар өсіруге қолайлы. Өзендер өрнектеген өлкенің табиғаты да көркем, таулы, жасыл орманды, құмды, жыңғыл, жусанды болып келеді. «Түгін тартсаң майы шығатын» қара топырағында түрлі жемістер мен егін ексеңсіз екі есе өнім аласыз.

Мыңғыртып қой, жылқы, табын-табын ірі қара мал өсіріп, шаруашылығын шашау шығармай ұйыстырып отырған малшы қауым жылдың төрт мезгілінде көшіп жүреді. Жаз-жайлауға, күзде күзекке, қыста қыстауға көктемде көктеуге төрт түлігін өргізіп, жыл он екі ай бел шешпейді. Кешегі кеңестік кезеңде малды атпен жаятын шопандар бүгінде жекеменшік малын «джиппен», «мотоциклмен» бағатын болған. Бұл да дәулеті артқанының арқасы. Мал басын көбейтіп, егін егіп, өнімін өткізіп отырған мал шаруашылығының кәсіпкерлері «балтырын байпақ қысқан байға айналғандары» қаншама? Төрт түліктен мұрты майланғандары малшы жалдап, малын бақтырса, кейбірі өздері балашағасымен бағуда. Бүгінде мал бағатын малшы табу да қиямет-қайымға айналған. Мал өсірумен қатар егін шаруашылығын да қатар алып жүрген шаруалар жер тырмалап, мал өсіріп, «екі тізгін бір шылбырды тең ұстағандардың дәулеті артып, сән-салтанатты өмір сүруде.
Ескелді ауданы бойынша биыл мал азығы үшін 207,9 тонна жем-шөп дайындалуы керек болса, 29 шілдеге дейін 152,9 тоннаның үстінде мал азығы дайындалған (немесе берілген тапсырманың 73,6 пайыз орындалған), оның ішінде: шөп – 117,2 тонна, пішендеме – 12,7 тонна, сабан – 13,0 тонна, жем – 10,0 тонна. Бұл – шабындықтарда шабылған шөп. Енді осы шабылған шөпті қазіргідей ауа райы жауын-шашынсыз қолайлы болып тұрғанда тасып алуға күш салып жатқан аудан еңбеккерлері уақытты тиімді пайдалануда. Жалпы аудан көлемінде 2024 жылдың 1 шілдеге дейінгі есеп бойынша ірі қара – 35332, қой –135157, ешкі – 20555, жылқы – 17525, түйе-46, шошқа – 610, құс – 34243. Қыстан қысылмай шығуға керек мал азығының мөлшері шөп – 124,1 тонна, пішендеме – 12,7 тонна.
Егін және көкөніс дақылдарына қатысты ақпарат. Егін – 52801,7 гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді-дақылдар 29444 га, майлы дақылдар 10527,86 га, картоп 1097,4-га, көкөністер мен бақша дақылдары 1029,4 га, қант қызылшасы 3062,93 га себілген. Бүгінде аудан еңбеккерлері екінші жыл қатарынан астық жинауда жақсы көрсеткіштерге жетіп жүр. Мәселен, қызылшадан 2023 жылы аудан бойынша 72 шаруашылық 1911,6 га тәтті түбір егіп, жинау жұмыстары басталғанда 1911,6 га жерден 133 968 тонна қант қызылшасын жинап, қант өңдейтін зауытқа 121 037 тонна қызылша өткізген. Ал 2024 жылғы жоспарға сәйкес егіс көлемін 2478 га ұлғайтып, өнім алуды өткен жылғыдан кем алмауды жоспарлап отырған аудан қызылша жинау науқанына сақадай сай дайын отырғандарын айтуда.
Сонымен қатар, 29 шілдеге дейінгі аралықта дәнді-дақылдар, оның ішінде: күздік бидай 30,2%-ға (2325 га), жалпы алым 6050 тоннаны құрайды, орташа өнімділігі гектарына 26,0 центнер, жаздық арпа 23,4%-ға (3868 га), жалпы алым 8896 тоннаны құраса, орташа өнімділігі гектарына 23,0 центнерден айналған. Аудандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде сыйымдылығы 73000 тонна болатын 61 бірлік қойма үй-жайлары бар және жаңа егіннің астығын қабылдауға және сақтауға дайын отыр. Сондай-ақ, картоп пен көкөністерді сақтауға арналған сыйымдылығы 2000 тонна болатын 2 көкөніс қоймасы бар. Дәнді-дақылдар жинау мен мал азығын дайындау жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Қыркүйек айының ортасында диқан қауым тәтті түбір жинауға белсене кіріспек.
Биыл ауа райының жауынды-шашынды болуы шаруалар үшін айы оңынан туылған жыл болып тұр. Жаз жайлаудан күзекке түсетін шопан қауымы үшін алажаздай күтіп бапталған дәнді-дақылдар мен қызылша өнімін төкпей-шашпай жинап алса, төр түлік жайылатын өрістің де көлемі ұлғаймақ. Таудан малы қоңды түскен шопан қауымы енді қыстауларға малдаң жем-шөп қорын толықтай жеткізіп алуға күш салуда. «Елде болса ерінге тиеді» деген осы да.
Өздерін-өздері жұмыспен қамтып, өзгелерге де жұмыс орнын тауып беріп отырған Ескелді ауданының шаруашылық саласындағы кәсіпкерлері егістік алқаптарын жылма-жыл ұлғайтуда. Мал басының саны да артуда. Әсіресе, ауылды жерлерде кәсіпті диқаншылық пен төрт түлік өсіруді қолайлы көргендер субсидия алып, қам-қарекет жасауда. Қазақ мұндайды «Еңкейген екі асайды» деп тәмсілдеген. Ауылшаруашылық саласы бойынша Ескелді ауданы көп жетістікке жетіп, заманауи технологияларды да өндіріс саласына енгізуде.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ