АҚЫН ЖАЙЛЫ АҚИҚАТ
Бүгінде 83 жастағы ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Кенжехан Рақыш туралы не білеміз? Тіршілікте үзеңгілес, әріптес болсақ та, көп жылғы өмір соқпағына тереңдеп бойламаппыз. Оның ақындық абыройы, журналистік шеберлігі қай шамада? Дөп басып айта алмаймын. Көп жасауының мәнісі неде? Оған да жауап таппайсың. Әнеки, сондықтан да ақын жайлы ақиқаттарды ақтаруға ұмтылдық.
Кенжехан Мұстағалиұлы Рақыш сонау зобалаң жылдары Қорғас шекарасына таяу Екіаша дейтін жерде 1941-ші жылан жылы өмірге келген. Бұл жер Совет өкіметінің алғашқы жылдары Қазақстаннан ауып барған қазақ ауылы еді.
1949 жылы Қытай коммунистік партиясы орныққан тұста ақын сегіз жаста болды. Бастауышты ауылда, сегіз жылдық орталау мектепте, сол жақтың Сүйдін дейтін қаласында оқыды. Содан 1962 жылы Құлжа қаласындағы мұғалімдер даярлайтын үш жылдық гимназияны тәмамдап, ауылдағы бастауыш мектепке мұғалім болды.
Кейіпкеріміздің ақындық таланты сол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ біліне бастаған. Бірер өлеңдері аймақтық «Іле» газетіне жарияланған. Бұл арада Құлжа қаласындағы қоғамдық-саяси өмірге тоқталмадық. Бөтен жұрттың баласы ретінде көрген теперіштерін де тәптіштеп жатуды артық көрдік…
Сонымен, Кенжехан Рақыш 1962 жылы қыста отбасымен бірге Отанына – Қазақстанға қайтты. Бірақ сол кездегі жүйе бойынша бір топ оралман отбасын Түркістан қаласына әкеліп орналастырды. Әркімге лайығынша жұмыс берді. Біздің кейіпкеріміз қаладағы педучилищенің үшінші курсына қабылданды. Үлкендердің қаланы жерсінбеуі салдарынан көктем шыға ата-апасының туған жері Қапал ауданына көшіп келді. Үш жылдан соң Кенжехан әскер қатарына алынды. Әскери міндетін Новосибирск қаласында атқарды. Осында Сержант мектебін бітіріп, бөлімше командирі болды. Бір жылдан соң взвод командирінің орынбасарлығына жоғарылады. Әскер қатарындағы жауынгерлік борышты өтеу әскери жаттығулардан тұратыны белгілі ғой. Оған Кенжехан еш қиналған жоқ. Жастайынан шаруаға шыңдалып өскен жігіт шымырлығын байқатты.Ол кезде әскери борыш 3 жыл болатын. Үш жылдан кейін елге оралды. Колхозда әртүрлі жұмыстармен шұғылданды: малшы, қырықтықшы, жүн сорттаушы, жылқышы, қырманшы, шөпші сияқты…
Ақыры, қаламға жуық жігіт 1969 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсіп, оны 1975 жылы бітіріп, Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетіне тілші болып орналасады. Осында аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып, 13 жыл қызмет атқарған.
Пендешілік дегенді қойсаңшы, «КНР-де туған» деген үш әріпті сылтауратып еңбек жолында кедергілерге киліктірген тұзақ құрушылар да кездескен. Алайда ақиқаттан аттап кете алмаған. Кенжекең 1984 жылы Талдықорған облыстық «Октябрь туы» (қазіргі «Жетісу») редакциясына қабылданды. Осы ұжымда зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеді…
«Есті кісі ерегіспейді» — демекші, Кенжехан кездесіп қалатын даулы мәселелер болса ерегіске апармайтын, сабырлы мінезімен жеңетін.
Журналист қай қоғамда болмасын сол қоғамның тыныс-тіршілігін жазады емес пе? Ал Кенжехан екі түрлі мақсаттағы қоғамда, яғни «меншік дегеннің бәрі ортақ» дейтін социалистік қоғам мен тәуелсіздік алып жекешеленген қоғамда өмір сүрсе де, оның ең басты кейіпкері адам болды. Жаза білу қабілеті болғандықтан қоғамның даму барысындағы адамдардың өмірі туралы мақалаларын шеберлікпен жаза білді.
Өмірдің алар асулары мен шыңырауға түсіретін тұстары да болады. Сол «шыңырау» журналист үшін жұмыссыз қалу еді. Талдықорған облысының журналистері үшін 1997 жылғы 22 сәуірдегі Үкімет қаулысы оңай тиген жоқ. Талдықорған облысын таратып жіберді. Алматы облысының құрамына кірдік. Облыстық медиақұрылымдар таратылып, адамдары жұмыссыз сенделіп қалдық. Бәріміз «Еңбекке орналастыру» бөліміне тіркеліп жұмыс іздеп сенделумен болдық… Журналист деген халық қасқыр сияқтымыз ғой, іздеуден жалықпайтын. Сол қасиеті болар, Кенжекең көп ұзамай жоғарғы оқу орнының оқытушысы болып шыға келді. Жоғары білімді танымал журналист болған соң әрі, педагогтық білімі бар Кенжехан Жетісу университетінің тарих және әдебиет бөліміне оқытушы болып қабылданды. Сабақ бере жүріп, жетекшілік қызметті қоса атқарды. Жеті студентке диплом қорғатты. 3-4 жылда ұстаздыққа кәдімгідей төселіп қалғанда, Талдықорған облысы қайта шаңырақ көтерді. Кенжехан қайтқан қаздай болып, өзінің «Жетісуына» қайтып барды. Орын жетпей жатқан кез… «Таныстық» арқылы орналасты деп сыбырласты кейбір білгіштер. Кейбіреулердің жыбыр сөздері К. Рақышты редакциядан ығыстыруды ойластырды. ..
Кейіпкеріміздің ерекше қасиеті – тым сабырлы-тын деп жоғарыда айтып кеттік қой.
Балаққа жармасқан өсекті елемейтін Кенжехан бара-бара әлгілердің қысастығын есіне де алмайтын. Кек сақтамайтын, ұмытып да кететін. «Қарапайымдылық – менің табиғи кемшілігім» деп күліп қойып, сол сабырлы да қарапайымдылығынан айнымайтын.
«Ат жақсысын сақта, адам жақсысын мақта» дегендей, ақжарма ақындығынан болар, төрт бірдей жыр жинақтары жарық көрсе де, кеуде кермепті. Ол кітаптардың аты да өзі сияқты ерекше. «Байыптау», «Бардау», «Бағдарлау» және «Соңғы сөз – соңғы кітап» деп аталады. Жасы ұлғайған соң болар, ақындық сапарын осы «Соңғы сөзбен» түйіндегендей…
— Енді, ақын деген атыңыз бар, «соңғы» деген сөзіңіз қалай? Қалайша өлең жазбай отырасыз ?- дегенімде айтқаны:
— Өлең менің екінші өмірім… Жазамын ғой әлі… Жазбай отыра алар ма ақын жүрек! – деді.
— Бәрекелді, осылай демейсіз бе, «соңғы» деген сөзден аулақ болайық, – деп күлдім.
Сонау жылдары Қаратал шағын ауданында тұрған кезімде автобус аялдамасында Айгүл Асылбекова екеуінің автобус күтіп тұрғандарын жиі көретінмін. Үшеуміз әріптеспіз. Сол ауданда тұрамыз. Қысқаша амандасамыз да қоямыз. Олар газетте, мен теледидардамын ол жылдары. Екеуі сөйлесіп тұрған түрлерін көріп мен оларды ерлі-зайыптылар деп ойладым. Өйткені емен-жарқын сөйлеседі. Кейін жақын таныса келе сол ойымды айтсам екеуі де мәз болып күлетін – міне, өсек деген қайдан шығады — деп… Содан мен шұқылап сұраймын ғой:
-Журналистерге бұрын атақты көп бермеуші еді. Қазір атақты журналистер көбейді… Атақ туралы ой бөлісейік? – дегенімде, — атақты берсе – қашпаймын, бермесе – сұрамаймын – деп қысқа қайырды.
– Отбасыңыз туралы білгіміз келеді? – деймін.
– Айтайын. Зайыбым Сәуле Сырттанқызы Алматыдағы Мемлекеттік Қыздар институтының физика-математика факультетін бітірген, ұстаз. Екі қызымыз – Толқын мен Ләззаттан үш немере, үш шөбереміз ержетуде, – деп әдеттегі сабырлы, салмақты қалпынан айнымай сөзін аяқтады.
Ал енді осыдан кейін мен де аз сөйлейтін кісіге көп сұрақ қойған дұрыс емес сияқты көрінді де сұрағымды жалғастырмадым…
Мінеки, ақын туралы жазылмай келген қысқаша ақиқаттар осы. Жастық шағын «арғы бетте» бастап, саналы ғұмырын өз Отанында өткерген Кенжехан Мұстағалиұлы Рақыш әдемі қартайып, өмірін әдеппен сапарлап келеді. Өмір жолы деген сапары ұзағынан болсын!
PS. Суреттер Кенжехан Рақыштың өмір жылдарынан.
Әңгімелескен Баян ТАҢАТАРОВА