АТАМНЫҢ АТЫ ӨШПЕСІН: ЖАС ҰРПАҚ ЖАДЫНА САЛЫНҒАН ТАҒЗЫМ

0
19

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – халқымыздың тарихындағы ерекше белес. Осы айтулы мерекеге орай, 2025 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында «Алатау» газетінің бастамасымен Жетісу облысы көлемінде оқушылар арасында «Атамның аты өшпесін» атты мақалалар байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға Алматы мен Талдықорған қалаларынан, сондай-ақ Алакөл, Көксу және Ақсу аудандарынан 4-11 сынып аралығындағы оқушылар белсене қатысты. Жас зерттеушілер өз мақалаларында соғысқа қатысқан аталарының ерліктерін, тылда еңбек еткен үлкендердің тағдырын, отбасылық мұрағаттар мен естеліктерді жан-жақты қамтыды.
Байқаудың басты мақсаты – соғыс ардагерлерінің ерлігін дәріптеу, жас ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке, патриоттық рухқа тәрбиелеу, сонымен қатар отбасылық шежіре арқылы тарихпен байланыс орнату болды. Жоба басталған күннен-ақ оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Облыстың әр түкпірінен шығармалар келіп түсті. Әсіресе ауыл мектептерінен келген мақалаларда оқушылар өз аталарының соғыстағы ерлігі туралы нақты деректерге сүйене отырып жазған. Әңгімелерде тек майдангер тағдыры ғана емес, тылдағы еңбек, аналардың сабыры, балалық шақтағы ауыр күндер де шынайы суреттелген.
Мақалалардан оқушылардың тарихқа деген құрметі, ата-бабаларына деген мақтанышы мен сағынышы ерекше сезіледі. Кейбір қатысушылар отбасы архивінен алынған фотосуреттер мен марапат көшірмелерін де жіберіп, еңбектерін тарихи құжаттармен толықтырған.
Байқау қатысушысының ата-анасы Қаршыға Түгелова:
«Алда келе жатқан мереке құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ең алдымен редакция ұжымына біздің тарихымыздағы ең елеулі оқиғалардың бірі – Ұлы Отан соғысын, өшпес тарихымызды қайта жаңғыртқандарыңыз үшін рақмет. Қазіргі таңда кітап ашып оқып, шығарма жазатын баланы кездестеру қиын, оның қасында газет оқитын жастар жоқтың қасы. Ал бұл жоба біздің немерелеріміздің қызығушылығын оятып, аталарының өміріне үңіліп, қалам тербеп мақала жазуларына шабыт сыйлады. Осындай игі бастамаларымыз көп болса, жастарымыз да парасатты болады деп ойлаймын», — деген тілегін айтты.
Біз байқау арқылы балалардың санасына – «ерлік ұмытылмайды» деген идеяны сіңіруді көздедік. Ата-әжелерінің, ардагерлердің өмір жолын зерттеу арқылы олар тарихты жан-жақты түсініп, бағалауды үйренді. Бұл – үлкен тәрбие мектебі болды деп ойлаймыз. Байқаудың қорытындысы 8 мамыр күні Талдықорған қаласы, «Алатау» газеті редакциясында өткен жиында жарияланды. Барлық қатысушыларға алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталды. Сонымен қатар, мақалалар газет бетінде жарияланып, оқырман назарына ұсынылды. Байқау қорытындысын жарияламас бұрын ұйымдастыру алқасы ұзақ ойланып, әділ шешім қабылдауға ерекше мән берді. Әуелде қатысушыларды орындар бойынша саралап, жеңімпаздарды анықтау көзделген болатын. Алайда, бізге Жеңіс сыйлаған батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы – яғни байқауға қатысқан әрбір оқушы – лайықты құрметке ие жеңімпаз екенін ұғындық.
«Атамның аты өшпесін» байқауы – тек бір реттік шара емес, бұл – ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың көрінісі. Жас буын ата-баба ерлігін білу арқылы өз елінің, өзінің кім екенін терең сезіне бастайды. Бұл – болашаққа салынған берік іргетас. Алдағы уақытта да мұндай байқаулар жалғасып, патриоттық тәрбие беру ісі мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс. Себебі, ерлік – ұрпаққа үлгі, тарих – ұлттың жадында сақталуы тиіс қасиетті мұра.

Талшын ИЕМБЕРДИЕВА


ПІКІР ЖАЗУ