РУХЫ БИІК ӘКЕЛЕР — ҰЛТ БОЛАШАҒЫН МӘПЕЛЕР

0
19

«Қ.Қасымов атындағы №28 IT мектеп — лицейінің» алды күндегіге қарағанда әбігерлі, оқушылардан гөрі мектепке ата-аналар көбірек кіріп жатты. Көптің бірі болып мектепке біз де кірдік. Алдымыздан мектеп директоры Каримбаева Маржан Сағынтайқызы жылы жүзбен қарсы алды. Мектептің кіре беріс дәлізінде Құрманғазының күйі «Балбырауынға» биші қыздар билеп жатты.

Жағалай орналасқан «Ұлттық құндылықтар мен әке тәрбиесі» атты қолөнер көрмесінде ағаш бұйымдарын жасауға қажетті сүргі, бұрғы, ара, қашау сияқты құралдарымен ағаш ыдыстар, күрек, қасық, домбыра, қобыз, асатаяқ т.б. бұйымдар қалай жасалатынын балалар әкелерімен бірге көрсетіп жатты. Әкелердің бірі сиыр терісінен қиылған қайысты өріп, қамшы, құйысқан, жүген, тартпа, өмілдірік өріп, оның қалай жасалатындығын айтып көрсетті.
Үлкен бір ақсақал әкесінен қалған қамшы, бүркітті қолына қондырарда киетін биялай мен бүркіт қонғанда аттың үстінде ердің қасына қоятын тіреуішті көрсетті. Бұл әкесі ұстаған бұйымдардың жасалғанына 101 жыл уақыт өтіпті.
Қыздар тоқыма бұйымдарын жасау мақсатында жүннен жіпті иіру үшін керекті құрал ұршықтың қалай жасалатындығын түсіндірді. Атам қазақ әу бастан-ақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп бекер айтпаған болар.
Одан әрі бірнеше әке балалармен асық иіріп атып, ұлттық ойынды айтып түсіндірді. «Әке — отбасының тірегі» атты дөңгелек үстелде әкелер бала тәрбиесіндегі әкенің ықпалы жайында пікір алысты, экраннан көрініс материалдарын пайдаланды. Отырған әкелердің ішінде «Ұстаз» кинофильмінде басты рөлді сомдаған «Бикен Римова» атындағы академиялық театрдың әртісі Айдымбаев Еркебұлан Нұрланұлы әкенің бала тәрбиесіндегі жақсы істерді үйретуі, күнделікті өмірдегі іс-қимылын біліп отыруы өте қажет екендігі туралы ой бөлісті.
Жетісу облысы Полиция Департаменті бастығының орынбасары Мадияр Тұрсынұлы Омаровтың өзі келе алмауы себепті, оқушының ағасы полиция майоры Сүлейменов Айдын Жұмағұлұлы белсенділік танытып өз ойын былай жеткізді:
– Құрметті ұстаздар, қадірлі ата-аналар, ардақты оқушылар! Бүгін мен сіздердің алдарыңызда екі жауапты міндетті атқарып тұрмын. Бірі — әке, екіншісі — полиция қызметкері. Бұл екеуі екі бөлек емес. Керісінше бірі дұрыс жол көрсету, жақсы іске баулу болса, екіншісі — қамқор болу, қорғау, тура жол көрсету. Әке ретінде мен үшін ең үлкен жауапкершілік — балама адалдықты, тәртіпті, елге қызмет етуді үйрету. Бала әкенің сөзіне ғана емес ісіне қарап өседі. Сондықтан әр күніміз, әрбір іс-қимылымыздың бәрі тәрбие. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамдармен сөйлесу мәнері, салт-дәстүр, қарым-қатынас, іс-қимыл т.б. бәрі де отбасынан басталады. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп өскен бала болашақта жақсы азамат болып өседі.
Ал полиция қызметкері ретінде менің міндетім — қоғамдағы заң мен тәртіпті сақтау. Біз қызметте жүргенде ең алдымен балалардың қауіпсіздігін, елдің тыныштығын ойлаймыз. Себебі қауіпсіз қоғам — бақытты отбасының кепілі.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз — ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» — деген. Тәртіп — шектеу емес, ол — қорған. Заңды сыйлаған адам өз құқын да қорғай алады.
Әке ретінде айтарым — баланың бақыты әкенің берген тәрбиесінде.
Полиция қызметкері ретінде айтарым — қоғамның қауіпсіздігі әр азаматтың жауапкершілігінде. Егер әр отбасы өз баласына дұрыс тәрбие берсе, қоғамның болашағы да зор болады. Сөзімді қорытындылай келе, әке мықты болса — отбасы берік, тәртіп мықты болса — мемлекет берік.
Одан әрі Мәжіліс залына барар жолдағы дәлізде «Мен әкеммен мақтанамын» атты сурет көрмесі қойылыпты. Әрбір әке суретінің қасында балалары тұрды. Әкесі жайында сұраса — мақтанышпен айтып жатты. Мәжіліс залының алдында сап түзеп тұрған әскери киімдегі жоғары сынып оқушыларының әрқайсысының алдында бастауыш сынып оқушылары тұрып «Менің әкем» атты тақырыпта әдеби-монтаж оқылды. Әскери киім киіп тұру, яғни, балаларға қамқор, қорған болу туралы ұғым көрініс бергендей болып тұрды.
Мәжіліс залында «Менің әкем жақсы адам» концерттік бағдарлама, «Әкенің отбасындағы рөлі» деген тақырыпта бірнеше көріністер көрсетілді. Кездесу соңында қорытынды жасалып, қонақтарға сөз берілді. Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесіндегі әдістеме бөлімінің меңгерушісі комиссия төрайымы Каримова Гүлнар Ақойқызы, сондай-ақ Сағатбекова Назипа Қапанқызы, Сейтқұлова Дәнегүл Рахымқызы сөйлеп іс-шараға қорытынды жасай отырып, оң баға берілді. Соңынан батагөй Абеш ақсақал балаларға, жиналған қауымға арнап бата берді.
«…Көргенде күміс кесе
алтын аяқ,
Бір сөзді тамағыма қойдым
таяп…» —
деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, бүгінгі іс-шараны көріп тыңдай отырып мынадай ойтүйін жасадым.
Әрине, іс-шара жақсы өтті. Бірақ қазіргі кезде әкелердің бейнесі дәл осы іс-шарадағыдай үнемі балаларға көңіл бөліп жата ма? Бұл әке туралы іс-шара кәдімгі әбден шөліркеген өсімдікке су құйғандай болды. Мұндай тәрбиелік маңызы бар кездесулер барлық оқу орындарында және басқа да балаларға тәрбие орындарында өткізу керек. Өткізіп қана қоймай іс жүзіне асыру қажет. Сондықтан Қ.Қасымов атындағы №28 орта мектеп өте керекті проблемалық тақырыпты көтеріп отыр.
Себебі қазіргі әкелер жалқау болып кетті. Кез келген әкеден баласы келіп «әке, біз светке ай сайын қанша ақша төлейміз?» — деп сұраса әкесі: «оны ана мамаңнан сұрашы» — деп жауаптан қашады. Себебі оны әке емес, анасы біледі. Сол сияқты газға, телефонға, интернетке бұл сұрақтың бәріне анасы жауап береді. Ата-аналар жиналысына әйелдер барады. Ауруханаға, екпе салдыруға баланы жетектеп ана жүреді.
Бара-бара әкелер балаға қатысты сұрақтардың ешқайсысына жауап бере алмайтын шығар… Сөйте-сөйте әкенің бала алдындағы беделі төмендеп, бала әкесінен шешесін білгір санайды, көбірек шешесіне жүгінеді. Одан басқа да толып жатқан әкенің бойындағы кемшіліктері әкесін түкке тұрғысыз етіп көрсетеді. Сонымен, әкенің бала алдында ешбір беделі қалмайды. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз.
Дегенмен де осындай шараларды жиі-жиі ұйым-дастырып, әкелердің белсенділігін артыру — бүгінгі күннің өте қажеттіліктерінің бірі болып табылады. Әке баласымен бірге жүріп тұрып, білгендерін айтып, баланы еңбекке баулуы өте қажет.

СӨЗ СОҢЫНДА НЕМЕСЕ ӘКЕ ТӘРБИЕСІ ТУРАЛЫ

Қазақ ұлтында әкенің орны ерекше тұрады. Әкесі бар үй асқар таудай панасы бар болып елестейді. Асқар таудай әкең бар болса анаң да ұл-қызының ержетуіне алаңсыз болады. Әкенің білгірлігі, көрегендігі ер мінезі балаға әсер етпей қоймайды. Әкенің тәрбиесін көріп өскен бала мен әкесі жоқ, шешенің тәрбиесіндегі балалардың мінезінде де, істеген ісінде де айырмашылықтар байқалып тұрады. Қандай да үй шаруасындағы істелетін жұмыстарда әке көрген бала тиянақты етіп атқарса, шеше тәрбиесіндегі бала ер адамдар атқаратын жұмыстарға келгенде білместігі көп болады. Ұл бала түгілі әке тәрбиесін көріп өскен қыз балалардың өзі де ер мінезді болады. Ауылдық жерде болса атқа мініп мал қайыру, атты жүгендеп міну, балтамен отын жарып алу, шалғы шабу сияқты көптеген әкесінен көргендерін өмірде пайдалана алады. Әкесі техникада жүргізуші немесе шаруашылық техникасын жүргізіп керек жерін жөндеп алатын болса, тура сол әкесіндей баласы көргенін жасайды. Шеше тәрбиесінде өскен баланың мінезі ұяңдау, кейбір ер азаматтың істерін атқару кезінде өзіне деген сенімсіздігі байқалады. Сөйлеу стилінде де анасынан естіген, көргендері көрініс беріп қалады. Ал әке тәрбиесін көрген бала мінезі қаталдау болады. Мысалы Бауыржан Момышұлы 3 жасында анасынан ерте айырылып, әке тәрбиесінде өскендіктен мінезі де әкесіндей қатал талапшыл болып өскен. Сол сияқты Кеңес одағының батыры Қасым Қайсенов та анасынан 7 жасында айырылып бала кезінен әкесінің қатал да мейірімді тәрбиесін алған.
Яғни әкенің тәрбиесі балаға өте қажет. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкең асқар тау, шеше қойнауындағы бұлақ» — деп те айтады. Ұлға да, қызға да құрметті әкелер, уақытты өткізіп алмай жас кезінен тәрбиесіне мән беріп, жақсы тәлім беруге көңіл бөлейік.

Сембек ӘБДІ-РАХМАН