чернобыль апаты үлкен қасірет

0
53

Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында 1986 жылы сәуір айында АЭС-тің 4 энергоблогында апат болды. Чернобыль апатының нәтижесінде Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. Кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр. Ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар 100 мың адам құрбан болды деген мәлімет айтады.

АПАТТЫ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУҒА ҚАЗАҚСТАН ДА ҚАТЫСТЫ

2023 жылдың 15 қыркүйегінде Талдықорғанда «Жеңіс» саябағында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан жетісулықтарға және Семей полигонының құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.Чернобыльдағы радиоактивті зақымдану аумағында қатысқан қазақстандықтар саны түрлі деректерде әрқалай айтылады: 23 мыңнан 40 мың адам қатысты деген деректер бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі бүгін арамызда жоқ. Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандардың бірі Қоңыратбек  Жолбосыновтың айтуынша, алғашқы шақыру кезінде 1986 жылы Талдықорғаннан Украинаға 100-ге жуық адам аттаныпты. «Бүгін сол 100 шақты адамнан тек 15 адамдай бармыз. Өзім химик-дозиметрист болсам да, зиян-қаупі туралы көп ойламадым. Біз ондай қатерлі іске Отан үшін бардық», – дейді чернобыльдық жауынгер.
Апатпен арпалысқан қазақстандық азаматтардың бүгінгі жағдайы туралы Чернобыль апаты Ассоциациясының құрметті президенті Болат Раздықовтың айтуынша, Чернобыль АЭС-ның апатына Қазақстаннан 35 мың адам қатысқан. Бүгінде олардың саны 5 мыңнан сәл ғана асады.

ЧЕРНОБЫЛЬ ЗАЛАЛЫН КӨРГЕН ЖЕТІСУЛЫҚ МОРЯК

Көксу ауданы Талапты ауылының тумасы Асылбеков Моряк Демегенұлы да атом станциясының апат зардабымен күресушілер қатарында болған.
— Мен 1966 жылы 4 маусымда Талапты ауылында дүниеге келдім. 1984 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды Украина елінде, Конотоп қаласында өтедім. Әскери борышымды өтеу кезінде, 1986 жылы 29 сәуірде дүниежүзін дүр сілкіндірген Чернобыль атом станциясында болған апат зардаптарын жоюға жіберілдім.
Чернобыль апаты 1986 жылы 26 сәуір түнгі сағат 1-де болды. Әрине, көптеген адам өлімі болғаны анық. Жарылыс болғасын 3 күннен кейін 29 сәуір күні біздің әскери бөлімнен 3 адамды дайындап апат болған 4-энергоблокқа кіргізді. Сол 3 адамның бірі болып мен де бардым. Алдымен үстімізге арнайы киім, бетімізге противогаз, басымызға арнайы радиация өткізбейтін материал қосып жасалған бас киім, қолымызға арнайы қолғап берді. Ешқандай ашық орын қалдырмай киіндірді.
Сол кезде қап-қара болып күйіп кеткен адамдарды көрдік. Шамасы, алғашқы кезде не болғанын түсінбей, еш дайындықсыз кіріп кеткендер болса керек. Арнайы киіммен жүріп те жұмыс жасау өте қиын болды, — дейді Моряк Демегенұлы.
— Денеміз су болып терлейді, ешбір жерді шешуге, ашуға болмайды. Кешке жұмыстан келген соң душқа жуындырып, үстімізді мочалкамен әбден ысқылап жуады. Сондай сақтықтың арқасында аман қалдық деп ойлаймын, — деп өзінің сол кездегі іс-әрекеті мен көрген қиыншылықтарын қысқаша айтып берді.
— Соғыс ардагерлеріне теңестірілген әлеуметтік сатыдағы ардагер екенсің, марапаттарың бар ма өзі?
— 2014 жылы «Чернобыль батыры» медалімен, 2015 жылы «Айрықша тәуекел бөлімінің ардагері» медалімен, «Батыр шапағаты» медалімен, «Чернобыль апатының 30 жылдығына» орай медальмен және аудан әкімі Ғ.Тоқпейісовтың алғыс хатымен марапатталдым. Мамандығым мұғалім болған соң бүгінде Мұсабек атындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып келемін. Әр отбасының амандығын, елімнің тыныштығын тілеймін.
— Атом станциясындағы жарылыс салдарын залалсыздандару денсаулыққа зиян келтіретіні белгілі. Сондықтан өзің сияқты жауынгерлерге үкімет тарапынан қандай шаралар, қамқорлық, жеңілдіктер бар? Соларды атап айтсаң?
— Чернобыль апатына қатысқандарға ай сайын 30 мың теңге (дәрі-дәрмекке), жылына бір рет Қазақстан аумағы бойынша теміржолға, самолетке тегін билет беріледі. Санаторийге, госпитальға тегін емделу, ары- бері жолы тегін. Чернобыль апатына қатысқандарға аудандық бюджеттен жылына бір рет 200 мың теңге көмек беріледі.
Чернобыльшы жауынгерге зор денсаулық тілеп аттандым. Жол бойы ойланғаным, Кеңес одағы кезіндегі қандай зор алапат болмасын, қазақстандықтар алдыңғы лекте жүріп, абыройлы істер атқаратын. Жауды да, апатты да, атом зардаптарына да қатысып, залалсыздандырады. Қазақтың жігіттері мықты-ақ! Бірақ біздер көп құпияны біле бермейміз.

ОРЫНДАЛМАҒАН ҚҰПИЯ БҰЙРЫҚ

КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов қол қойған №045 құпия бұйрықта: «…залалсыздандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі үш айдан аспасын» деп жазылған. Алайда, апатты залалсыздандыруға жастары жиырмаға толмаған әскерге шақырылғандар да тартылған. Тіптен, екі жыл қатарынан сонда әскери қызметін өтегендер де болыпты.
Әлемдегі ең үлкен атом бомбасын сынаған, ядролық сынақ алаңы болған Семейде 456 рет жарылыс болды. Оның қуаты Чернобыльдегідей 119 апатпен тең екен. Алайда, адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізген зияны туралы әлемдік қауымдастық әлі ештеңе білмейді. Жапониядағы Хиросима мен Нагасакиге тасталған АҚШ-тың атом бомбасынан 90 есе қуатты деп танылған Чернобыль туралы айтқанда Семей мен Аралды, Ақтау мен Сарышаған полигондарын да еске алу керек.

АПАТ ТУРАЛЫ КЕҢЕС ОДАҒЫ ҚҰПИЯ ҰСТАДЫ

26 сәуірдегі апатты тек екі күннен кейін ғана «Правда» газеті қатардағы жағдай ретінде көрсетіп, екі-ақ адамның өлгенін жазды. Шын мәнінде бірінші күні-ақ мыңдаған адам қаза болған. Апат ошағы Киевтен 157 шақырым қашықтықта еді. Соған қарамастан мұнда 1 мамыр мерекесі де аталып өтіпті. Тек келесі күннен бастап апатты аймақтан халықты көшіруді бастаған. Алайда, алдын-ала дайындықтың жоқтығынан, психологиялық көмек көрсетілмегендіктен апатты аймақтарды қамтыған Киевтен миллионнан астам тұрғын өз беттерімен қашып, көшкен. Тек араға екі аптадан артық уақыт салып, 14 мамырда ғана КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачев Орталық теледидар арқылы апаттың болғанын ресми жариялады. Украина мен Белоруссияда халықты апаттан құтқару жұмыстары тек 15 мамырда ғана қолға алынған. Киевте 15 мамырда оқушыларға демалыс жарияланған.

ӨРТ КЕЗІНДЕГІ ШЫҒЫН

Ядролық реактордың от жалыны 300 метрге дейін көтерілген. Жарылыс кезінде салмағы бір тоннаға жететін темір жабулар мен бетондар аспанға ұшып, атом отынына жалғанған 1661 арна ашық қалған. Одан шыққан атом отыны ауамен араласып, желмен бірге айналаға тараған. Жарылыс кезінде жұмыста 4500 адам болыпты.
Аталған 4 блоктағы өртті өшіруге сегіз күн кеткен. Апаттың алғашқы күні 80 адам қаза болып, зардабынан 2 мыңнан астам адам ауруханада көз жұмған.

ҚАНША АДАМ ЗАРДАП ШЕКТІ НЕМЕСЕ МЕРТ БОЛДЫ?

30 шақырымдық апат аймағында 125 мыңға жуық адам болды. Апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды. Улы сәуле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған. Жалпы, радиоактивті отынның тозаңы 160 мың шақырым аумақта жайылып, 17 миллион халықты улаған. Апатты аймаққа КСРО-ның 11 облысы кірген.
1995 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы есебі бойынша 9 миллион адам зардап шеккен. Оның 4 миллионы –14 жасқа толмаған балалар. Бүгінгі таңда апат зардабынан қаза тапқандардың саны 320 мыңнан асты.

ҚҰПИЯ ҚАСТАНДЫҚ

КСРО Гидрометеорология орталығының бас директоры Юрий Израэль «Чернобыль аймағында әскерге берілген дозиметрлердің көрсеткіші төмендетіп қойылған еді…», — деп мойындапты 1991 жылы «Известия» газетіне берген сұхбатында. Міне, бұл – беті ашылған құпия қастандық.

ЧЕРНОБЫЛЬДЕГІ АЭС АҚЫРЫ ЖАБЫЛДЫ

2000 жылы 5 маусымда Украина президенті Леонид Кучма Чернобыль Атом Электр Стансасының ресми жабылғанын жариялады. Алайда тоқтатылған реакторлар мен ядролық отындарды бір жайлы ету үшін өте үлкен қаржы мен күш керек екені белгілі.

Сембек СОЛТАНҰЛЫ

Деректер Informburo.kz
сайтынан алынды