СҰЛУЛЫҚ – СЕНІМ АЙНАСЫ

Қазіргі қоғамда сұлулық ұғымы бұрынғыдан өзгеше сипат алды. Егер бір кездері табиғилық пен қарапайымдылық басты орында тұрса, бүгінгі таңда күтім, эстетика, өзін-өзі дамыту – заманауи адамның өмір салтына айналды. Әсіресе әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы сұлулық индустриясына жаңа серпін берді. Instagram мен TikTok желілерінде таралатын трендтер, фильтрсіз мінсіз тері, айқын ерін, тегіс маңдай – мұның бәрі косметология саласына деген қызығушылықты арттыруда десек болады.
Бірақ косметология – тек сән қуалау емес. Бұл – жауапкершілік, білім, тәжірибе мен адам денсаулығына деген құрметті талап ететін сала. Осы тақырыпта біз дәрігер-неонатолог әрі косметолог Ақерке Нұрболатқызымен сұхбаттасқан едік.
– Ақерке ханым, өзіңіз туралы кеңірек айтып берсеңіз. Косметологияға келу жолыңыз қалай басталды?
– Мен Жетісу өңірінің тумасымын, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында бой жеткенмін. Мектепті аяқтаған соң Семей медициналық университетіне оқуға түсіп, бес жыл бойы жалпы медицина мамандығын меңгердім. Кейін Павлодар қаласында интернатураны оқып, резидентурада нақты неонатология мамандығын таңдадым. Қазір перзентханада жұмыс істеймін, жаңа туған нәрестелердің денсаулығына жауаптымын.
Косметологияға қызығушылығым студенттік шақта оянды. Сұлулық индустриясындағы жаңалықтарды бақылап, түрлі процедуралардың қалай жасалатынын зерттей бастадым. Бет тазарту, пиллинг деген сияқты процедураларға баратынмын. Уақыт өте келе Алматы қаласындағы ресейлік университетте косметология бойынша білім алдым. Оның дипломы СНГ елдерінде қолданысқа жарамды. Алғашында клиникаларда жұмыс істеп тәжірибе жинадым. Кейін Талдықорғанға келіп, жеке кабинет аштым. Қазір екі саланы қатар алып келемін.
– Дәрігерлік қызмет пен косметологияны қатар алып жүру қиын емес пе?
– Екі саланың табиғаты бөлек болғанымен, түпкі мақсаты бір – адамға қызмет ету. Перзентханада мен өзгелердің өмірі үшін күресемін, ал косметологияда адамның өзіне деген сенімін арттыруға үлес қосамын. Бірі – үлкен жауапкершілік, екіншісі – эстетика мен қуаныш сыйлайтын орта. Бірақ екеуі де мен үшін жүрекпен жасалатын жұмыс.
– Қазіргі таңда ең сұранысқа ие процедуралар қандай?
– Ең алдымен бет тазарту дер едім. Бұл – базалық күтім. Акне, май бездерінің бітелуі, терінің күңгірттенуі сияқты мәселелерде өте тиімді. Жасөспірімдерден бастап ересек адамдарға дейін келеді. 18 жасқа толмағандарды ата-анасының рұқсатымен қабылдаймыз.
Екінші орында – ерінді үлкейту. Бұл процедураға сұраныс өте жоғары. Жас қыздар да, жасы үлкен кісілер де келеді. Егде жастағы адамдар еріннің табиғи көлемін қалпына келтіру үшін жасатады. Ер азаматтар да ылғал мен форма беру мақсатында менің қызметіме жүгінетін жағдайлар болып тұрады.
Ботокс та кең таралған. Ол маңдайдағы, көз айналасындағы, жалпы бет, мойындағы әжімдерді тегістеуге көмектеседі. Нәтижесі екі апта ішінде толық көрінеді. Мен жұмыс барысында әрдайым табиғилықты сақтауға тырысамын. Клиенттеріме де соны айтып, кеңесімді беремін.
– Блефаропластика мен плазмолифтинг туралы не айтасыз?
– Блефаропластиканың жіп арқылы жасалатын түрі маған ұнайды. Бұл әдісте тері кесілмейді, сондықтан тыртық қалмайды. Оның операция арқылы жасалатын түрінде теріні кесіп ішіндегі артық теріні алып қайта тігеді ғой. Ондай кезде қанша сапалы тігіс болса да тыртық бәрібір көрінетін болады. Ал жіп арқылы жасағанда біз теріні мүлдем кеспейміз. Алдымен консультация жасап, табиғи немесе үлкен қабақ жасайтынымызды анықтаймыз. Жіп тінге еніп, сәйкес келмей қалу деген болмайды. Ол 1 жылдан 6 жылға дейін шыдайды. Оны босаған кезінде қайта ауыстыруға болады. Бұл процедураға көбіне жас қыздар келеді.
Ал плазмолифтинг – менің ең сүйікті процедураларымның бірі. Ол адамның өз қанынан алынған плазма арқылы жасалады. Ол ағзадағы табиғи, пайдалы зат. Теріні жаңартып, ылғалдандырады, қара дақ пен безеуге қарсы тиімді. Шашқа немесе вагиналды жағдайларда да жасалады. Жақсы әсер етеді. Ораза кезінде плазманың сапасы өте сапалы болады. Себебі ағзамыз тазарады ғой.
Табиғи әдіс болғандықтан жас қыздарға ботокс, липолитик сияқты ауыр процедураларға асықпай, алдымен осыны таңдауға кеңес беремін.
– Қазіргі таңда косметология саласында қандай мәселелер алаңдатады?
– Ең үлкен мәселе – біліксіз мамандардың көбеюі. Медициналық білімі жоқ адамдар қысқа мерзімді курстардан өтіп, күрделі процедуралар жасап жүр. Бұл өте қауіпті. Препараттың сапасы мен дұрыс техника – білікті маман үшін басты талап. Мен әр препаратты клиенттің көзінше ашып, жарамдылық мерзімін көрсетемін. Денсаулық бәрінен маңызды болғандықтан өзім де оқулар өткізген кезде бірінші шәкірттерімнен медициналық білімі болуын талап етемін. Медбике немесе фельдшер мамандығын меңгерген болса да болады. Себебі медициналық білімі бар адам, өзге адамның денсаулығына қандай жағдайда алаңдауға, дұрыс емес жұмыстарды аңғаруға қабілеті бар.
– Клиенттеріңіздің жас ерекшелігі қандай?
– Әртүрлі. Көбіне 18-40 жас аралығындағы қыз-келіншектер мен ер азаматтар келеді. Жасөспірімдер бет тазартуға жиі жүгінеді. Тіпті кимешек киген әжелеріміз де «Ешкім жоқ кезде келейін. Жас балалардан ұят болып қалады» деген сөздерді айтып келеді. Менің ойымша сұлулыққа ұмтылу жас талғамайды.
– Қызмет бағалары қандай деңгейде?
– Баға қолданылатын препаратқа байланысты. Америкалық, кореялық, еуропалық, немістік препараттар бар. Бағасы 30-90 мың аралығында. Ботокс аймаққа байланысты көздің айналасы, қабақтың ортасы және маңдай 30 мың теңгеден басталады, толық бетке 55 мың теңге шамасында. Ерін жасау 20-30 мың теңге аралығында. Бет тазарту жеңілдікпен 10 мың теңге. Тұрақты клиенттерге әрдайым жеңілдіктер қарастырылған.
– Косметологиядан қорқатын жандарға не айтар едіңіз?
– Қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы – сенімді, білікті, медициналық білімі бар маманды таңдау керек. Сұлулық тек сыртқы өзгеріс емес, ол адамның ішкі сенімімен тығыз байланысты. Егер процедура дұрыс, қауіпсіз жасалса, ол адамға қуаныш пен сенім сыйлайды.
– Ақерке ханым уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет. Жұмысыңыз жемісті болсын.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
