ТЕКЕЛІДЕГІ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАҒА ҚАТЫСТЫ САУАЛҒА ЖАУАП
2026 жылдың 22 сәуірінде Текелі қаласындағы өндірістік нысандардың бірінде қайғылы жағдай орын алып, электр жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде 19 жастағы электрик қаза тапты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жас маман электр тогының соғуынан көз жұмған.
Оқиға бойынша полиция Қылмыстық кодекстің «Еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың нақты себептері мен оған кінәлі тұлғалар анықталуда.
Редакцияға түскен бейресми ақпараттарға сүйенсек, жөндеу жұмыстары басталар алдында электр қосалқы станциясы толықтай тоқ көзінен ажыратылуы тиіс болған. Алайда бұл талап орындалмаған болуы мүмкін. Егер бұл дерек расталса, еңбек қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғанын көрсетуі ықтимал.
Қаза болған жұмысшының отбасына кәсіпорын тарапынан 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Сонымен қатар әріптестері өзара қаражат жинап, тағы 500 мың теңге тапсырған.
Алайда оқиғадан кейін қоғамда жаңа мәселе көтерілді. Инсайдерлік деректерге қарағанда, кәсіпорын басшылығы жұмысшыларға марқұмның шамамен 6 миллион теңге көлеміндегі несиесін өтеуге қосымша қаржылай көмек көрсету жөнінде ұсыныс жасаған. Бұл көмекті жұмысшылардың аталған қосалқы станциядағы атқарған жұмыстары үшін алуға тиіс қаражатынан аудару мәселесі талқыланғаны айтылуда.
Осыған байланысты «Алатау» газетінің редакциясы Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментіне ресми сауал жолдаған болатын. Департаменттің 2026 жылғы 4 мамырдағы жауабында жұмыс берушінің қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін материалдық жауапкершілігі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 122-бабымен реттелетіні көрсетілген.
Ал жұмыс беруші тарапынан қызметкерге немесе қайтыс болған адамның отбасына көрсетілетін ерікті материалдық көмек мәселесі Еңбек кодексімен реттелмейтіні атап өтілген.
Сондай-ақ өндірістік жарақат алу немесе қызметкердің қайтыс болуы жағдайындағы өтемақылардың көлемі мен тәртібі көбінесе еңбек шарттарында, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің ішкі актілерінде белгіленетіні айтылған. Осыған байланысты еңбек инспекциясы ұйымның кәсіподақ комитетіне жүгінуді ұсынған.
Бұл жауаптан шығатын қорытынды – марқұмның несиесін өтеу үшін қаржы жинау заң жүзінде жұмысшыларға міндеттелмеуі тиіс. Мұндай көмек тек ерікті сипатта болуы қажет. Егер қаражат жұмысшылардың келісімінсіз немесе еңбекақысынан мәжбүрлі түрде ұсталып қалатын болса, бұл еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келуі мүмкін.
Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу аяқталғаннан кейін ғана еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталу деңгейі мен жауапты тұлғалардың әрекетіне толық құқықтық баға берілмек. Ең бастысы – жас адамның өмірін қиған оқиғадан тиісті сабақ алынып, өндірістегі қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы тиіс. Себебі адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ.
P.S. Ашық деректерге сүйенсек, қазір жұмысшысы қайтыс болған Жетісу облыстық «ТАТЭК» кәсіпорнына жаңа басшы тағайындалыпты. Оның аты-жөнін телефон арқылы сұрағанымызда «ТАТЭК» қызметкері айтқысы келмеді… Оқасы жоқ. Журналист ретінде барып танысармыз.








