ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР АРАСЫНДА БИЛЬЯРД ТУРНИРІ ӨТТІ

8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай Жастар спорт сарайында қыз-келіншектер арасында дәстүрлі бильярд турнирі өтті.
Аталған іс-шараны Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жетісу облысының бильярд спорты федерациясы ұйымдастырды. Шараның ашылу салтанатында бөлім басшысы Ж.Әбішев сөз сөйлеп, барша нәзік жандылар қауымын мерекемен құттықтады.
Турнирде Ахметсапа Шалқыбаев төрешілік етті. Бильярд спорты федерациясының президенті Т.Есимовтың айтуынша, ойынға қатысуға 14 адам резюме жібергенімен, 10 ойыншы қатысқан. Тіпті олардың арасында 9 жасар қыз бала да болған.
Жалпы аталған бильярд турнирі әр жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін көрінеді. Биылғы ойын тоғызыншы рет ұйымдастырылған. Оған Жерұйық коммуналдық базарының «Жерұйық өрлеу» ЖШС демеушілік көрсетті.
Жарыс соңында жүлделі 3 орынды Цой Алена алса, 2 орынды Голдыш Валерия қанжығалады. Ал жеңіс тұғырынан көрініп 1 орын мен кубокты Бүркебаева Сәния еншіледі. Өз кезегінде Мамырова Динара да марапатталып, 4 орынға ие болды.
Спорт федерациясының президенті мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысын Үштөбе қаласының 9 жасар 3 сынып оқушысы Трубчинникова Камилланың ойыны таңқалдырды.
ГҮЛНҰР БАЙМҰХАН