Қажытайдың қағытпалары

0
39

«Кешіктің неге сен» деген әнді бірінші рет естігенімде орындаушыдан бұрын әннің әуеніне қызығып, «сөзін жазған кім екен?» – деп, отыра қалып ғаламтордан іздедім. әні де, сөзі де Қажытай Ілиястікі болып шықты.

Содан бастап Қажытай ақынның шығармашылығымен ептеп таныса бастадым. Оның өлеңдерін оқыған сайын ақындық табиғатынан бұрын айналасындағы өмір сатыларының қайбір кезеңін, адам табиғатындағы жақсылы-жаманды тұстарға келгендегі байқағыштығы, сатириктерге тән қағытпа шеберлігі сөз байлығының шексіздігін байқап, жалпы, Қажытай ақынның таза қазақи танымына қызықтым. Сөйтіп, оның қағытпаларын да оқып шықтым. Иван Крыловтың мысалдарынан кем түспейтін ақынның өмірлік сатираларына қоса оқырманымыз оның өмірдеректерін де оқып таныссын деген ниетпен ұсынып отырмыз.
Қажытай Ілиясұлы — дарынды ақын, атбегі, сазгер, сатирик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2009), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2013).
1939 жылы 21 маусымда Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағындағы Дөрбілжін ауданында туған. 1959 жылы Шыңжаң Тіл институтының (педагогикалық) қытай тілі факультетін бітіріп, «Шыңжаң» газетінің редакциясында аудармашы, сол газеттің Іле, Тарбағатай аймағы меншікті тілшісі болып қызмет істеген. 1962 жылы Қазақстанға оралып, 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Ара»-«Шмель» журналында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде фельетонист, бөлім бастығы, Қазақ теледидарында аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор, «Азамат», «Астана», «Астана даусы» — «Голос Астаны» газеттерінде Бас редактор, ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған.21 ән мен 3 күйдің авторы.
Қажытай ақын бойына біткен біртума дарынының арқасында «Алаш», «Сорос—Қазақстан» қорының және бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының алты мәрте жүлдегері болды. Қ.Ілиясұлы қазақ поэзиясының дамуына сүбелі үлес қосты. Оның әр жылдарда жарық көрген «Қайран жастық», «Усойқы», «Маймылдың мәдениеті», «Қалақай қамшы», «Тасжарған» атты сатиралық және лирикалық өлең-мысалдары мен поэмаларының жинағы соның дәлелі.

ҚАЖЫТАЙДЫҢ қағытпалары

Қаскүнемді көргенде
Маскүнемді мәпелегің келеді.

***
Орынсыз сөз
Ожардан шығады.

***
Жікшіл жиналса,
Сұңғыланың тұғыры
Сұмпайыға бұйырады.

***
Озбырдың ізінен
Ойбай шығады.

***
Озбыр орға жығылса да
Жөнге жығылмайды.
***
Өзімшілдің ығында
Оңған адам жүрмейді.

***
Аярдың сырты – сыпайы,
Іші – тұрпайы.

***
Дәлдір көбейсе,
Данышпан далада қалады.

***
Алпыс жұлдыз біріксе,
Ай болмайды.
Алпыс кедей біріксе,
Бай болмайды.
Алпыс суайт біріксе,
Наным болмайды.
Алпыс ұры біріксе,
Малың болмайды.

***
Аяр арбаса,
Бүркітке де
боқ шоқытады.

***
Бір мылжыңға билік тисе,
Отыз қыртқа орын бар.

***
Үйлеспейтін атақтан
Үкілі бөркім артық.

ИТТІҢ СЫНЫ
(Абайша)

Шот маңдай, кетігі бар, шойын құлақ,
Ешкі бас, есек мойын, бөтен қабақ.
Аузы обыққан жымысқы, пайда жанды,
Ой – келте, сумаңдаған болса, шолақ.
Теке тіл, бұқа мұрын, темір тісті
Опасыз, өңі салқын, кебін түсті.
Оның дерті – сүйекті бөксесіне
Өлшеп жұтпай, шошынды «өкінішті!»
Атақты ұры ит екен түбін білсек,
Үйрендік иттігіне бұрын күлсек.
Екі көзі ішіп-жеп қарағанда
Жан түгіл, мал жуымас, айдап көрсек.
Бозбала әуліктіріп үргізгендей,
Терісін «ұнты» жасап кигізгендей.
Шаптығып, шапқан аттың құйрығына
Ауызын қалмайды әсте бір тигізбей!..

ЕЗДЕРДІҢ ІСІ БІТЕР МЕ?!

(Махамбетше)

Есегіне жем салмай,
ештеңеге зер салмай,
Өрістегі біреудің  ешкісіне ен салмай,
Сүйеуші мығым болған соң,
сүйкенгеннен «енші» алмай,
Шын асылды жасытпай,
озғанның миын ашытпай,
Жүрген жерін сасытпай,
ездердің ісі бітер ме?!
Жалпақ елден жасқанбай,
жымқырмаса, ас болмай,
Екі күннің бірінде тілін шайнап,
мас болмай,
Ұлт рухын ұқпайтын, хас албасты
басқандай
Жұрттың қамын ойлаған  жүйріктерге
қас болмай,
Жүректері тас болмай,
ездердің ісі бітер ме?!
Обалына қарамай, өшігіп көпке қарадай,
Кәдесіне жарамай,
жөні келсе, жұлқынып,
Жақсыға жала жамамай,
іштен туған озбырдай,
Төңірегін тоздырмай, ым қағып,
итақайына
Есегін аттан оздырмай,
ездердің ісі бітер ме?!
Мойынға мінген масылдай
мешкейлігі басылмай,
Зиянды зымияндықтың
тереңге кеткен тасындай…
Қай бұрышқа барса да,
өнердің өңін қашырмай,
Айналасын шулатып,
арамдығын асырмай
Ездердің ісі бітер ме ?!

ЕШКІНІҢ «ЭСТЕТИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫ»

Мүмкін ақ, мүмкін көк шыбыш,
Әйтеуір, сіздің ауылда жоқ шыбыш.
Жусанды жұлып, жуаға оттағанда,
Сонан соң түрегеп тұрып,
құмалақтағанда
Көтере алмағаны ма тоқтықты?
Қой байғұсқа
бекерден-бекер соқтықты:
– Сен әйтеуір қайдағыны тауып жүресің!
Ми қайнаған ыстықта да
Құйрығыңды жауып жүресің.
Біз сияқты самалға тосып,
Күнге қақтамайсың.
Расын айтқанда,
Тазалық сақтамайсың.
– Шыбыш, шырағым,
Өйтіп, бет алды ширықпа!
Сенікі менікінің қасында, құйрық па?!

Тұтамға толмайтын бірдеңеңді
Тұштаңдатып, қызық көреді екенсің
Басқаның жанын кірлегенді…
– Мен, сені кемсітіп тұрғаным жоқ.
Айыбыңды айтып
Тершітіп тұрмын.
Сәл-пәл желдетсең,
Жау ала ма!?
Тыржалаңаш жүрген ғой,
Біз түгіл,
Адам-ата, Хауа-ана да.
– Ол кезде киім болды ма?
Тым құрыса, баспанасы жоқ,
Жағдайы қиын болды да,
Киетін ештеңе таба алмаған шығар?
Әйтеуір сенше абыройын ашпай,
Тері-терсек жамылып,
амалдаған шығар,
Менің құйрықты жауып жүруім –
жайына емес…
Осы күйі қалармын.
Ал сен жыл он екі ай
Ашып жүрсең де айып емес,
Өйткені солай жаралдың.
Әр нәрсенің реті бар,
Дұрыс-бұрысын айырасың…
Жұрттың ішек-сілесі қатпай ма,
Саған ұқсап, құйрықты көкке қайырсам?! – деп қой жарықтық шыбышты біраз сілкіп алды.
Содан, міне,Осындай күлкі қалды.
Меніңше, ештеңе
Қалыбынан ары аспайды.
Ендеше, қой бекер таласпайды.
Өйткені шыбышқа еліктеп,
Жеңіл-желпі киіну –
Кейбір бикештерге де жараспайды.

Жымқырма ақынға

Тапқандай таудан тегін ара балын,
Ойымның еншілепсің жарағанын.
Маңдай терім аузыма түсіп отыр,
Өртке кетіп қалғандай балаларым.
Кейпің келіп қылмысты тұл келінге,
Кездессем, қипақтайсың… білмедің бе?..
Бақытын басыңдағы жырымдаса,
Тіл шығып кетеді ғой кім де –кімге!
Жаңғыртып жаймағанмен
даңқымды елше,
Тұнық ем тынып жатқан салқын көлше.
Қызғанбасаң, қызығып лайлапсың,
Періште-ай, жолдан тайған
алтын көрсе!..