ҚАЛА ӘКІМІ МОҢҒОЛИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана қаласында Моңғолия Елшілігінде Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гунаажавын Батжаргалмен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында Талдықорған қаласы мен Моңғолияның Налаяқ қаласы арасында өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды меморандумға қол қойылды. Құжат екі қала арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, түрлі саладағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Тараптар ауыл шаруашылығы, экономика және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға арналған нақты ұсыныстар қарастырылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері сөз болды.
Өз кезегінде тараптар алдағы уақытта өзара тиімді жобаларды іске асырып, тұрақты байланыс орнатуға дайын екендіктерін білдірді. Келісім екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, өңіраралық ынтымақтастықтың дамуына серпін бермек.
Кездесу соңында Ернат Бәзіл Моңғолия Елшісін Қазақстанның туристік аймақтарына, оның ішінде Жетісу өңіріне арнайы келіп, табиғаты көркем өлкемен танысуға шақырды.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»
Дереккөз Талдықорған қ. әкімдігінің ресми сайтынан
