ТОЗҒАН ТЕХНИКА, ЖЫРЫ БІТПЕГЕН – ЖАНАРМАЙ
Жетісу облысы аграрлық сала болғандықтан негізі бағыт ауыл шаруашылығына басымдық беріледі. Заманның ағымына және нарық жүйесіне орай «екі тізгін бір шылбырды тең ұстап өнім өндіретін кәсіпорындар да баршылық.
Жер еміп, төрт түлік өсіріп отырған шаруалар үшін «бас ауыртып балтыр сыздататын» мәселенің бірі жаңа техникамен, жер су және жанармай мәселесі толғақты болып тұр. Жылма-жыл егістік көлемі ұлғайғанымен оны игеретін заманауи техника қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын уақытылы жаңартып тұруды тапсырып, көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 трлн. теңгеге дейін арттыру керектігін, айтты.
«Инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 млрд. теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 млрд. теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауылшаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарады», – деді Президант.
Алайда, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы жергілікті жерде баяу жүріп жатқанын байқауға болады. Өңірлерге шығып, кез келген диқандармен сөйлесе қалсаң, су және техника, жанармай мәселесін көлденең тартады. Жаңасын алуға қаражаты жетпей, қол байлаулы деседі. Ірі корпорациялар болмаса шағын серіктестіктердің қожалары көктемде егін егерде және орақ науқаны басталғанда ескі техникаларға арқа сүйеп жүргендерін де тілге тиек етеді.
«КазАгроҚаржы» АҚ арқылы алты-жеті пайызға техниканы жеңілдікпен алады, ал оны он жылға дейін төлеу де оңай емес. Өнім бірде мол, бірде аз береді. Оған жұмсалатын түрлі химиялық өнімдер әрі уақытылы суғару да үлкен жұмыс. Су тапшылығы да барын айтады шаруалар. Мәселен, былтыр Панфилов ауданының диқандары жүгерілерін өткізе алмай әлекке түсті. Мол өнім ысырап болды. Ауыл шаруашылығы техникаларының 58 пайыздан астамы ескірген. Тозған техникаларға қарап қалған шаруалар жиын-терін кезінде қиналатындарын айтуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпарат бойынша шаруалар қолында 22 мыңға жуық түрлі техника бар екен. Оның 10 жылға дейінгісі – 9, 4 бірлік, 10 жылдан жоғарғысы – 13 бірлік. Осы тозған техникаларды жыл басынан бері жаңарту бойынша он миллиард теңгеге 727 бірлік техника алынған. Қант өнімін өндірушілерге арналған 8 даярлау пункті ашылып, 2 миллард теңгеге 62 техника алынған. Технозорлар аудандарды аралап, 676 ескірген техниканы есептен шығарған. Жалпы жыл сайын 3 мыңға жуық ескі техника есептен шығарылса, шаруалар заманауи техникаға қол жеткізу мақсатында «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы алты пайызбен техника алады екен. Ескі-құсқы техникасын жамап-құрап егіс алқабында жүрген шаруалардың жыл басынан бері 3000 ескі техникасы есептен шығарылған болса, 727 бірлік жаңа техникаға қаншасы қол жеткізгені бізге беймәлім. Үлкен қожалықтардан қалған ескі техникамен әупірімдеп күн көріп жүрген орта шаруалардың қолы жаңа техникаларға жетсе, құба-құп. Орта шаруалар мемлекетке иек артуда, мемлекет те түрлі жеңілдіктерді ұсынып келеді.
Жетісулық диқаншылардың көңілін көтеріп тұрған бір өнім – қант қызылшасы еді. Ауыл шаруашылығы басқармасының № 006 бюджеттік бағдарламасы бойынша тоннасы 25 мың теңгеге бағаланған. Құжат электронды жүйеде қабылданады. Ал өңдеуші кәсіпорын тоннасын 15000 теңгеден қабылдап жатқанын айтады ауыл шаруашылығы басқармасын-дағылар. Тәтті түбір еккендер пайдаға кенелеміз деп, егістік алқаптарын ұлғайтып, енді тәтті түбір жиналар кезде жанар-жағар май мәселесі туындапты.
«Мұнымен қай жыртығымызды жамаймыз. Мол өнім аламыз деп үміттеніп отырғанда жиын-терін уақытылы аяқталмай, өнім далада қала ма деп алаңдаймыз», – дейді жетісулық шаруалар 31 телеарна журналистеріне берген сұхбатта.
Александр Квитко: «Биыл 62 гектар жерге қант қызылшасын ектім. Ерте көктемнен бергі есіл еңбектің өнімін 20 күннен кейін жинап алуым керек. Алайда, жанармайдан таршылық көріп тұрмын, Үкімет бөлген арзандатылған дизель отыны алқаптың жиырма пайызына ғана жетеді. Қандай ғылыми кеңес ол, бізге 30 литр жанар-жағармайды санап берген. Сіздер түсінесіздер ме, біз қант қызылшасын 80 пайызын жинай алмай қалуымыз мүмкін. Сол маман менің шаруашылығыма келсінші, мен оған 30 емес, 50 литр құйып берейін, қызылшаны жарты гектардан да жинай алмайды. Күзгі жиын-терімге бағамен берілетін сұйық отынның көлемі қысқарған. Министрлік биыл тәтті түбірдің әр гектарына 30 литрден ғана дизель бөліпті. Шаруалар бұл тым аз деп отыр».
Ғазиз Жеткеев: «Қылшаны алқаптан қазып алып зауытқа жеткізгенге дейін тағы да жанармай кетеді. Ол әрқалай, зауыттын қашықтығына байланысты. Сондықтан, менің ойым, науқан кезінде жанар-жағармайды дұрыстап есептеп, жеткілікті бөлу керек».
Ал минстрлік ауыл шаруашылықтарына берілетін дизелдің бағасы қайта қарастырылып жатқанын жеткізді. Қазір дизель жанар-жағармайы қымбат, литрі 295 теңгенің төңірегінде болып тұр. Егер шаруаларға науқан кезінде егінді жинап алуға жанармай толықтай жетпесе, есіл еңбектері еш кеткелі тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметі бойынша биыл Жетісуда 510,1 гектарға егістік, 13,7га қант қызылшасы, 41,1га жүгері, 88,5 майлы дақылдар, 294,2 га дәнді-дақылдар, 98,1 га азықтық дәнді-дақылдар егілгенін айтуда. Ауылшаруашылық саласында Жетісу облысы республикалық деңгейде төмен көрсеткіш көрсетпеген. 519 мың гектар егіс алқабынан 1,9 млн. тонна өнім жинап, 880 мың тонна дәнді-дақыл қамбаға құйылған. Бұдан да жоғарғы көрсеткіштерге жетуге жетісулық шаруалардың мүмкіндігі бар. Жоспарланған меже бойынша 2025 жылы 1 миллион тоннаға жеткізуді алдағы жылға мақсат етіп қойып отыр. Алайда, жоспарлап айту бар да оны жүзеге асыру үшін заманауи техникалар қажет. Шаруалардың екі қолын төртеу ететін де осы тегеурінді техникалар. Сонау кеңес одағының кезінде қант қызылшасымен жүгеріден рекордтық көрсеткіш көрсеткен бұрынғы (Талдықорған) жаңа атау алған Жетісу облысы осы айтулы екі өнімнен нарық дәуірінде кем өнім алып отырған жоқ. Әттең-ай дейтін тұстары техникалары ескірген әрі қызылша өнімінің бағасы шаруаларға оңай болғанымен жүгері өсірушілер үшін өкінішті болып тұр. Жаркенттік диқаншыларға қатысты сәл кейінірек тоқталамыз. Күзгі жиын- терінге жанармай жетпейді деп ақпарат құралдарына жүгінген жетісулық шаруалар өткен жылы қант қызылшасының орташа шығымы 433 центнерден өнім алған болатын. Биыл меже өнімінің шығымына қарап былтырғыдан жоғары болмаса төмен болмайды деп болжануда. Қызылша өсіруде өткен жылы Ақсу, Алакөл аудандарында өнімділік төмен нәтиже көрсеткен. Мұның түп төркіні айналып келгенде техникаларға тірелуде. Заман үлгісіне сай жаңа техникалармен уақытылы қамтылса, төмен нәтиже де болмайды. МТС-ларды жаңарту мақсатында 11 млрд. теңгеге 650 бірлік техника сатып алынған. Соның өзінде Ескелді, Қаратал, Кербұлақ секілді бірқатар ауданның техниканы жаңарту деңгейі облыстық көрсеткіштен төмен. Ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында сервистік дайындау орталықтарының аясын кеңейту жұмыстарын жандандыру қолға алынуда. Бұл сервистік құру жұмысы биыл да жалғасатынын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев айтқан болатын. Тәтті түбір егістігі былтыр 2 есе ұлғайтылып, 8,7 мың гектарға балтамыр егілген. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 7 мың гектарға артып 524,8 мың гектарды құраған. Егер шаруалар дабыл қаққандай жанар-жағармайдан таршылық көрмесе, Жетісу облысы қызылшадан мол өнім аламыз деп айтуда. Өйткені биылғы шыққан өнімнің күтіп-бапталуы көңіл қуантып тұр. Басты мәселе техника болған соң шаруа қожалықтарына қарай ойыссақ. Мүмкіндік болса шаруа қожалықтары өздеріндегі ескірген техникаларды есептен шығарып тұруы керек. Алайда, қолдарының қысқалығынан әрі қаражат жетіспеушілігінен жарамсыз техниканы жамап-жасқап ілдалдап күн көріп отырған шаруашылықтар бар. Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпаратқа сәйкес, биыл қызылша бағытына сегіз сервистік дайындау оралығы құрылыпты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәлімет бойынша, былтыр тауар өндірушілер жалпы құны 10,7 млрд. теңгеге 536 бірлік жаңа техника сатып алған. Оның ішінде «ҚазАгро Қаржы» АҚ арқылы 3,6 млрд. теңгеге 204 бірлік, Аграрлық несие корпорациясының «ҚазАгробизнес» лизингтік бағдарламасы арқылы 1,9 млрд. теңгеге 133 бірлік, «BNK Irrigation» лизинг компаниясы арқылы 0,2 млрд. теңгеге 23 бірлік техника алынған. Жылма-жыл жаңа техникалар алынып жатыр десек те Текелі қаласы мен Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандарында ауыл шаруашылығы техникасының 77 пайызы ескірген. Сонда бұл аудандар мол өнімді қайтып алмақ. Жиын-терін кезінде көрші аудандардаң шаруалары бір-бірінен жылу сұрап жүреді. Мәселен, былтыр ақсулық шаруа иелері Сарқан ауданының техникасына жүгінген. Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылының әкімі Ержан Шәкеров былтырдан бастап қызылша егуді түпкілікті қолға алғандарын айтуда.
Кеңестік дәуірде қызылша кеңшары болып тәтті түбір өсірудің қыр-қырын жетік білетін көнекөздердің ақылына жүгініп отырғандарын айтқан ауыл әкімі техниканың жоқтығынан кеңге көсіле алмай отырғанын да тілге тиек етті.
Көлбайлық шаруалар былтыр науқан кезінде Сарқан ауданының техникасын жалдапты. «Жоқ жомарттың қолын байлапты» демекші, өздерінде науқан жүріп жатқандықтан техниканы күтуге мәжбүр болған. Бұл, бірішіден, уақыттан ұтылады, екіншіден, ауа райының құбылуына алып келеді. Көлбайлық шаруалар былтыр техниканың жоқтығынан науқанды дер кезінде бастай алмай, Сарқан ауданынан техника алғанша тәтті түбірлері жауын-шашынға ұрынып, ауа райының ашылуын күтіп уақыт жоғалтқан.
Тәуелсіздік алғаныымызға 34 жыл болса да ауыл шаруалары әлі күнге дейін кеңестік техникаларды кәдеге жаратып жүргендерін айтуда. Демек бұл ауыл шаруашылығындағы толғақты әрі түйткілді мәселе болып тұр.
«Жауырды жабы тоқып, жаңа техникалармен қамтылып жатырмыз десекте, ауылдардағы ұсақ және орта шаруалардың жаңа техникаларға қолы әлі толықтай жетпей жатқанын Көлбай ауылының шаруаларынан көруге болады. Оны ауыл әкімі Ежан Шәкеровтың өзі де ашық айтып отыр.
«Ұсақ шаруалар әбден тозығы жеткен ескі техникалармен күнелтуде. «Нива», «Енисей» комбайндарын әрі кетсе 2-3 маусымға қолданатын, ал «К-700» тракторын 6-7 жылда жаңартып отыратын еді. Сол техникалар әлі егін басында жүр. Тіпті тұқым себетін агрегаттардың сыны кеткен. Бір басы тұқымды 7-8 см сіңірсе, бір жағы 4-5 см тастайды. Содан өнім біркелкі өнбейді. Топырақ тереңге түскен тұқымды шірітіп жіберуі мүмкін», – дейді агроном Асыл Айдаров.
Өткен жылы Жетісу жеріне 650 бірлік жаңа техника алынған. Жылма-жыл ауылшаруашылық техникаларын жаңартып жатқаны айтылуда. Алайда, есептен шықпай егістік басында жүргенінен тұрғаны көп ескі техникалар мен орта және ұсақ шаруалар ұзаққа бара алмасы айдан-анық. Бір сөзбен айтқанда Жетісу облысының ауыл шаруашылығы ескі техникалардан толық арылмай, ауыл шаруашылығы алдыға қарыштап кете алмайды. Енді мақалаға арқау болған Панфилов ауданының диқаншыларына ойыссақ. Панфилов ауданының жүгері егушілері былтыр шеккен жападан кейін биыл жүгері егістігін 3000 гектарға дейін кемітіп жіберген. Бұл мәселе Парламент мәжілісіне дейін көтеріліп, ешқандай шешімін таппады. Себеп, былтыр жүгері өнімінің бағасы әу баста 75-80 теңгеге бағаланып, соңында 55 теңгеге дейін құлдыраған. Бағаны қоятын монополистер «Жаркент Крахмал» сірне зауытына жаркенттік шаруалардың өкпесі қара қазандай. «Қайдан құлақ шығарса, қазаншының өз еркі» дегендей, жергілікті зауытқа сенген жаркенттік диқаншылар алданып сан соғып қалғандарын айтуда. Биылғы жылы ауданда 44181 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Басым дақылдар 23918 гектар. Оның ішінде: жүгері – 23400 га (2023 жылы 26 708 га егілген, 3308 га кем), 2024 жүгері дақылдарының кем егілу себебі былтырғы жылы өнім жинау уақытында өткізу бағасының төмен болуы және алушылар болмағандықтан көптеген шаруа қожалығы жүгері егуден бас тартқан. Ауданда тамыз айының 28-30 аралығында жүгері жинау науқаны басталады. Жүгері дақылының жақсы өсуіне байланысты мол өнім жинау жоспарлануда. Алайда, шаруалармен жергілікті «Жаркент Крахмал» сірне зауытымен жүгері бағасы әлі шешілмеген. Жаркенттік диқаншылардың көңілін алаңдатып отырған да осы жүгері бағасы. Ерте көктемнен тер төгіп, жер жыртып, жүгері егіп, күтіп баптап, ала жаздай бел жазбаған диқандар былтырғыдай тағы шығынға батамыз ба деген қорқыныштары барын айтуда.
Биыл Панфилов ауданы ағымдағы жылдың сегіз айында ауыл шаруашылығына тиесілі 56 бірлік жаңа техниканы 501 миллион теңгеге сатып алған. Оның ішінде 31 бірлігі 336 миллион теңгеге «КазАгроҚаржы» арқылы лизинге алынса, 25 бірлігі 165 миллион теңгеге шаруашылықтардың жеке қаражатына сатып алынған. База бойынша ауданда 975 бірлік техника болса, оның 442-бірлігі 90-жылдардан бергі техникалар. Осы техникалардың 98 бірлігі есептен шығарылған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қонақбаев Ермек Қуанышұлының айтуынша орта және ұсақ шаруаларда «КазАгро бинес» арқылы жеті пайызбен лизингке техника сатып алынған. Ауыл шаруашылық техникаларының көбі ескірген Кербұлақ ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 113 835,3 гектарды құрайды. Бұның 27 111 гектарына күздік бидай және 70 665,4 гектарға жаздық дәнді дақылдар себілген. (Соның ішінде: 65 814,4 гектар жаздық арпа, 4212 гектар жаздық бидай, 40 гектар сұлы, 492 гектар дәндік жүгері, 107 гектар қарақұмық). Бүгінгі күнге 45 986 гектар астық шабылып, 88 390,5 тонна өнім алынған. Орташа өнімділігі 19 ц/га айналуда. 3420 гектар майлы дақылдың (мақсаты) 100 гектары шабылып, орташа өнімділігі 20 ц/га, 200 тонна өнім жиналған. Сондай-ақ, 957 гектарға картоп, 3528,4 гектарға майлы дақылдар, (оның 3420 гектар мақсары 108,4 гектары зығыр), 303,4 гектарға бақшалық дақылдар себіліп, 877 гектар алқапқа қант қызылшасы себілген. Жанар-жағармай бойынша күзгі жиын-терін жұмыстарына аудан бойынша 117 шаруа қожалығы 1413 тоннаға өтінім берген. Бағасы 250 теңге/литр. Бүгінгі күнге «GASSOIL» операторына 844,5 тонна жанар-жағармайға келісімшарт жасалынып, 243,6 тоннасы алынған. База бойынша ауданда барлығы 5413 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар: оның 1649 бірлігі трактор, 307-сі комбайн, 3457-і бірлігі басқа техника. 2024 жылы машина-трактор паркін жаңарту бойынша жыл басынан бері 543 млн. 961 мың 800 теңгеге 66 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынса, оның ішінде 43 бірілігі 859 млн. 700 мың теңгеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы, 7 бірлік 42 млн. 900 мың теңгеге «Аграрлық несие корпорациясы арқылы, 1 бірлік 9 млн. 700 мың. теңгеге басқалай лизинг компаниясы және 15 бірлік 569 млн. 002 мың теңгеге шаруалар өз қаражаттарына сатып алған. Ескірген техниканы есептен шығару жұмыстарына қатысты бүгінгі күнге 122 трактор, 31 комбайн жарамсыз болуына байланысты есептен шығарылған. Жалпы Жетісу облысы бойынша ауыл шаруашылығындағы техникаларды жаңартуда сегіз аудан екі қаланы қосқанда Панфилов ауданы көш бастап тұр. Жаңа техникаларға кеңінен қол жеткізіп жатқанда ірі агрокорпорациялар, ал ұсақ шаруалар жаңа техникаларға толықтай қол жеткізе қоймағанын есептен шығарылып жатқан ескі техникалардың тізімінен көруге болады. Тіпті 90-жылдардағы техникалар енді ғана есептен шығарылып жатыр. Қаратал ауданында 1221 ауыл шаруашылық тауар өндірушілері бар, оның 592-і егін шаруашылығымен, 380-і мал шаруашылығымен, 249-ы аралас шаруашылықтары және 18 жауапкершілігі шектеулі серіктестік.
Аудан бойынша 589 млн. 964 мың теңгеге 48 ауыл шаруашылық техникасы сатып алынып, соның ішінде 446 млн. 960 мың теңгеге 32 техниканы «КазАгроҚаржы» алса, 142 млн. 994 мың теңгенің техникасын шаруалар өз қаражаттарына алса, 1 техника «КомТрансЛизинг» арқылы алынған. СПК Жетісудан қант қызылшасына 10 техника 355 млн. теңге алынса., 11 трактор, 8 комбайн есептен шығарылған. Аудан бойынша техникалардың саны 1558 бірлік. Оның ішінде тракторлар – 944 бірлік. Комбайн – 85 бірлік, сепкіш – 93 бірлік, 436 басқа техника. Сонымен қатар, 6 сервистік дайындау орталығында 4 қант қызылшасына, 1 егін мен қылшаға, 1 бірлік күріш техникалары бар. Сатып алынған 112 техника 1 миллирд 100 миллион теңге. Аудан бойынша техникалардың жаңару деңгейі – 4,2 пайызды құрайды.
Айтақын МҰХАМАДИ