ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ЖАҢА БАҚЫЛАУ ТӘРТІБІ
25 тамыздан бастап Қазақстанда 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуі электронды түрде бақыланады, — деп хабарлайды baq.kz.
Бұл санаттағы жүргізушілер екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуі тиіс. Талап 2014 жылдан бері бар. Енді Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері біріктіріліп, тексеру нәтижесі ІІМ базасында автоматты түрде көрінеді.
Егер жарамды медициналық тексеру туралы мәлімет болмаса, көлік басқару құқығы тоқтатылуы мүмкін.
№073/у анықтамасын алу ақылы, бағасын медициналық ұйым белгілейді. Тексеру кезінде жалпы практика дәрігері, психиатр, офтальмолог және отоларинголог тексереді.
Құқығы тоқтатылғанына қарамастан көлік жүргізгендерге 20 АЕК айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке дейін өседі, көлік айып тұрағына қойылуы мүмкін. Бұл жүргізуші куәлігінен айыру емес. Медициналық тексеруден өткеннен кейін мәлімет жүйеге енгізіліп, көлік басқару құқығы қалпына келеді.
