САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІС ТӨҢІРЕГІНДЕ

0
12

Қосылған құн салығына қатысты өзгерістер жайлы жыл басынан түрлі ақпарат айтылуда. Ол туралы БАҚ беттерінде де күнделікті жаңалықтардан көріп жүрміз. Күні кеше Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары да Салық кодексіндегі жаңашылдықтарды жан-жақты түсіндірді.

Басты жаңалықтың бірі ҚҚС бойынша тіркеу тәртібінің өзгеруі. Енді тіркеудің үш түрі болады: ерікті, міндетті және шартты. Бұл кәсіпкерлердің қызмет ерекшелігіне қарай икемді жүйе қалыптастыруға бағытталған дейді сала мамандары. Дегенмен, барлық субъектілер бұл жүйеге кірмейді. Мәселен, мемлекеттік мекемелер, жеке тұлғалар және арнайы салық режимін қолданатындар ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмейді.
Кәсіпкерлерге тікелей әсер ететін тағы бір өзгеріс – міндетті тіркеу шегінің төмендеуі. Бұрын жылдық айналым 20 мың АЕК-тен асқанда ғана тіркелу талап етілсе, енді бұл көрсеткіш 10 мың АЕК-ке дейін қысқарды. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 43,25 млн теңге. Аталған өзгеріс шағын және орта бизнес өкілдерінің бір бөлігін ҚҚС жүйесіне қосады дегенді білдіреді.
Заң талаптарын орындамаған жағдайда жауапкершілік те күшей-іпті. Уақтылы тіркелмегендерге айыппұл салынып қана қоймай, ҚР ӘҚБтК-нің 275-бабы 5-тармағына сәйкес айыппұл — тіркелмеген кезеңдегі айналым сомасының 15 пайызын төлеу керек болып танылады. Сондықтан мамандар кәсіпкерлерге табыс көлемін үнемі бақылап отыруды ұсынды.
Салық мөлшерлемесіне келсек, негізгі ҚҚС деңгейі 16 пайыз болып белгіленгенін білеміз. Сонымен қатар, бірқатар сала үшін жеңілдетілген тариф қарастырылған. Мысалы, медициналық қызмет пен дәрілік заттарға 2026 жылдан бастап 5 пайыз енгізілсе, 2027 жылдан бастап ол 10 пайызға өзгереді. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бұрынғыдай салықтан босатылады.
Ақпарат саласына да қолдау бар. Отандық газет-журналдарды өткізу кезінде 10 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Бұл баспасөз нарығын дамытуға бағытталған қадам ретінде бағалануда.
Ауыл шаруашылығы сала-сында жұмыс істейтіндер үшін қосымша жеңілдік қарастырылып, ҚҚС бойынша есепке алынатын соманы 80 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік берілді.
Есептілік тәртібі өзгермеді. Кәсіпкерлер тоқсан сайын декларация тапсырып, белгіленген мерзімде салық төлеуі тиіс. Бұл талаптарды сақтау – айыппұлдан сақтанудың басты жолы.
Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан өзгерістер көлеңкелі айналымды азайтып, салық жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталғанын айтады облыстық МКД Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Жарымбетов. Ол жаңа талапқа бейімделу үшін кәсіпкерлерге қаржылық тәртіпті күшейтіп, заңнаманы мұқият қадағалауға кеңес береді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»