ТҮЛЕКТЕР МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІН ДҮРКІРЕТІП ӨТКІЗЕ МЕ?

0
36

Мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібіне қатысты жаңа талаптар ел ішінде пікірталас туғызып отыр. Ресми орындарда ғана өткізу ұсынысы қауіпсіздікпен түсіндірілсе, қоғамда бұл шешім дәстүр мен еркіндік мәселесін қайта көтерді. Толығырақ бұл тақырыпты мақалада тарқатамыз.

«11-сынып түлектеріне аттес-таттарды салтанатты табыстау рәсімі 17-18 маусым күндеріне жоспарланған. Іс-шаралар тек білім беру ұйымдарының базасында өткізілуі тиіс. Мейрамхана, кафелерде, банкет залдарында және табиғат аясында мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға, сондай-ақ ата-аналардан заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды», – деп мәлімдеген болатын оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту министрлігі әкімдік-тер мен тәртіп сақшылары тарапына осы жағдайды назарда ұстауды тапсырған. Дегенмен, бұл мәселеде бақылау тетіктері мен жауапкершілікке қатысты әртүрлі пікір қалыптасуда. Бұл мәселемен ІІМ жұмыс істейтіні анық сияқты, алайда ІІМ вице-министрі Санжар Адилов мейрамхана және тағы басқа жерлерде мектеп бітіру кешін тойлауға түлектерге тыйым салуға немесе айыппұл салуға полиция қызметкерлерінің өкілеттілігі жоқ екенін, полиция қызметкерлері күнделікті рейд пен тексеру жұмыстарын жүргізбейтінін, тек заң немесе құқықбұзушылық фактілері тіркелген жағдайда ғана жұмыс істейтінін хабарлады.
Сонымен қатар ҚР ІІМ мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе, банкет залдары мен табиғат аясында өткізген жағдайда туындайтын жауапкершілік ата-аналарға, заңды өкілдерге және іс-шараны ұйымдастырушыларға жүктелетінін мәлімдеді.
Осы мәселе бойынша «Алатау» газеті облыстық Білім басқармасынан мәлімет алып, мұғалімдер мен оқушылар арасында сауалнама жүргізді.
Облыстық Білім басқар-масының оқу саласы бойынша бөлім меңгерушісі Жұлдыз Жанарханқызының айтуынша:
– 2025-2026 оқу жылын Жетісу облысындағы 320 (314 мемлекеттік, 6 жекеменшік) жалпы орта білім беретін ұйымында 131 861 оқушы аяқтаған. Білім сапасы 65%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,2%-ға артқан.
Оқу жылында 11-сынып түлектерінің жалпы саны – 8 521 (жекеменшік мектептерде – 1 125 оқушы). «Алтын белгі» төсбелгісіне 586 (112) оқушы, ал үздік аттестатқа 713 (91) оқушы үміткер атанған. Ал 9-сынып оқушыларының саны – 12 400, оның 1 391-і үздік аттестатқа үміткер (жекеменшік мектептерде 40/5).
Қорытынды аттестаттау барысында ешқандай оқыс оқиға тіркелмеді, емтихан үдерісі белгіленген талаптарға сай қалыпты жағдайда өтті, — дейді ол.
Оқу-ағарту министрі мектеп бітіру кештерін мейрамхана, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу секілді шараларға, сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де іс-шараларға жол берілмейтінін, мұндай жағдайлар анықталса жауапкершілік қарастырылатынын ескерткен.
Бұрындары мұндай кештер мектеп асханаларында өтіп, түлектер мен ата-аналар, ұстаздар бірге таң атқанша мерекелейтін. Қазіргі таңда бұл дәстүр өзгеріске ұшыраған. Түлектердің қауіпсіздігі үшін мұғалімдер түнгі бақылау жұмыстарын жүргізіп, полиция қызметкерлерімен бірлесе әрекет ететін кездер де болған. Осыған қатысты сауалнама барысында есімін атамауды өтінген Талдықорған қаласындағы орта мектеп мұғалімі өз пікірін білдірді:
– Мен мектепте 20 жылдан астам еңбек етіп келемін. Осы жылдар ішінде бірнеше буын түлекті үлкен өмірге шығарып салдым. 10 жыл бұрын мектеп бітіру кештеріне шектеу болмаған еді, аттестат алғаннан кейін мектеп асханасында-ақ мерекемізді өткізетінбіз. Соңғы жылдары бұл үрдіс өзгеріп, мейрамханаларға ауысты. Министрліктен келген бұйрықты естіп, біз де, оқушылар да қынжылып отырмыз. Себебі оқушылар аттестатын алған сәттен бастап ресми түрде мектеп оқушысы мәртебесінен шығады. Сондықтан мұндай басқосуларға тыйым салынбауы керек деп есептеймін.
– Ал осы кештер мейрамхана және басқа тыйым салынған жерлерде ұйымдастырылған жағдайда жауапкершілік кімге жүктеледі?
– Түлектерге аттестат берілгеннен кейін мектеп ұжымы олардың қауіпсіздігіне жауап бермейді. Яғни, салтанатты аттестат тапсыру рәсімі аяқталған соң мектеп тарапынан жауапкершілік тоқтатылады. Егер бітіру кеші аттестат берілгенге дейін ұйымдастырылса, онда жауапкершілік мектепке жүктеледі. Алайда мұндай шаралар көбіне ресми рәсімнен кейін өтетіндіктен, мектеп ұжымы одан кейінгі іс-шараларға жауапты емес.
Полиция қызметкерлері де арнайы хабарлама түспеген жағдайда мейрамханалар мен өзге орындарды жоспарлы түрде тексермейтінін айтқан. Бұл туралы мақала басында да мысал келтірілді.

АЛ ТҮЛЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

– Бұл кештің өзі «мектеп бітіру кеші» деп аталады ғой. Сондықтан оның мектеп қабырғасында ресми түрде өткені дұрыс деп санаймын. Ал аттестат алғаннан кейін мектеп біз үшін жауап бермейді. Әрине, кортеж ұйымдастырмаймыз. Бірақ ата-аналармен бөлек кездесуді басқа уақытта өткізуді жоспарлап қойғанбыз, – дейді түлек Алина.
Ал Ерсұлтан есімді оқушы бұл шешім ата-аналарға да тиімді екенін айтады.
– Кейде бітіру кешіне байланыс-ты артық шығындар болып жатады. Мысалы, 25 мамырдың өзінде соның көрінісін байқадық. Барлық отбасының жағдайы бірдей емес. Сондықтан мектепте өткізілген ресми шарадан кейін басқа кездесулерге қатыспайтын сыныптастарымыз да бар, – дейді ол.
Нұрдәулет те өз пікірін:
– Ең бастысы, ешкімге кедергі келтірмей, қауіпсіз түрде атап өтсек болғаны. Ресторанға ата-анамызбен барамыз. Өйткені мектеппен қоштасу әр адам үшін ерекше сәт. Бұл балалық шақпен қоштасу, орта білімді аяқтағанымызды растайтын маңызды кезең, — деп білдірді.
Сауалнама нәтижесі көрсет-кендей, оқушылардың ортақ пікірі байқалды. Олар үшін кештің жарқырап, естен кетпес жылы оқиға ретінде жадында қалуы үшін той тойлауды құптап тұр.
Жалпы, жауаптардың нәтижесі түлектердің мектептегі ресми шара өз алдына, алайда олар мектептен тыс уақытта достарымен және ата-аналарымен бірге бейресми түрде кездесуді де қалыпты жағдай деп санайды. Бүгін болмаса да, әйтеуір жиналып атап өтетінін ашық айтты.
Президенттің 12 маусымда қол қойған «Педагогтың мәртебесі» туралы Заңында білім беру мекемесінің басшылары білім алушылармен тек өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде, білім беру кезінде ғана жауапты деген норма енгізілді.
Олай болса, біздің көкейімізде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың бұл талаптары «нақты қандай жағдайға байланысты және оны қалай бақылап, қолға алады екен?» деген сұрақ бар.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»