ҚЫЗМЕТІНЕ ЖАН ТӘНІМЕН БЕРІЛГЕН-ЗАЙДА ХАНЫМ

Әйел – Ана, Әйел – Ару, Әйел – Гүл. Қазақ халқы барша әйелдер қауымын гүлге теңеп, оларсыз әлемнің ақ-қара түске айналатынын түрлі жыр-дастандарға арқау еткен. Оларға ауыр жұмыс жүктемей, нәзік жаратылыс иелерін ерекше бағалаған. Алайда уақыт еншісіне қарай бүгінгі біте қайнасқан қоғамда жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамайтын сұлу да өжет қыздарымыз түрлі салада істерін дөңгелетіп отыр.
Қоғам мен мемлекет ісіне келгенде әйелдер қауымы ер азаматтардан кем белсенділік танытпайды. Әйел тек отбасының жағдайын жасап, бала тәрбиесіне мән беруі керек деген пікір өткеннің еншісінде қалған. Қазір іскерлік бағытта, білім мен денсаулық саласында, мемлекеттік қызметтерде жемісті жұмыс атқарып жүрген арулар жеткілікті. Сондай ізгі жандардың бірі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Зайда ІЛІМЖАНОВА.
ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН ЖЕТІСТІК
Мақала кейіпкері де нәзік болмысына қарамастан мемлекеттік салада биік белестер мен асулардан асқан басшының қызметінде танылып жүр. Зайда Әбдімананқызы жастайынан білімге құштарлық танытқан. 1990 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдады.Мемлекеттік қызметтердегі еңбек өтілі 35 жылға жуықтаған кейіпкеріміз алғашқы қызметін Талдықорған су құрылысы тресінің инженері болып бастапты. Сондағы 27 жылын Алматы облысының салық жүйесіне арнаған. Атап айтқанда, Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының инспекторы, бөлім басшысы, инспекция басшысының орынбасары, Талдықорған қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Қаратал аудандық салық комитетінің төрайымы, Алматы облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары, Текелі қаласы бойынша салық басқармасының басшысы, Алматы облысы бойынша салық департаменті басшысының орынбасары болып қызмет еткен. 2017-2020 жылдар аралығында Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болған
Өз қызметіне шексіз берілген Зайда ісіне өте тиянақты, көпке үлгі, жүрген ортасында абыройлы маман. Басшылық ету оңай қызмет емес. Жауапкершілікті ерекше қажет ететін жұмыс екені баршаға мәлім. Ол тек көптің бірі болып көшке ілесіп жүрген адам емес, ол қоғамның өкілі ретінде халқының ойындағысын, өзекті мәселелерін жүзеге асыруға белсене атсалысып жүрген жауапкершілігі жоғары, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін жауапты тұлға. Зайда Әбдімананқызы азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдау барысында тұрғындардың сұраныстарына, арыз-шағымдарына бей-жай қарай алмайды. Қабылдауға келген жанның сұранысын, мәселесін түсіністікпен тыңдап, оның шешу жолын табуды бас-ты міндеті деп есептейді. Жұмыстағы тәртіпті жаны сүйетін ол қол астындағы қызметкерлерінен де соны талап етеді. Өзіндік ұстанымдары мен биязы мінезі, сабырлы қалпы оның беделін биіктетіп, абыройын асқақтатады. Бәлкім көпке сыйлы болуының сыры да аталған қасиеттеріне байланысты болар. Осы жылдары оның еңбегі көптеген алғыстар және түрлі медальдармен марапатталып жатты.
ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
Әлеуметтік салада қызмет жасау оңай жұмыстардың бірі емес. Зайда Ілімжанованың басшылығымен жұмыс жасап тұрған департамент зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қорғау саласындағы және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, медициналық-әлеуметтік сараптама (мүгедектік тобын белгілеу) саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бағыттарында тынымсыз қызмет көрсетеді.
– Департамент халықтың әлеуметтік осал топтары үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемакылар тағайындау бойынша 17 әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметті ұсынады. Жалпы, Департамент зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің 36 түрін тағайындайды. Орта есеппен айына 5,2 мың қызмет көрсетіледі, — дейді басшы Зайда Әбдімананқызы.
Халықпен біте қайнасқан жұмыс уақытында департамент қызметкерлері азаматтарды жеке сұрақтары бойынша күнделікті қабылдайды. Мысалы, бір ғана жылдың басынан бері 16 азамат жеке сұрақтары бойынша келген. Ал өткен жылы жалпы 46 азамат қабылдауда болған екен.
ОТБАСЫ МЕН ҚЫЗМЕТ
АРАСЫНДАҒЫ ҮЙЛЕСІМ
Мақала кейіпкерінің қазіргі қоғамдағы әйелдердің мемлекеттік салаларда жұмыс жасауы туралы ойы жағымды қалыптасқан. «Қызметте ер-әйел деп бөлу бүгін қажеттілік тудырмайды. Бар болғаны ынта-жігер болса ер адамдар жеткен жетістікке нәзік жандыларда еш қиындықсыз жете алады. Барлығы адамның өзіне байланысты», — деген пікірін айтады кейіпкеріміз.
Шынымен әйелдер мен ерлердің қазірде теңдей мүмкіндіктері бар. Тіпті әйелдердің мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі олардың қоғамға қосқан үлесін одан әрі арттырары сөзсіз. Арулар араласқан жұмыста жетістіктер мол боларына кәміл сенеміз.
Отбасының ұйытқысы, мейірімділігі көзінен, жылуы жүрегінен, адалдығы ісінен көрініп тұратын Зайда анамыз отбасылық өмірде де сүйікті жар, екі баланың аяулы анасы, үш немеренің әжесі екенімен қуана бөлісті.
Бүгінде отбасы мен қызметі өзара үйлесімде екенін айтқан Зайда екі жақты теңдей алып жүрудің қиыншылығы жоқ деп ойлайды. Тіпті қызметтік мансабын алғаш құрып бастаған кезеңдерде де өзінің анасы мен енесі екі жақтап қолдау білдіріп, алаңдауға негіз тудырмаған деп еске алады.«Қызметім мен отбасыма теңдей уақыт таба аламын. Өзім тиянақтылықты ұнататындықтан екі бағытты бір-бірімен араластырмаймын. Бір шаңырақтың келіні атанып, сәбилі болған кезеңде де карьера құруға еш кедергі болмады. Себебі жанымда маған сенген асыл жарым мен қос анам болды. Олар барлық жағынан түсінікпен қарап, әркез маған көмек көрсететін», — дейді ол.
«Әйел – көктем, әйел – бақыт, әйел – нұр» дегендей, біздің осындай еңбекқор аруларымыз өмірді нұрландырып, жақындарына жылу сыйлайды. Мерекеңіз құтты болсын, аяулы ару!
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ