МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

0
19

2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026–2027 оқу жылына құжат қабылдау науқаны басталды. Үміткерлер 1 маусымға дейін admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн өтініш бере алады.

Биыл мемлекеттік грант аясында магистратураға шамамен 200 адам, докторантураға 12 адам қабылданады. Магистратура бойынша грант саны өткен жылмен салыстырғанда артқан.
Академияда биыл «ЕМВА – Іскерлік-әкімшілендіру» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» атты жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Сонымен қатар бірқатар бағыттарда оқу мерзімі өзгеріп, кей бағдарламаларда 2 жылға дейін ұзартылды.
Талап бойынша үміткерлер мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде білуі тиіс. Кейбір магистратура бағдарламалары мен докторантура үшін ағылшын тілін растайтын IELTS немесе TOEFL сертификаты міндетті болып саналады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер үшін жолдама, ал өзге үміткерлер үшін еңбек өтілін растайтын құжаттар талап етіледі.
Конкурстық іріктеу маусым айында үш кезеңмен өтеді: аналитикалық эссе жазу, сұхбат және докторанттар үшін зерттеу жобасын қорғау. Қорытынды нәтижелер 10 шілдеде жарияланып, оқу процесі 1 қыркүйекте басталады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»