ӨНЕРГЕ ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ТҰЛҒА

0
21

Өнер арқылы елге қызмет етуді мақсат еткен Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының педагогы Гильманова Айымжан Мұратқызының «Туған жерге тағзым» авторлық жобасы аясында «Сүйікті қалам Талдықорғанға арнаймыз өнерімізді» атты концерт өтті. Жас таланттар Талдықорған төрінде бас қосып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Бұл кеш Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Талдықорған қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы музыка мектебінде өткен концерт көрерменнің көңілінен шығып, естен кетпес әсер сыйлады. Кеш шымылдығы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ табиғатын тамаша суреттейтін, көңілге көктем лебін әкелетін «Құстар қайтып барады» әнімен ашылды.
Шара аясында, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектептің ұстазы Айымжан Мұратқызы және оның шәкірттері екі виолончель мен фортепиано сүйемелдеуімен әсем туындыларды орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концертке қатысқан өнерпаздардың бірі – халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға апаның кіндік баласы Нұрәлі Түктібаев. Ол өзінің «Дрям-менует» және Юлиус Эггхардтың «Маленький Ноктюрн» шығармаларын әсерлі орындап шықты.
Кешке қатысқан бірінші сынып оқушысы Сұлтан Даниярұлы – болашағынан зор үміт күттіретін жас талант. Ол Волчковтың украин халық әніне жазылған вариацияларын шебер орындады. Концерттің басты тұлғаларының бірі – Құдайберген Азамат. Ол Алматы қаласында білім алып жатқанымен, туған жерге деген сүйіспеншілігін көрсетіп, әлемдік классика мен ұлттық музыкадан құралған бай репертуар ұсынды.
Азамат Бахтың сюитасынан бастап, Латиф Хамидидің шәкірті Күмісбековтің «Поэма» шығармасына дейінгі туындыларды жүрекпен жеткізді. Сонымен қатар, фортепианода Жасмин Даниярқызы Феликс Мендельсонның «Рондо Каприччиозо» туындысын әсем орындаса, Айбар Әділұлы Бернхард Гольтерманның «Каприччио» пьесасын жоғары деңгейде ұсынды. Бұл кеш олардың орындаушылық шеберлігін шыңдауға зор үлес қосты.
«Туған жерге тағзым» жобасының авторы бұл кештің мақсаты – жас музыканттардың туған жерінде өнер көрсету арқылы өз еліне деген құрметін арттыру дейді. Оның айтуынша, бұл шара балалардың кәсіби дамуына, сахна мәдениетін меңгеруіне, сондай-ақ халықтың рухани байытуына ықпал етуді көздейді.
Сұхбат барысында ұстаз Айымжан Мұратқызы шәкірттерінің қайсарлығы мен еңбексүйгіштігіне тоқталып, олардың ата-аналарының қолдауын ерекше атап өтті. Ол болашақта мұндай жобалар жалғасын табатынын айтып, Талдықорғандағы және Жетісу өңіріндегі концерттерді дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Кеш соңында Айымжан Мұратқызы жас өнерпаздарға да, олардың ата-аналарына да жүрекжарды тілегін арнап:
– Өнер – жүрек ісі. Оны түсініп, сүйіп, шыңдасаң ғана үлкен жетістікке жетесің. Ата-аналарға балаларының бойындағы талантты дер кезінде танып, қолдау көрсетуге кеңес беремін. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел абыройы. Ендеше, өнерге қолдау көрсету – болашаққа салынған алтын көпір, – деді.
Бұл кеш – өнерге тағзым мен ұрпаққа өнеге болған тағылымды шара. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт жас өнерпаздардың жолын ашып, көрерменнің жүрегіне жол тапты.Шара руханият пен өнерді ұштастырған жарқын бастама, келешекке жалғасатын мәңгілік мұра болмақ.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ