«AMANAT» ПАРТИЯСЫ МЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЖЕТІСУДАҒЫ БІЛІМ САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ МОНИТОРИНГ НӘТИЖЕЛЕРІН ҰСЫНДЫ

0
23
Талдықорған қаласында Жетісу облыстық мәслихаты, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы және Жетісу облысы Қоғамдық кеңесінің бірлескен кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы, облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Қожағұлқызы, Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әсет Серікқалиұлы, облыстық білім басқармасының басшысы Даурен Хабдолданұлы, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Қадырұлы, сондай-ақ басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.
Кеңейтілген жиында Жетісу облысының орта және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындылары қаралды. Мониторинг барысында бірқатар түйіткілді мәселелер анықталып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.
«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Қадырұлы баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен бақылау бағыттары туралы толық ақпарат берді.
— «Жетісу облыстық филиалының партиялық бақылауының бастамасымен, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер палатасы, ата-аналар комитеті, үкіметтік емес ұйымдар және белсенді азаматтардың қатысуымен облыс бойынша 443 білім беру мекемесіне 162 белсенді тұлғаның қатысуымен кешенді қоғамдық мониторинг жүргізілді», -дейді Арыстанғали Қадырұлы.
Мониторинг барысында анықталған басты мәселелерге:  құжат айналымы, бейнебақылау жүйесі, жол қауіпсіздігі және инфрақұрылым, қауіпсіздік жүйесіндегі олқылықтар, күрделі жөндеу мәселесі, асхана жұмысының ашық еместігі және диет сестра жетіспеуі, бракераж комиссияларының әлсіздігі, ыстық су және жылыту мәселесі.
Арыстанғали Қадырұлының айтуынша, Жетісу облысы бойынша 56 білім беру нысаны 30 жылдан астам күрделі жөндеуден өтпеген. Мектептерде:
•жылу, су және кәріз жүйелері тозған;
•шатыр, терезе және еден сапасы нашар;
•санитарлық тораптар ескірген;
•кей жерлерде электр жүйесі істемейді;
•асхана жағдайы нормаларға сай емес.
«Бұл жағдай білім беру процесінің қауіпсіздігі мен сапасына, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуына кері әсер етеді», – деді ол.
Сонымен қатар, 300-ден астам бейнекамера істен шыққаны анықталған.
Мәселен, Кербұлақ ауданы бойынша Күреңбел қазақ орта мектебінде 36 бейнекамераның 8 ғана істеп тұр, «Ай-Сана» балабақшасында 39 камераның 6 істемейді. Ақсу ауданында барлығы 1438 бейнекамераның 104 істен шыққан, Қаратал ауданындағы білім беру мекемелерінде 1148 камераның 10-ы істен шыққан, 25 камера қосылмаған.
Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы қоғамдық бақылау механизмдерін күшейтудің маңызын атап өтті.
— «Қоғамдық бақылау арқылы білім беру саласындағы проблемаларды нақты көріп, шешім қабылдауға мүмкіндік туады. Біз өңірде жүргізіліп жатқан реформаларды жалғастырып, білім сапасын арттыруға бағытталған шараларды қолдаймыз»-дейді Диас Рахметұлы.
Облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Қожағұлқызыда жүргізілген ауқымды жұмыстың нәтижесі бойынша өз пікірін білдірді.
— «Депутаттық корпус тарапынан қолдау көрсетілетін болады және көтерілген мәселелер бойынша нақты бақылау орнатамыз», – деді ол.
Жиын соңында қатысушылар білім беру саласындағы қоғамдық бақылауды жүйелі түрде жалғастыру, анықталған мәселелерді жедел шешу және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде ортақ шешімдер қабылдады.