АУЫЛ БАСШЫСЫН КІМ ТАҢДАУЫ КЕРЕК?

0
30

2025 жылғы 28 қарашада Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерімен диалог-платформа өткізді. Бұл — ауыл әкімдерінің институтын одан әрі жетілдіруді, ауылды дамыту мен жергілікті басқаруды нығайтуды көздейтін ауқымды шара. Сол күні бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, ауыл әкімдері мен билік арасындағы диалог арқасында халықтың тұрмыс сапасы мен ауыл инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік-экономикалық даму жолдары талқыланды.

Тоқаев: «Ауыл — халқымыздың тамыры. Ауылдарымыз мықты болса, ел де берекелі болмақ» деп, ауыл әкімдерінің рөлі мен жауапкершілігін ерекше атады. Әкім — ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші екенін айтты.
Ауыл әкімдерін сайлау және жергілікті басқаруды жетілдіру тақырыбы қоғамда кең талқыланып жатқан өзекті мәселелердің біріне айналды. Осы мәселеге байланысты, біз «Ақ жол» партиясының Жетісу облыстық мәслихатының депутаты, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Ермек Егінбаевпен арнайы сұхбаттасып, ойда жүрген сұрақтарымызды қойған едік.
— Ауыл әкімі төңірегіндегі сұрақтарға пікір білдірушілер екіжақты пікір айтады : бірі сайланғаны дұрыс десе, екіншілері – тағайындалғаны дұрыс дейді. Сіз не дер едіңіз?
— Ермек Егінбаев: Меніңше, ауыл әкімін сайлау — дұрыс шешім. Себебі әкім халықтың таңдауымен келген кезде, ең алдымен елдің талабын тыңдап, соған сай жұмыс істейді, ол алдына нақты бағдарлама қойып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жауапты болады. Ал жоғарыдан тағайындалған жағдайда, ол өзін тағайындаған адамның көңілін табуға көбірек ұмтылуы мүмкін. Сайланған әкім халықтың алдында өз бағдарламасын жариялап, сол міндеттерді орындауға ел алдында міндетті болады.
Бұл бастаманы еліміздің Президенті 2021 жылы енгізген болатын. Ал 2022 жылдан бастап ауыл әкімдері алғаш рет сайлау арқылы анықтала бастады. Айта кету керек, бұл идея біздің «Ақ жол» партиясының 2020 жылдың қараша айында қабылданған бағдарламасында көрсетілген. Сол кезде біз ауыл және аудан әкімдерін халық сайлауы керек, әрі олар қандай да бір партия қатарында болмауы тиіс деген ұсыныс жасаған едік. Осы бастаманы қазіргі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап, оны іс жүзінде жүзеге асырып келеді.
2023 жылы аудан әкімдері пилоттық режимде сайланды, ал 2024 жылдан бастап бұл тәжірибе кеңінен енгізіліп жатыр. Соңғы ауыл және аудан әкімдерінің форумында Президент ауыл әкімдерін міндетті түрде сайлау қажеттігін атап өтті. Ал аудан әкімдеріне қатысты мәселені әлі де жан-жақты қарастыру керектігіне тоқталды.
Өйткені сайлаулар тым жиі өткізілсе, шығын да көбейеді, тұрғындарға да қосымша салмақ түсуі мүмкін.
Ауыл әкімдерінің 84 пайызы сайланды. Орташа жасы — 42. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте істемеген, бірақ кәсіпкерлікпен айналысып, тәжірибесі бар адамдар да бар. Халықтың сенімімен келгендіктен, мұндай азаматтарға қосымша білім беру, біліктілік арттыру курстарынан өткізу аса маңызды.
Президентіміз айтқандай, бізде сайлаулар жиі өткізілетіні рас. Сол сайлауларға көпшілік қауым енжарлық танытып, бармай жатады десек, бұл өтірік емес. Осының себебі не деп ойлайсыз?
— Ермек Егінбаев: Біріншіден, халық сайлау нәтижесіне сенбей, күманданады. Бұл сұрақтың өзінде көп сұрақ бар. Екіншіден, сайланған әкімдер өз бағдарламасын немесе міндеттемелерін толық орындамай қалу қаупі бар. Сол себепті кей азаматтар «біз бармасақ та, сайлау өтеді» деп немқұрайды қарайды.
Ал кейбір адамдар сайлаудан өтіп алғанымен, кейін өз міндетін дұрыс атқара алмай, қызметтен өз еркімен кетіп қалатын жағдайлар кездеседі. Өйткені халықпен жұмыс істеу – оңай шаруа емес. Мемлекеттік қызмет жауапкершілікті, ұйымдастырушылық қабілетті және халықтың мәселесін түсініп, оны дер кезінде көтере білуді талап етеді. Сондықтан бұл орынға лайық болу үшін біліктілік, білім және тәжірибе қажет.Ауыл тұрғындары өздері таңдаса – ол тұлғаның сайлануына 100 пайыз сенімді болады және сайлауға сенімді түрде барады.
«Ақ жол» партиясының ұстанымы бойынша да, менің жеке пікірім бойынша да ауыл әкімдерін халық сайлауы керек деген тұжырымдамын, қайталап айтсам – кешірерсіздер. Себебі ауылды ең жақсы білетін, сол жердің жағдайын көріп жүрген тұрғындардың өзі лайықты адамды таңдай алады. Әкімдікке келетін азамат тек мемлекеттік қызметте істеген болуы шарт емес. Қазіргі талаптарда мұндай шарт қойылып жатқанымен, тәжірибесі болмаса да, бойында қабілеті, жауапкершілігі және талаптылық қасиеті бар адам жұмысты нәтижелі түрде жүргізе алады. Халық қалаған, ел сенім білдірген азамат ауылды алға сүйреуге қауқарлы деп есептеймін.
Жалпы, ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі — елдің саяси мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл — тек бір адамды таңдау процесі емес, жергілікті жердің болашағына қоғам болып атсалысудың көрінісі. Ауылдағы әрбір сайлау — тұрғындардың белсенділігін арттырып, олардың өз тағдырына деген жауапкершілігін күшейтеді. Әсіресе, ауылда туып-өскен, жергілікті ахуалды терең білетін азаматтың әкімдікке келуі — сол өңірдің дамуына нақты ықпал ете алады.
Бүгінде ауыл халқы арасында белсенділік біртіндеп артып келеді. Бұған әкімдердің халықпен жиі кездесуі, есеп беру механизмі, сондай-ақ жергілікті мәселелерді ашық талқылау мәдениетінің қалыптасуы әсер етіп жатыр. Халық сайлаған әкімнің әр шешімі жұрт назарына тікелей ілігетіндіктен, бұл өзі бір бақылау тетігі болып табылады. Жаңа әкімдер арасында да өз округіне жанашыр, ауылдың мәселесін жақсы білетін, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп жүрген азаматтар көптеп кездесе бастады.
— Рас айтасыз. Бүгінде ауыл азаматтарының белсенділігі артып, қоғамдағы өзгерістерге атсалысып, кемшіліктер мен ұсыныстарын ауылдың әлеуметтік өмірін жақсартуға арнап жатқаны орынды ұмтылыс. Ермек аға, ашық пікіріңізді естіп, енді осы сұрағымды қала тұрғындарына қойып көрсем деп едім. Ал өзіңізге толымды ойларыңыз үшін рахмет демекпін.

Ел пікірі екіұдай

Ауыл әкімін сайлаймыз ба, әлде жоғарыдан тағайындалсын ба?
Айнұр, 34 жаста: Менің ойымша, ауыл әкімдерін халық өзі сайлауы керек. Себебі сол ауылда тұратын адамдар әкімнің қандай болуы керектігін жақсы біледі. Халықтың дауысы арқылы келген әкім өзіне сенім білдірген жұртқа есеп береді. Сонда ашықтық, әділдік болады. Бұрын тағайындап қоятын кезде әкім кімнің мүддесін қорғайтыны түсініксіз еді, енді бәрі халықтың бақылауында болады.
Ерболат, 52 жаста: Меніңше, ауыл әкімін сайлау емес, тағайындау дұрыс. Себебі жұрт көп жағдайда эмоциямен дауыс береді. Ал жоғары жақта тәжірибесі бар, жауапкершілігі жоғары мамандарды таңдай алады. Мемлекеттік қызмет – жай ғана көш басқару емес, ол білімді, тәжірибені талап етеді. Халық сайлаған адамның бәрі әкім бола алмайды. Сайлау дегеніңіз қазынаның ақшасына жасалатын дүние. Олай болмау керек.
Дана, 29 жаста: Әкімді сайлау жүйесі дұрыс, бірақ кандидаттарға қойылатын талаптарды күшейту керек деп ойлаймын. Кей ауылдарда тәжірибесі жоқ адамдар өтіп кетіп жатады. Әкімді халық сайлағаны дұрыс, бірақ оның кәсібилігіне, біліміне нақты талап қойылуы тиіс.
Гүлмира, 47 жаста: Халық сайлауға әрқашан бірдей дайын емес. Көпшілігі кімге дауыс беріп жатқанын түсінбей, танысына немесе жақынына қарап таңдайды. Ал тағайындау кезінде жауапкершілік мемлекетте болады. Меніңше, бұл тиімді.
Соған қарағанда, ауыл әкімдерін сайлау не тағайындау мәселесі — қоғамда ашық талқылауды талап ететін өзекті тақырыптардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерімен кездесуінде айтқан бастамалары да дәл осы бағытты дамытуды, ауылды жаңаша басқару жүйесіне бейімдеуді көздейді. Бүгінде елімізде 2334 әкім тікелей сайлау арқылы анықталуы — жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерінің біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Дегенмен көзқарастар әртүрлі: бір тарап сайлау үрдісін халық сенімін арттыратын демократиялық қадам деп бағаласа, екінші тарап кәсіби біліктілікті басты орынға қойып, тағайындау жүйесін тиімді санайды. Бұл еліміздің саяси мәдениеті қалыптасу жолында екенін, қоғамда пікір алуандығы бар екенін білдіретін табиғи құбылыс.
Сарапшылар мен депутаттардың пікірлері, тұрғындардың ұсыныстары, сонымен қатар мемлекеттік органдардың жаңа бастамалары ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Ең бастысы қабылданатын әр шешім ауылдың дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар,ауыл әкімінде «ауылымды жайқалтсам!» деген ниетке қоса қаржысы болуы керек қазынасында. Олай болмаған күнде алақанында қаржысы жоқ әкім түк те істей алмайды. Аудан, не облыс бюджетіне телміріп отырады – деп ойлаймын. Мүмкін менікі дұрыс пікір емес шығар, сіз не айтар едіңіз, оқырман? Газет редакциясы сіздің пікіріңізді жариялауға әрқашан дайын.

 

Нұрила НҰРБОЛҚЫЗЫ