ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ 30 700 АДАМ ТҰР

0
737

Баяғыда Жиренше шешен аядай күркеден аяғын созып жата кетіп «Өз үйім өлең төсегім» деген екен. Сол Жиренше шешен айтпақшы, «өз үйім болса» деп армандап, сарылып кезекте тұрған жандар қаншама. Жетісу облысында жылма-жыл тұрғын үйлер салынып, кезекте тұрғандарға рет-ретімен үлестіріліп келеді. Оның сыртында 10 сотық жер телімін алып, баспана салып жатқандар да баршылық.

Жалпы баспанаға қатысты дау-дамайдың басы Алматы облысының құрамында тұрғанда әкім-қаралардың бармақ басты, көз қысты әрекетінің бір ұшы осы баспанадан шыққан-ды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарат Кемелұлы «Әділетті Қазақстан құру жолында қалың бұқараның мұң-мұқтажына құлақ түріп, баспанаға қатысты тергеп-тексеру басталғанда өз алдына қайта отау құрған Жетісу облысында кезінде заңсыз берілген мыңнан астам баспана тәркіленіп, кезекте тұрғандарға үлестірілген болатын. Тұрғын үй мәселесі бойынша қоғамда үлкен резонанс тудырған өзекті тақырып аясында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев халыққа жолдауында елді мекендерде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін жергілікті билікке тапсырған болатын.
Баспана мәселесі әлі де бас ауыртып, балтыр сыздатады. Алматы облысын 2005-2011 жылдары Серік Үмбетов басқарып тұрғанда өте бір жақсы жоба қолға алынған-ды. Ол жоба «Жетісу әлеуметтік корпорациясы» деген атау алып кәсіпкерлердің күшімен түрлі жобалар іске асырылмақ болған-ды. Алайда, Серік Үмбетов басқа қызметке ауысқанда аталмыш жобаның аяғы сиыр құйымшақтанып, іске аспай қалды. 2014 жылы облыс тізгінін қолына алған Амандық Баталов «Береке» ықшам ауданында коттедж қалашығын саламыз деп ұрандатты. 213 баспана салмақ болған. Алайда, 197 баспана салынып, оның 30-дан астамы ғана кезекте тұрғандарға пайдалануға берілген. Бұл баспанада тұрып жатқандардың мұң-зары әлі басылмай келеді. Тұрып жатқан үйлерінің сапасыз салынуы әрі мемлекеттік балансқа алынбай, ауада қалып тұрғаны ақпарат құралдарында күні бүгінге дейін жазылып келеді. Осы қалашықты салуға 8,5 миллиард қаржы жұмсалғаны айтылуда. Қазір 200-ге жуық үй талапқа сай салынбағандықтан баспаналар бүлінуде. Бұл қалашық туралы прокуратура органы қылмыстық іс те қозғап, жауаптыларға сот үкімі де шығып қойған. Мемлекет қаржысын желге ұшырған экс әкім Амандық Ғаббасұлының мұртын балта шапқан жоқ, аман-сау зейнетақысын алып, тыныш өмір сүруде. Баспана кілтін алған отыздай тұрғын әлі күнге ұлардай шулап жүр. Қабырғасы қаланып, шатыры жабылған 200-дей баспана сапасыз салынғандықтан мемлекеттің балансына әлі өтпей тұр. Бүгінде Жетісу облысында тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың жалпы саны 30 700 адамды құрайды (оның ішінде: халықтың әлеуметтік осал топтары – 13074, мемлекеттік сектор қызметкерлері – 8673, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 3062, көпбалалы аналар – 5750, мүгедектер мен соғыс ардагерлері – 4, сондай-ақ тұрғын үйі апатты деп танылған 137 адам бар). Ағымдағы жылы 1068 азамат тұрғын үймен қамтылған. Оның 135-і көпбалалы отбасылар, 162-і халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санаттары, 38-і жетім балалар. Ал тұрғын үй кезегінде тұрғандарға түрлі бағдарлама арқылы баспаналы болуға мүмкіндіктер бар. «Кредиттік тұрғын үйлер» 637, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер – 273, авариялық КҚТҮ тұрғындарына үйлер сатып алу – 58, ХӘӘТ үшін жалға берілетін тұрғын үйлер сатып алу – 100. Бұл «Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған» тұжырымдамасы бағдарламасы, «Жетісу жастары» және сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер ұсынылуда. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарда бюджеттік мекемелер санатында кезекте тұрған азаматтарға тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған» тұжырымдамасы аясында Талдықорған қаласындағы 9 шағын ауданында орналасқан кредиттік несие бойынша «Отбасы Банк» АҚ арқылы сатылымға шығуда. 2024 жылдың шілде және тамыз айларында осы бағдарлама бойынша 9 шағын ауданда орналасқан 308 пәтер «Отбасы Банк» АҚ арқылы сатылымға шығатын болады. Бұл бағдарламаға 18 жас пен зейнеткерлік жасқа дейінгі (64 жасқа) азаматтар қатыса алады. Бағдарламаның негізгі шарттары Жетісу облысы бойынша «Kezekte.KZ» сайтында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар белгілі бір санатта есепте тұруы қажет. Қарыз сомасы 18 млн. теңгеге дейін. (1 ш.м. 238 теңге). Алғашқы жарна 10%, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемесімен беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін болады. Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 2% мөлшерлемесімен қолжетімді несие алуға өтініш бере алады, олар бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар. Жергілікті атқарушы органдарда баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың келесі санаттары жылдық 5% мөлшерлемесімен қолжетімді несие алуға өтініш бере алады, олар бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік саладағы қызметкерлер. Сондай-ақ, аудандарда берілетін кредиттік тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-мен қарастырылған. Бүгінгі таңда «Асыл мекен» бағдарламасы ауылдық елді мекендер тұрғындарына арналған. Алғашқы жарна 10%, сыйақы мөлшерлемесі 5 %, несие мерзімі 11 жылға дейін. Қарыз сомасы 10 млн. теңгеге дейін. Ауыл мамандарын қолдауға арналған 2024 жылы «Жерұйық» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылуда. Бастапқы жарна 10 %, қарыз сомасы 15,0 млн. теңге, сыйақы мөлшерлемесі 5%. Аталған бағдарламаға аудандық, ауылдық округтер тұрғындарына, аграрлық сектор қызметкерлері қатыса алады. Бұл бағдарлама 67 отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі уақытта жергілікті атқарушы орган мен «Отбасы банк» АҚ арасында келісімшарттарға қол қойылуда екен.
Баспана мәселесіне қатысты облысқа жақын аудандардың бірі – Көксу ауданында 2023-2024 жылы қанша баспана кезекте тұрғандарға берілгенін туралы сұрау салып, ақпарат алдық. 2023 жылы Көксу ауданы, Балпық би ауылындағы Қаблиса көшесі № 53 А мекенжайында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қабылдау актісі жасалған. Сонымен қатар өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілетін 40 жалгерлік тұрғын үй сатып алынып, кілті табысталған.
2024 жылға Көксу ауданы бойынша әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілетін жалпы ауданы 60 ш.м кем емес 50 жеке тұрғын үйге жоспар берілсе, Балпық би ауылынан 23 жеке тұрғын үйдің құрылысын «Smart Taldykorgan» ЖШС, Балпық би ауылында 7 жеке тұрғын үйдің құрылысын «Atameken Grand Construction», Жарлыөзек ауылында 10 тұрғын үйдің құрылысын «ВостокСтройЭнерджи» ЖШС, Мұқыры ауылынан 10 тұрғын үйдің құрылысын салу үшін «Коксу проект» ЖШС жүргізуде екен. Ауданда 2023 жылы кезекте мұқтаж ретінде тұрған халықтың осал тобына жатқызылатын 40 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 31, толық емес отбасылар – 3, І-ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар – 2, жанұясында мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала асыраушы отбасы – 4 адам баспанамен қамтылған.
Жетісу облысы қайта құрылғалы бері баспанаға қатысты бармақбасты көз қыстылық әрекеттердің бәрінің жолы кесіліп, бұл жұмыс бір жүйеге түсті. Бүгінде облыс бойынша баспанаға қатысты өзекті мәселе жоқ. Тек қана «Береке» ықшам ауданындағы экс әкім Амандық Баталовтың аяқтамай кеткен әрі сапасыз салған үйлері блогерлер мен журналистердің мақалаларынан түспей жүр. Қалашықта тұрып жатқан тұрғындардың өкпе-реніштері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге тарауда. Мәселен, тамыз айының басында республикаға тарайтын «Жас Алаш» газетінің тілшісі Тұрсынбек Башардың жергілікті журналист Дина Искаковамен сұқбаты жарияланды. Сондай-ақ, Youtube каналында «Береке» қалашығындағы тұрғындардың, тұрып жатқан баспаналарының сапасыздығы әрі қабырғадағы пенопластарды тышқандар кеміріп жатқаны туралы шағымдары айтылған.

Айтақын МҰХАМАДИ 


ПІКІР ЖАЗУ