ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТІ БОЛДЫРМАУ-ӨЗ ҚОЛЫҢДА

0
23

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру – өңірлік саясаттың басым бағытының бірі. Облыс әкімдігі бұл бағытта жүйелі және жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Тұрғындарды азық-түлікпен үздіксіз әрі қолжетімді бағамен қамтамасыз ету үшін негізгі екі тетік белсенді қолданылуда: бірі – тұрақтандыру қорын жасақтау, екіншісі – өндірушілерді жеңілдетілген қаржыландыру арқылы қолдау.

Тұрақтандыру қорының басты мақсаты – ұзақ сақталатын өнім түрлерінің қорын құру. Атап айтқанда, қант, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, бірінші сортты ұн секілді күнделікті сұранысқа ие өнімдер қоймаға алдын ала жиналады. Ал жеңілдетілген несие тетігі тауар өндірушілерге жылдық 0,01% мөлшерлемемен қаржы алып, тауарды белгіленген, яғни әлеуметтік қолайлы бағамен ұсынуға мүмкіндік береді.
Жыл сайын маусымаралық кезеңде көкөніске деген сұраныстың артуы қалыпты жағдай. Осы орайда облыс әкімдігі азық түлік тапшылығының алдын алу мақсатында жалпы көлемі 4597 тонна көкөніс (3100 тонна картоп, 537 тонна сәбіз, 400 тонна пияз және 560 тонна қырыққабат) интервенциясын жүргізіп, оны сәтті аяқтады. Бұл жұмыс әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы да жалғасып, 25 ақпаннан бері 1864 тонна көкөніске жаңа келісімшарт жасалып, апта сайын облыс орталығына орта есеппен 25 тонна көкөніс жеткізіліп отыр. Аталған ақпаратпен Жетісу облысындағы азық-түлік қауіпсіздігі туралы брифингінде облыстың Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басшысының орынбасары Данияр Меделбекұлы мен Ауыл шаруашылы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Ержанұлы бөліскен болатын.
Әрине, мұндай жұмыстардың жүргізілуі бағаны тұрақтандырар деген ниеттеміз. Алайда, облыс көлеміндегі жұмыс істеп тұрған әлеуметтік дүкен сөрелерінде тұрған азық-түлік бағасы брифинг барысында айтылған көрсеткішпен сай келмей жатады. Сонымен қатар, сатылған тауар сапасы да мардымсыз жағдайлар да орын алған. Мұндай келеңсіздікке тап болған жағдайда оқырмандардан Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басшылыққа өтініш жазуды ұсынамыз. Сонда аталған дүкендер тиісті тексеруден өтіп, шикіліктері ашылады. Бұл жайлы Данияр Меделбекұлы:
– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік кестесінде 19 түрлі тауар бар. Осы өнімдерге кей дүкен, супермаркеттерде бағаның өсуін пайдаланып, делдалдар тауар құнын 3-4 есе қосады. Біз мемлекеттік орган болғанымызбен, кәсіпкерлердің жеке субъектісін кез келген уақытта барып тексере алмаймыз. Бұл заңсыз әрекетке жатады. Сондықтан, егер орын алған жағдайлар бойынша тұрғындар өтініш, дәлел ретінде сурет жолдаса, факті бойынша тексеріс жасаймыз, — дейді.
Мәселен, бүгінде ӘКК әлеуметтік нүктелерінде қырыққабат — 200 тг, сәбіз — 160 тг/кг, пияз — 125 тг/кг, картоп — 250 тг/кг, күріш — 380 тг/кг, тұз — 65 тг/кг, күнбағыс майы — 510 тг/л, қант — 425 тг/кг және басқа да тауарлар орта есеппен нарықтан 15-20% төмен сатылады.


Халық арасында «Баға қымбаттады. Ойларына келген бағаны қойыпты, бұл не деген сұмдық. Осылай жалғасса аш қаламыз», — деген сияқты екеу ара бос сөзді қою керек. Керісінше, құн нормасын сақтамаған кәсіпкерлерді заң жүзінде, өтініш, арыз арқылы жазалауды қолға алуды бастаған жөн-ақ. Тиісті органдарға жеткен талап-арыз бойынша мамандар жоспар құрастырып, алаяқ кәсіпкерді жазаға тартады.
Осы тектес деректер Кәсіпкерлік басқармасына жыл басынан бері 4, сауда департаментіне 19 ғана хат түскен. Маманның айтуынша, көрсеткіш тым аз. Бұл қол қуыстырып, көзі көрген заңсыз істі жоюды ойламаған азаматтардың әрекетсіздігін дәлелдейді. Облыста 670 дүкен бар болса, оның сөрелеріндегі баға сақталмайтыны барлығымызға айқын дерек. Бірақ жоғарыда айтқандай оларды тексеру үшін басқармаға өтініш түсу міндетті. Ұқсас жағдайлар орын алғанда тұрғындар басқармаға шағымданса, өз бетінше жұмыс істейтін кәсіпкерлер заң алдында жауапқа тартылар еді. Аталған мәселені жою сіз бен біздің қолымызда, оқырман!

ЖӘРМЕҢКЕ – ДЕЛДАЛСЫЗ САУДА АЛАҢЫ

2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын 510,7 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Өндіріс пен халықтың тұтыну балансына сәйкес, өңір 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының ішінде келесілер бойынша 100% қамтамасыз етілген: ет, қырыққабат, картоп, қышқыл сүт өнімдері, сәбіз, басты пияз, 1-сортты ұн, қант, жұмыртқа. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуін реттеу мақсатында биыл өңірде нарықтық бағадан 15–20% төмендетілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері апта сайын облыс орталығы мен аудандарда ұйымдастырылып келеді. Онда фермерлер өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынады. 2024 жылдың өзінде 574 жәрмеңке өткізіліп, 1,5 млрд. теңгеден астам сомаға өнім сатылған. Ал биыл жыл басынан бері облыс көлемінде 177 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 1 740 млн. теңгеге өнім сатылды. Бұл бастамалар облыс халқын тұрақты, сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Мұндай жұмыстардың жүргізілгені әрине, тұрғындар қамын ойлаудың тиімді әдістері. Алайда, бағаны қолдан өсіріп отырған жекелеген сауда нүктелерінің әрекеті мен сапасыз өнімдерге қатысты мәселелер назардан тыс қалмай, күн тақырыбына айналуы керек. Бұл тұрғыда тұрғындардың белсенділігі – маңызды фактор. Мемлекеттік органдарға дер кезінде шағым түсіру – сапалы қызмет пен әділетті нарықтың кепілі.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ