АДАЛ ЕҢБЕК – ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

0
25

Айнала әділетсіздік алаңына айналған уақытта маңдай термен жұмыс істеп еңбекақысына қол жеткізе алмай жүрген халық қаншама. Тіпті, олардың біразы мұндай жағдайда қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей жатады. Өткен жыл соңында осындай мәселемен біраз құрылысшылар «еңбекақымызды бермеді» деген шағымын редакцияға жіберген болатын. Осындай жағдайға тап болған сәтте кімге жүгіну керек деген сұрақты өзімізге де қоя келе, Жетісу облысы бойынша еңбек инспециясының басшысы Батыр Молдахметовпен басқарманың жұмысын айқындау мақсатында сұхбат жүргіздік.

 

АЛАТАУ: Еңбек инспекциясының негізгі жұмыстары мен қандай шараларды жасайтыны туралы толық айтып өтесіз бе?
– Әрине, Еңбек инспекциясының негізгі қызметтері ол: еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, яғни жұмыс берушілердің Еңбек кодексіне сәйкес әрекет етуін тексереді. Жұмысшылардың еңбек шарттарындағы — жұмыс уақыты, демалысы, жалақы және еңбек қауіпсіздігін талаптарының сақталуын бақылайды.
Еңбек дауларын шешуге қатысу, жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы даулы жағдайларды қарастырып, сондай-ақ, жұмыскерлердің арыз-шағымдарын қарап, заң аясында шешім қабылдайды.
Сонынмен қатар, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды, өндірістік жарақаттардың алдын алу шараларын тексеріп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді талап етеді. Арыз негізінде тексеріс жүргізіп, кәсіпорындарға жоспардан тыс тексерулер жасап, тексеру нәтижесінде заң бұзушылық анықталса, әкімшілік шара қолданылады.
Сонымен қатар, жазатайым оқиғаларды тергеу барысында жұмыс орнында болған жазатайым жағдайларды тексеріп, себептерін анықтап қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты кінәлі тұлғаларды анықтайды және нәтижесін құқық қорғау органдарына жолдайды.
АЛАТАУ: Еңбек инспекциясына қандай мәселелер бойынша жүгінуге болады?
– Еңбек инспекциясына еңбек қатынасына байланысты мәселелер бойынша жүгінуге болады. Олардың ішінде, жалақы төлемеу немесе кешіктіру, демалыс ақысын немесе жұмыстан шыққанда есептелетін төлемдерді бермеген жағдайда, сонымен қатар, еңбек шартының болмауы немесе заңсыз өзгертілуі, еңбек шартын жасамай жұмысқа алу, жұмысқа қабылданған кезде шарттың көшірмесін бермеу, демалыс немесе еңбек демалысын бермеу, артық жұмыс істетіп, оған қосымша ақы төлемеу, демалыс күндері немесе түнгі уақытта жұмысқа тарту ережелерін бұзу, жұмыс орнында қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, арнайы киім, қорғаныс құралдарын бермеу, заңсыз жұмыстан шығару, жұмыстан шығарған кезде өтемақы төлемеу, мүгедектік, жүктілік, бала күтімі бойынша заңды құқықтарды бұзу кезінде арыз жазылып сол арыздың негізінде тексеріс жүргізіледі.
АЛАТАУ: Егер жалдамалы жұмысшы (мысалы, құрылысшы) еңбек шарты жасалмай, тіркелмеген күйде белгілі бір компанияның қоластында жұмыс істейтін болса, онда ол жұмыс барысында жарақат алса немесе қауіпсіздікке қатысты мәселе туындаса, бұл жағдайда жұмыс беруші оның қауіпсіздігіне жауапты ма? Мұндай жағдайда еңбек инспекциясы не істей алады? Немесе еңбек ақысы төленбесе қайда бару керек?
– Иә, жалдамалы жұмыскер мен жұмыс беруші арасында ресми еңбек шарты болмаса да, жұмыскер өз еңбек құқықтарын заң аясында дәлелдеуге құқылы.
Алайда, жұмыскердің қолында аталған еңбек шартының болмауы, оның еңбек құқықтарының тиісті деңгейде қорғалуына мүкіндік бермеуі мүмкін. Сонымен қатар, сот немесе еңбек инспекциясы тарапынан жүргізілген тексерулер жұмыскер қалайтындай тиісті нәтиже бермеуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші жұмысшының еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығына жауапты және еңбек шартына сәйкес еңбек қауіпсіздігі бойынша жұмыскер алдында тиісті міндеттері бар.
Өндірістік жарақат жұмыс орнында болған жағдайда жұмыс беруші Еңбек инспекциясына тиісті хабарлама жолдайды, немесе жұмыскер Еңбек инспекциясына арыз жазуға құқылы. Нәтижесінде, жұмыс берушіге қатысты тексеріс тағайындалып, әкімшілік айыппұл қолданылады, сондай-ақ жұмыскерге ем алу уақытына толық орта жалақысы сақталады.
Еңбек ақысы төленбеген жағдайда, аумақтық еңбек инспекциясына жазбаша немесе электронды түрде шағым беріп немесе сотқа жалақысын өндіріп беру туралы талап арыз түсіре алады.
АЛАТАУ: Жазатайым оқиға болған жағдайда еңбек инспекциясы қандай тәртіппен тергеп-тексеру жүргізеді? Сонымен қатар, мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесінде қандай бақылау жүргізіледі?
– Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 187-бабының 2-тармағы 1-тармақшасына сай, жұмыс беруші еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы 1 тәулік ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша еңбек инспекциясы бойынша аумақтық бөлімшеге хабарлауға міндетті.
Жұмыс берушіден тиісті хабарлама алған сәттен бастап, зардап шеккен азаматтың еңбек қызметіне байланысты алған жарақатының ауырлығын дәрежесіне сәйкес, арнайы тергеп тексеру жұмыстарын жүргізілу мәселесі айқындалады. Жарақаттың ауырлық деңгейін уәкілітті жергілікті денсаулық сақтау органдары анықтайды. Егер, жұмыскер қайтыс болса немесе жарақат деңгейі ауыр, топтық жарақат, топтық улану болған жағдайда бұл жағдайлар арнайы тергеп тексеруге жатады.
Оқиға жоғарыда аталған талаптарға сай келсе, жұмыс беруші келесі кезекте жазатайым оқиғаны арнайы тергеп тексеру мақсатында еңбек инспекциясы бойынша аумақтық бөлімшеге коммиссия мүшелерін бекітеді. Коммиссия мүшелері өз алдына орын алған оқиғаны жан-жақты және объектиті түрде Үкіметпен бекітілген 1055 бұйрық талаптарына сай, тергеп тексеру барысында кінәлі тұлғаны анықтайды.
Бұдан бөлек, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудің жалпы ережелері және оларды есепке алу қағидаларын ескеру қажет. Мәселен, зардап шеккен азамат алкогольдік ішімдік есебінен масаң күйде, ұрлық кезінде болса немесе жарақаты жұмыс жасау барысында орын алмаса, бұл еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға болып есептелмейді.
Азаматтарды жұмыспен қамту, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту Еңбек инспекциясының құзыретіне жатпайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, барлық санаттағы жұмыспен қамту жұмыстарын жергілікті әкімдік, облыстық Жұмыспен қамту басқармасы және оның құрылымдық мекемелері жүргізеді.
АЛАТАУ: Жеке және заңды тұлғалардың еңбек қорғау және қауіпсіздігі, халықты жұмыспен қамту, мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша қандай жұмыс атқарасыздар?
– Еңбек инспекциясы бойынша аумақтық бөлімше Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 17-бабының талаптарына сәйкес, қызмет атқарады. Жоғарыда хабарлағанымыздай, халықты жұмыспен қамту, мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері еңбек инспекциясы департаментінің құзіреттілігіне жатпайды.
Жеке және заңды тұлғалардың еңбек қорғау және қауіпсіздігі бойынша жұмыс департаменттің маңызды мақсаттарының бірі болып табылады. Бүгінде, орын алған жазатайым оқиғаларды сапалы түрде тексеру жұмыстары, еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптары бұзылған жағдайда шұғыл түрде тексеру жұмыстары жүргізіліп, тиіс хаттама немесе ескертулер мен ұйғарымдар берілуде. Бұдан бөлек, жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Алдын алу жұмыстары да ескерусіз қалмады, бүгінде жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында Департаментпен әлеуметтік желілерде, жиындарда, түсіндірме жұмыстарында және брифингтерде еңбек қауіпсіздігі мәселесі ұдайы түрде қозғалады.
АЛАТАУ: Жыл басынан бері қанша даулы мәселе еңбек инспекциясында қаралды? Бүгінде дау тудыратан мәселелер азайды ма, әлде көбеюде ме?
– Еңбек дауы мәселелері Еңбек Кодексінің 159-бабына сай, жұмыскердің жұмыс орнындағы келісу коммиссиясымен немесе сотпен қаралады. Департамент еңбек дауларын қарауға құзыреттілігі жоқ.
Ағымдағы жыл басынан бері Департаментпен 410 азаматтың арыз, талап, өтініштері қаралып заң шеңберінде тиісті жауап ұсынылды. Өтініштердің басым көпшілігі еңбек заңнамасы талаптарын түсіндіру, жұмыс берушілердің уақытылы жалақы төлемеуі және еңбек қауіпсіздігі жөнінде түседі.
Халықтың өз құқықтарын білуіне, Департамент тарапынан тиісті профилактикалық жұмыстардың жүргізілуіне және Е-өтініш жүйесін қолданушылар саны артуына байланысты, Департаментке түскен өтініштер саны аз емес. Жалпы, облыс аумағында еңбек ахуалы тұрақты болып табылады.
АЛАТАУ: Батыр Қайыркенұлы әңгімеңізге рахмет, сізге қызметтік табыс тілейміз!

   Гүлнұр БАЙМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ