АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА ТАРТЫСТЫ ОЙЫН ӨТТІ
Қазан айының шуақты күндерінің бірінде Қаратал ауданында ерекше оқиға өтті. Еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының майталманы, елге сыйлы азамат – Сейілхан Ыбырайымұлы Беков 80 жасқа толды. Осы мерейтой құрметіне Талдықорғандағы «Арис-тократ» бильярд клубында ардагерлер арасында тартысты да думанды бильярд жарысы ұйымдастырылды.
Аталған шараға 30 ардагер қатысып, 14 бильярд үстелінде таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін үздік ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар арасында «Офсет» типографиясының директоры Бақберген Түкібаев та аталған ойын түрінен алғаш бақ сынасып көрді.
Жарыстың бас төрешісі – Республикалық ардагерлер бильярд одағының президенті Ж. Мырзахметов болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ақшалай марапаттар табысталды. Бірінші орынды Беркімбаев Серік иеленіп, 80 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын мен 40 000 теңге Толқынбеков Нұрболсынға бұйырды. Үшінші орынды Минияров Магруф иеленсе (20 000 теңге), төртінші орын Туғанбаев Дәулетке (20 000 теңге), бесінші орын Жапарқұлов Рғайбекке (10 000 теңге) берілді. Сыйлықтардың барлығын және жарысты ұйымдастыру шығындарын Сейілхан Ыбырайымұлы өз қаражатынан қамтамасыз етті. Бұл – үлкен жүректі азаматтың жомарттығы мен ардагерлерге деген шынайы құрметінің айғағы.
Жиын барысында Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек мырза, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар мырза, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шара Садуқызы, облыстық бильярд федерациясының президенті Тоқтар Есімов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлбосын Тойлыбайқызы және әжелер кеңесінің төрайымы Барқыт Оразбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесінің ел үшін атқарған еңбегін және бильярд ойынының жайын ерекше ілтипатпен атап өтті.
Сейілхан Ыбырайымұлы 1945 жылы 10 қазанда Ескелді ауданының Өтенай ауылында дүниеге келген. 1952 жылы мектепке барып, 1959 жылы 7-сыныпты тәмамдаған соң, ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. Оны 1964 жылы бітіріп, Қарағанды облысы Жезді ауданында инженер болып алғашқы еңбек жолын бастайды. 1964-1967 жылдары Приморский өлкесінде әскер қатарында борышын өтейді. 1968-1973 жылдары Алматыдағы ауылшаруашылық институтында оқып, инженер-механик мамандығын алып шығады. Кейін түрлі салаларда жауап ты қызметтер атқарған: Үштөбе қаласында механик, Госсельтехнадзорда бас инженер, «Казсельхозтехника» мекемесінде директордың орынбасары, автобаза директоры, кейіннен директор лауазымына дейін көтерілді. 1993 жылдан бері «Ауылтехника» ЖШС-ін басқарып келеді. 13 жыл Қаратал ауданының ардагерлер ұжымының төрағасы болды. Ол – тек өз ісінің шебері ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетімен де танылған жан.
Ардагердің өнегелі өмір жолы мен еліне сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі. 80 жасқа келсе де, ел ортасында, елмен бірге жүрген Сейілхан аға сынды азаматтар барда ауыл да, қоғам да алға басары анық. Бұл мерейтой – абзал жанға көрсетілген құрмет пен алғыс қана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналған еңбек жолына тағзым іспетті.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ