ҚАЗАҚСТАН «ІШКІШ» ЕЛ МЕ?

0
45

Бір жылдары мерекелер ғана емес ішімдікті күнделікті әдетке айналдырған елге айналып кетеміз бе екен деген үрей ойда тұратын. Әсіресе, осы әдетті көрші орекеңнен үйреніп алып, астан бұрын дастарханға «ақаңды» қоюшы едік бір жылдары. Брежневтың заманында ауылдағы кемпір-шалдардың көшеде масаң күйде ән салып жүретінін де көрдік. Қымыз бен шұбаттың орнына бөтелкедегі ащы суды алдыратындар да көп болды. Олар қазір де бар.

Қазір ішімдіктің аты «ақаң» емес, шәйден кейінгі қолданылатын сөзбен «пәй» деп аталатын болды. Шәй ішеміз бе, әлде пәй ішеміз бе деген парольмен айтатын болдық. Ол дегеніңіз ішпейтін адамдарды сыйлау деген код екен. Бірақ бір қуанатыным, қазіргі той-томалақта жастар ішпейтін болыпты. Есесіне үлкендер жақта «отказ» жоқ. Мерекелер жақындаған соң «осы біздің ел ішімдік жөнінен әлемде алдыңғы орында болар» деген оймен ғаламторды осы сұрақпен бір шолып шықтым.
2022 жылы сәуірде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаяттың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) деректеріне сүйене отырып Қазақстан ішімдік ішу жөнінен алдыңғы орындарда екендігіне және осы себептерден өлім көбейіп жатқанына назар аударған. 2012 жылы – Қазақстан ішімдік ішуден 50 орында болған. 2019 жылғы деректер бойынша Қазақстан ішімдік ішуден дүниежүзі елдері арасында 10 орында — деп көрсеткен. Ер адамдар жылына 25 литр ішсе, әйелдер 9 литр ішімдік ішіпті сол жылы. Бұл деректер ҚР денсаулық министрлігінің зерттеулеріне сүйеніп айтылған. (Tengrinews.kz.)
Ал 2023 жылғы ішімдік ішу туралы зерттеулерге дүниежүзіндегі 189 ел қатыстырылыпты. Қазақстан солардың ішінде ішімдік ішуден 100 орында. 2023 жылғы осы зерттеуде ТМД елдері арасында Грузия 53 орында, Ресей – 56 орында. Қырғызстан – 96, Армения – 99, Туркмения – 117, Өзбекстан – 124 орында. Кейінгі бір деректерде Өзбекстан ішімдік ішуге тиым салыпты деп жүр.
2024 жылғы ішімдік ішетін елдерді зерттеу қызметінің деректері бойынша Қазақстан сол былтырғы 100 орыннан жылжымапты. Қазақстан бойынша ең көп ішетін өңір де аталыпты. Ол – Шығыс Қазақстан облысы делінген. Екінші орында Павлодар облысы, ал үшінші сатыда Алматы қаласы.
Қазақстанның ең аз «ішетін» өңірлері де назардан тыс қалмапты. Ең аз «ішетін» Қызылорда облысы екен. Одан кейін Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары – деп хабарлайды «Качественный Казахстан» порталы Қазақстанның ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Дүниежүзі елдерінің ішімдік ішуден рейтингі

Өкінішке орай, ішімдік ішуден жыл сайын жер жүзінде 3 миллионға жуық адам өледі. Оның төрттен үш бөлігі ер адамдар. Спирттік ішімдіктер ең қауіпті аурулардың 5 пайызын тудырады. Одан басқа да қатерлі ауруларды тудырып, түрлі зорлық-зомбылықтарға, жарақаттарға, ақыл-естен адасуға басқа да қолайсыз жағдайларға душар етеді. Мүмкін осыған байланысты болар, мысалы, Сауд Аравиясы мен Иранда ішкілікке мүлдем тиым салынған. Төменде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2024 жылдағы ішетін және ішпейтін мемлекеттер рейтінгісін жариялаймыз.
Ең ішетін 20 мемлекеттер рейтінгісі
1. Молдавия
2. Литва
3. Чехия
4. Нигерия
5. Германия
6. Ирландия
7. Люксембург
8. Латвия
9. Болгария
10. Румыния
11. Словения
12. Франция
13. Португалия
14. Бельгия
15. Сейшел аралдары
16. Россия
17. Австрия
18. Польша
19. Эстония
20. Ұлыбритания
Көріп отырсыздар, 2024 жылы ең ішетін мемлекет – Молдавия.
Ең ішпейтін 20 мемлекеттер рейтингі
1. Бангладеш
2. Кувейт
3. Ливия
4. Мавритания
5. Сомали
6. Йемен
7. Ауғаныстан
8. Саудовская Аравия
9. Пакистан
10. Сирия
11. Египет
12. Ирак
13. Бруней
14. Кирибати
15. Нигер
16. Джибути
17. Судан
18. Бутан
19. Марокко
20. Сенегал

Сонымен, көріп отырғаныңыздай, тек 5 мемлекет қана ішімдіктен аулақ екен. Олар – Бангладеш, Кувейт, Ливия, Мавритания, Сомали.
Ал ішімдікке жақын саналатын Ресейдің өзі ішетін 20 мемлекеттің арасында 16 орында болып шықты. Беларусь 27, Украина – 60 орынды иеленген. Бұл дегеніңіз жер шарындағы ішкіш мемлекеттердің өзі ішімдіктен бас тарта бастағанын байқатады. Олай болса, «сақтансаң – сақтаймын!» деген нақыл сөзге құлақ асып, ішімдікке тәуелді болудан аулақтайық, ағайын!

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ