ТІЛДЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

2025 жылғы 4 қыркүйекте Тілдер мерекесіне орай Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы «Мемлекеттік тіл және тілдік тұлғаны қалыптастыру моделі: тарих, инновация, әдістеме» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.
Бұл ауқымды жиын мемлекеттік тілдің тарихи қалыптасуы мен даму кезеңдеріне, тіл мен тұлға арасындағы рухани-мәдени байланысқа, заманауи тіл үйрету технологияларына және әдістемелік инновацияларға арналды. Іс-шара басында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев аталған облыстық конференцияның биыл алғаш рет ұйымдастырылғанын атап өтіп, келер жылы оны республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ғылыми басқосуға тіл саласының тәжірибелі мамандары, ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен практикалық тәжірибелері негізінде мазмұнды баяндамалар жасады. Тағы басқа маңызды жаңалықтың бірі – Ғылыми жинақ жарық көрді. Кітапта «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы филиалдары оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің заманауи талапқа сай мемлекеттік тілді меңгерудегі жаңа бағыт бойынша ғылыми ізденістер мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің, әр саладағы тыңдаушылардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруде инновациялық және әдістемелік мәселелері бойынша ғылыми мақалалары мен баяндамалары енгізілген.
Жиын барысында Жетісу университетімен орнаған өзара ынтымақтастық аясында аталған оқу орнының ғалымдары мен оқытушылары да белсенділік танытты. Конференцияның пленарлық кезеңінен кейін Жетісу университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттерімен сұхбаттасу және пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, студенттер мен мамандар арасында ашық әрі мазмұнды сұрақ-жауап өрбіді. Конференция аяқталған соң баяндама оқып, мақала жариялаған тіл жанашырларына сертификат пен дипломдар табысталды.
Гүлнұр БАЙМҰХАН