
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ АРТУДА
Жаз мезгілі – жастар үшін тек демалыс кезеңі ғана емес, болашаққа бастар алғашқы еңбек мектебі. Осыны ескерген Талдықорған қаласының «Мансап орталығы» оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды еңбекке баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Қоғамдық жұмыстар, «Жасыл ел» бағдарламасы, жастар практикасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мен мемлекеттік гранттар – бүгінде жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, тұрақты табыс табуына жол ашып отыр. Бұл туралы Талдықорған қаласы «Мансап» орталығы филиалының директоры Азамат Балтабеков баспасөз мәслихатында кеңінен баяндады.
Талдықорған қаласында халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2026 жылдың басынан бері Талдықорған қаласының «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде 5760 азамат тіркелген. Оның ішінде 1210 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданса, 550 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен қатар, жұмысынан айырылуына байланысты 1389 адам әлеуметтік жәрдемақы алып отыр. Олардың 800-ден астамы – жастар санатындағы жұмыс іздеушілер.
Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Азамат Балтабеков еңбек нарығындағы әділдікті сақтау мақсатында тұрақты жұмыс орны бар азаматтардың жұмыссыз ретінде тіркелуіне жол бермеу үшін орталық мамандары тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті.
– Жазғы демалыс кезеңінде жастарды уақытша жұмыспен қамту – орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе, қоғамдық жұмыстарға қатысуға ниетті жастар саны жыл сайын артып келеді. Бұл бағдарлама аясында жастар қала мен ауыл аумақтарын абаттандыру, әлеуметтік мекемелерге көмек көрсету, мәдениет және білім беру ұйымдарындағы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Жұмыс уақыты күніне 8 сағатты құрайды. Бағдарлама бойынша ай сайынғы жалақы мөлшері 103 800 теңге болса, нақты қолға тиетін қаражат көлемі шамамен 83 мың теңгені құрайды, — дейді ол.
Маман пікірінше, қоғамдық жұмыстар жастардың тек табыс табуына ғана емес, еңбек тәртібін меңгеріп, жауапкершілік сезімін қалыптастыруына да оң ықпал етеді.
Жастар арасында сұранысқа ие бағдарламалардың бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағы. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл жоба арқылы 16 мен 35 жас аралығындағы жастар орман алқаптарын қалпына келтіру, ағаш отырғызу, саябақтарды көгалдандыру және түрлі экологиялық акцияларға қатысады. Бағдарлама бойынша жалақы көлемі 85 мың теңгені құрайды, ал нақты қолға берілетін қаражат – 64 565 теңге. Дәстүрлі түрде маусымнан тамыз айына дейін жалғасатын бұл бастама жастарды еңбекке баулумен қатар, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруда.
Азамат Балтабековтің айтуынша, жазғы қоғамдық жұмыстар мен «Жасыл ел» бағдарламасы жастар үшін тек маусымдық табыс көзі емес. Бұл – олардың болашақ кәсіби өміріне қажетті алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайтын маңызды кезең.
«Мансап» орталығы жастарға уақытша жұмыспен қамту шараларынан бөлек, кәсіби даму мүмкіндіктерін де ұсынып отыр. Соның бірі – «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл бастама жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Жалақы мемлекет тарапынан төленеді. Бағдарлама жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты жұмыс табуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы да сұранысқа ие. Аталған бағдарлама арқылы жұмыссыз азаматтар жаңа мамандық игеріп, еңбек нарығында қажетті кәсіп иесі атана алады. Оқыту мерзімі үш айдан аспайды. Бағдарламаға қатысушыларға арнайы шәкіртақы төленеді.
Баспасөз мәслихатында кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік гранттар жайы да кеңінен қозғалды. Бүгінде жұмыссыз азаматтар мен кәсіп бастауға ниетті жастар үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар қарастырылған. Бұл қолдау «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және «Бастау Бизнес» жобасы аясында жүзеге асырылады.
Грант алуға: жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыз азаматтар; тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер; көпбалалы және аз қамтылған отбасылар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; мүгедектігі бар азаматтар; қандастар; ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған азаматтар; көші-қон бойынша өтініш берушілер мен олардың отбасы мүшелері; асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алушылар қатыса алады.
Бұл мемлекеттік қолдау азаматтардың өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын құруына мүмкіндік беруде.
Халықты нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында биыл Талдықорған қаласында үш ірі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Ауқымды шараларға 500-ден астам азамат қатысып, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатқан. Нәтижесінде көптеген тұрғын өзіне лайықты бос жұмыс орындарын тауып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен танысқан.
«Мансап» орталығы қала орталығынан тысқары орналасқан елді мекен тұрғындарын да назардан тыс қалдырмаған. Жыл басынан бері Еркін және Өтенай ауылдық округтерінде үш рет жылжымалы «Мансап» орталығының жұмысы ұйымдастырылып, 50-ге жуық тұрғын мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алған. Сонымен қатар, халықтың құқықтық және кәсіби сауаттылығын арттыру мақсатында 600-ден астам ақпараттық буклеттер мен брошюралар таратылған.
Тұрғындарды ақпараттандыру бағытындағы заманауи жұмыстар да қарқын алған. «Мансап жолы – сенің табысың» тақырыбында арнайы аудио-джинглдер мен дыбыстық хабарламалар әзірленіп, Талдықорған қаласындағы «Дәулет», «Көк базар», «ЦУМ», «Шаған» және «Евразия» секілді ірі сауда орталықтарында тұрақты түрде таратылуда. Бұл – мемлекеттік бағдарламалар туралы халыққа кеңінен ақпарат берудің жаңа әрі тиімді тәсілі.
Баспасөз мәслихатында Азамат Балтабеков жастарды мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға шақырып, еңбекке баулу – болашаққа салынған ең үлкен инвестиция екенін атап өтті.
Талдықорған қаласының Мансап орталығы жүзеге асырып отырған бағдарламалар жастардың еңбекке араласуына, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және қоғам өміріне белсенді қатысуына зор мүмкіндік беріп отыр. Жұмыспен қамту шараларының тиімділігі мыңдаған жастың өмірінен көрініс тауып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуда.








