БІРЛІК — ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

0
83

Біз атап өткелі отырған Қазақстан халқының бірлігі деп аталатын мерекеміз осы мемлекетте тұрып жатқан халықтың тұтастығына байланысты ұғым. Тұтас деген сөз — бірге , бірінен бірі ажырамас дегенді білдіреді. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Елде тұрып жатқан халық әр ұлтты, әртүрлі этнос өкілі болғанымен, біз бәріміз бір тұтас болсақ қана мемлекетте ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Мықты мемлекет бола аламыз.

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылдың басындағы есебі бойынша Қазақстанда халық саны 20 033 842 адам. Еліміздегі халықтың 70 пайыздан астамы (14 220 321) қазақ ұлтынан тұрады. Өзгелері – басқа ұлт өкілдері. Қазақстан халқының жартысынан астамы (12 451 192 адам) қалада тұрады, ауылдарда тұратын адамдардың саны – 7 582 650.
Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы бізде еш уақытта назардан тыс қалмаған. Өйткені ел бірлігі – біздің еліміздің негізі. Еліміздің тұғыры мықты болу үшін кейінгі ұрпаққа аманат етер ең басты байлығымыз да ел бірлігі болуы керек.
Ел дамуының тағы бір тұғыры — ол заң. Біздің еліміздің заңы әділдікті, мемлекеттік мүддені сақтап қана қоймай, азаматтардың заңды құқығын қорғайтын, әділ шешім қабылдай алатын құқықтық мемлекет екенімізді көрсете алса ғана ел азаматтары қай ұлт болса да сол әділдікке мойынсұнады, сол мемлекеттің билігін жақтайды. Елде тұрып жатқан әр азамат сол елдің тәуелсіздігін, әділетті мемлекетте тұрып жатқанын сезінеді.
Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – елдің тұтастығы, халықтың бірлігі. Қоғамымызда тұрақтылық пен тыныштық бар. Ал біз қуатты мемлекет құрамыз десек, ол үшін айналаңдағы көрші елдермен де тату болу керек. Бізде ол татулық та бар. Ал еліміздегі халықтар бірлігін саяси тұрақтылыққа айналдыру үшін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда. Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік», – деп өз халқына сенім білдіреді.
Шүкір, елде тұтастық бар. Бұл Қазақстандағы барлық ұлттарға ортақ мақсат. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділіктің арқасында бүгінде мемлекетіміз дамып отыр. Әлі де дамиды. Елді дамыту мақсаттары ұдайы нақтылап отырады және 2030 жылдың соңына дейін сол мақсаттарды орындайтын әрекеттер жоспарланған.
Кейбір деректерге қарағанда, әлемде 256 ұлт бар екен. Ресми мәліметке сенсек, соның 130 дан астамы Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кешіп жатыр дейміз. Алайда, 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша еліміздегі этностар саны 124-ті құрапты. Олардың арасында біздерге аты таңсық этностар да бар екен. Олар — ливтер, вепсілер, орочтар, долгандар, даниялықтар, удэгейлер, цахурлар, мансылар, нанайлар, моңғолдар, селькуптер, чукчалар, ульта, нивхтер, ижорлар, кеттер, коряктар, қырымшақтар, нганасандар, саамдар, чувандар бар. 2021 жылғы санақ парақшасындағы сауалнамаларына ұлтты «көрсетпеу» деген жауап нұсқасы қосылды. Сол санақ кезінде «басқа ұлт» жауабын таңдағандар 67, 263 мың адамды құрады, ал 2009 жылы мұндай адамдар тек 8 болған.
Міне, осыншама ұлт пен ұлыстың тілін тауып, бірлік пен ынтымақта ұстап отырған бүгінгі билік ұлтаралық татулық пен бірлікті басым саясатының бірі ретінде ұстанып келеді. Жер-жерлерде бірлік күнінің құрметіне айтулы қайырымдылық шаралары мен бірге мерекелік шаралар өтті. Бірлік мерекесі қарсаңында Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХХХIV сессиясы өтті.

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ