ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨСІМ

0
31

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Қоғамдық кеңес мүшелері алдында 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп берді. Оның айтуынша, жыл қорытындысында өнеркәсіп, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында тұрақты өсім қамтамасыз етілген. Бұл жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесі.

Кездесу барысында кеңес мүшелері шаһардың даму қарқынына оң баға беріп, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қоғамдық көлікті жаңарту, жаңа нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болуы, «Ынтымақ» тұрғын үй алабы жолдарын жөндеу және сәуір айында іске қосылатын «Талдықорған-Астана» теміржол бағыты бойынша әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер қарастыру ұсынылды.
Қала әкімі барлық сауалдарға жауап беріп, бірқатар мәселелерді жеке бақылауына алатынын жеткізді. Сондай-ақ абаттандыру мен жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті. Биыл да қаланың шет аймақтарын дамыту, жол сапасын жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ