65 ОТБАСЫҒА ҮЙ БЕРІЛДІ

0
29

Талдықорған қаласында әлеуметтік осал санатқа жататын 65 отбасы баспаналы болып, көптен күткен қоныс тойын тойлады. Жаңа пәтер кілттері тұрғындарға салтанатты жағдайда табысталды.

Қуанышты шараға қатысқан қала әкімі Ернат Бәзіл жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жаңа баспаналар қаланың көрікті әрі жайлы «Береке» коттедж қалашығында орналасқан.
Қала әкімінің айтуынша, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары «Береке» коттедж қалашығындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілген.
Қоныс тойын тойлаған отбасылар үшін бұл күн тек жаңа үйдің кілтін алу ғана емес, жаңа өмірдің бастауына айналды. Тұрғындардың жүзіндегі қуаныш пен ризашылық мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижесін айқын көрсетті.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»