«ЕР — ЕЛІНІҢ ҚОРҒАНЫ»

Отан қорғау – әр азамат үшін абыройлы міндет. Ал сол міндетті кәсіби деңгейде атқарып жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының «Достық» шекара бөліміне қарасты «Шыңдалы» шекара бөлімшесі де аталған бағытта сүбелі үлес қосып келеді. Мереке аясында сол бөлімшеде қызмет ететін лейтенант Ғани Қайырбекпен шекара қызметінің тынысы туралы сұхбаттасқан едік.
Әскери салада адал қызмет атқарып, қоғам тыныштығын күзетіп, жеке құрамдағы сарбаздарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, әскерге жаңадан келген жастарды отансүйгіштікке, жауапкершілікке және сабырлылыққа баулитын әр әскери қызметшінің жауапкершілігі өте жоғары.
– Ғани Асқарұлы, бөлімше бастығының орынбасары ретінде қандай негізгі міндеттерді атқарасыз?
– Жалпы шекара қызметі – елдің тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды сала екенін білесіз. Біздің қызметіміз түрлі бағытта құралған. Бірақ бәріміздің негізгі міндетімізге – мемлекеттік шекараны қорғау, заңсыз көші-қонның алдын алу, қауіпті заттардың ел аумағына өтуіне жол бермеу – дегендей, өзге де жауапкершілігі басым жұмыс жүктелген.
Соның ішінде, менің қызметім осы міндеттердің сапалы орындалуын ұйымдастырумен тікелей байланысты. Яғни, қарамағымдағы әр жауынгерге тиісті білім беру ісін жасаймын.
Бұл тұста, ең алдымен қызмет кезінде аталған салаға алғаш қадам басқан жауынгердің дайындығын дұрыс қалыптастыруға мән беремін. Әскерге енді келген сарбаздың жақсы қалыптасуы алғашқы кезеңде дұрыс бағыт көрсетілуімен маңызды. Бастапқы берілген тәрбие мен білім оның болашақтағы қызметіне тікелей әсер етеді.
Екіншіден, қару-жарақ пен техниканың әрдайым дайын болуын қадағалау да міндетімнің бірі. Әскери қызметте кез келген уақытта әрекет етуге дайын болу қажет. Сондықтан барлық құрал-жабдықтың ақаусыз жұмыс істеуі – басты талап.
Сонымен қатар, жауынгерлердің кестеге сай түрлі сабақтан толық өтуін, жаттығуларды дұрыс орындауын бақылап жүремін. Күнделікті жоспар бойынша түрлі дайындық жұмыстарын жүргіземіз.
– Қарамағыңыздағы жауынгерлердің дайындығын қалай бағалайсыз?
– Біз сарбаздарды жан-жақты бағалаймыз. Оның ішінде, дене және психологиялық дайындық, көрсеткіштер мен тәртіпке бейімділік дегендей критерийлер бағаланады. Оның бәрі не үшін қажет деген сұрақ туындаса, шекарадағы технология мен тактиканың түрлілігіне бейімделіп, нағыз шыңдалған әскери қызметші дайындаудың фундаменті деп сипаттасақ болады.
Қазіргі таңда қарамағымдағы жауын-герлердің 90 пайызы жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Барлығы тапсырманы жауапкершілікпен орындайды, әскери тәртіпті сақтайды.
Апта сайын жоспарлы түрде оқу-жаттығу өткізіледі. Бұл сарбаздардың дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, әр жауынгерімнің көзқарасы дұрыс, қызметке деген жауапкершілігі жоғары деп бағалаймын.
– Шекара қызметіндегі ең күрделі бағыттардың бірі қайсы деп ойлайсыз? Қазіргі таңда шекараны қорғауда қандай жаңа әдістер немесе технологиялар қолданылып жатыр?
– Нақты бір бағытты «өте қиын» деп бөліп жара алмаймын. Себебі, шекара шебіндегі әр жұмыстың өз қиындығы мен оңтайлы тұсы қатар жүреді.
Әскери қызмет болған соң әрбір маман түрлі сынаққа тап болады ғой. Кейде табиғи жағдайлар әсер етеді, кейде күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін. Мұнда ең бастысы – сол қиындықтарға сақадай-сай дайын болса болғаны.
Қазір шекара қызметінде заманауи технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Мысалы, бейнебақылау камералары, тепловизорлар, қозғалысты анықтайтын жарықшам құрылғылары бар. Аталған техникалар бізге жағдайды бақылауға, қауіптің алдын алуға көмектеседі. Бірақ қандай жаңашылдық болса да, оны тиімді қолдану адамның өзіне байланысты.
– Қызмет барысында қандай қиындықтар кездеседі? Алғаш келген кезіңіз есіңізде ме?
– Қызмет барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Оның бәрін ашып айтып отыру біздің жұмысымызда қызметтік жағдайды пайдалану деп есептеледі.
Бірақ мен үшін ең қиыны – жедел шешім қабылдау кездерінде болған шығар. Алғаш келген кезде мұндай жағдайлар жиі болды. Себебі тәжірибе аз, жауапкершілік үлкен еді. Бір ағат қадам үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан әр әрекетті ойланып жасау қажет. Мұндай жағдайда тек өзіңнің ғана емес, қарамағыңдағы әр сарбаздың тағдырына жауапты екеніңді түсінеді екенсің. Уақыт өте келе тәжірибе жинақталып, оқыс жағдайларға бейімделе бастайсың.
– Әскери қызмет сізге қандай қасиеттерді үйретті? Неліктен осы мамандықты таңдадыңыз?
– Ең алдымен, жауапкершілікті үйретті дер едім. Сонымен қатар сабырлы мінез, темірдей тәртіп, стратегиялық ойлау қабілетін қалыптастырды.
Қиын жағдайда өзіңді ұстай білуді, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды меңгердім. Бұл қасиеттер тек қызметте ғана емес, өмірде де ұстанымыма айналған.
Ал таңдауға келер болсақ, бала кезімнен өзімді тек әскери қызметте суреттей біліппін. Сол қызығушылығымды өсе келе орындадым. Нақты шекара бағытына бет бұруды әкемнің берген бағыт-бағдарына қарай таңдадым.
Бұл сала жүрегіме жақын және салмақты мінезіме де лайық. Өмірде екі таңдауда қателеспеу керек деп айтады ғой. Мамандықты таңдауым дұрыс болғанына көзім жетті. Себебі жұмысымды сүйіп істеймін, Отан алдындағы борышымды лайықты алып жүрмін деп ойлаймын.
– Жас жауынгерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Жас сарбаздарға айтарым – Отанға деген сүйіспеншілікті жүрекпен сезіну керек. Қызметті тек міндет ретінде емес, үлкен миссия ретінде қабылдау қажет. Әр әрекетің тек өзіңе емес, өзгеге де әсер ететінін түсіну маңызды. Сонда ғана өз жолыңды табасың.
– Ғани мырза, Отан алдындағы әскери еңбегіңіз жоғары бағалануына тілектеспіз. Мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын!
P.S. Шекара – ел тыныштығының алғашқы шебі. Ал сол шепте тұрған әрбір сарбаз – ел сенімін арқалаған азамат. Лейтенант Ғани Қайырбек сияқты өз ісіне адал жандар барда, бұл сенім әрдайым ақтала береді деп сенеміз.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
