«Құлагер» – ұлт руханиятының мәңгілік мұрасы
Биыл Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасына 90 жыл. «Құлагер» – қазақ поэзиясының төрінен орын алатын, тұтас ұлттық әдебиеттің ең асыл қазыналарының бірі. Бұл шығарма – Ілияс Жансүгіров шығармашылығының биік белесі, қазақ кеңес поэзиясының көркемдік деңгейін жаңа сатыға көтерген мәңгілік туынды. Академик Мұхтар Әуезовтың «Құлагерді» поэмаларымыздың «ең асыл, ең кесек қазынасының бірі» деп бағалауы – шығарманың әдеби құндылығын айқындайтын әділ пікір.
«Құлагер» – жай ғана поэма емес. Бұл – қазақ халқының тарихын, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін, дүниетанымы мен психологиясын кең тыныспен бейнелеген эпикалық шығарма. Ақын Ұлы Даланың табиғатын, елдің әлеуметтік болмысын, қазақ руларының қарым-қатынасын шынайы суреттей отырып, тұтас бір дәуірдің көркем шежіресін жасайды. Тілінің байлығы, образдарының көркемдігі мен сөз құдіреті жағынан бұл поэманың жоғары бағаланатыны сондықтан.
Ілияс Жансүгіров бұл туындыны шығармашылық кемеліне келген шағында жазған. Ақынды Ақан серінің қайшылыққа толы тағдыры, әділетсіз қоғаммен арпалысқан өмір жолы ерекше толғандырған. Өзінің:
«Тұсымда сері болсын, пері
болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан
маған»,
– деген жолдары арқылы ақын Ақан серіге деген ерекше құрметі мен рухани жақындығын білдіреді.
Поэмада халық сүйіспен-шілігіне бөленген әнші, сазгер, ақын Ақан сері мен оның жан серігі – Құлагердің бейнесі асқан шеберлікпен сомдалған. Ақан үшін Құлагер жай ғана жүйрік ат емес, өмірлік серігі, қуанышы мен үміті еді. Ақынның өз сөзімен айтқанда:
«Жары да, жолдасы да, тек
біреу-ақ,
Онысы астындағы жалғыз
аты.»
Құлагердің қазасы – тек тұлпардың өлімі емес, Ақан серінің бүкіл өмірінің трагедиясы. Жан серігінен айырылғаннан кейін оның өмірге деген құштарлығы сөніп, жалғыздық пен қайғыға толы ғұмыр кешеді. Осы арқылы Ілияс Жансүгіров зұлымдықтың, көреалмаушылықтың, әлеу-меттік әділетсіздіктің адам тағдырын қалай күйрететінін терең ашады.
Поэманың ең әсерлі тұстарының бірі – Құлагердің мерт болуы:
«Қыспақ жол Жыландының
жырасында,
Қақтығып бір-біріне ат
тығылды.
Сап етіп бердеңкедей кеп
ұрынды,
Жанасып Құлагерге
қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құланы
ұрды…
Шапшып қан шекесінен шыр
айналды,
Сылқ етіп Құлагер ат құлап
қалды…»
Ал, Ақанның зарлы жоқтауы оқырманның жан дүниесін тебі-рентпей қоймайды:
«Шынымен кеткенің бе,
Құлагерім!
Қасымда қасынысып тұрар
едің.
Баспа-бас қызға бермес жа
нуарым!
Басылар өлгенімше қайтіп
шерім?!»
Бұл жоқтау – бір адамның ғана қайғысы емес, өнер мен сұлулыққа қарсы жасалған қиянаттың символына айналған мәңгілік мұң.
Ілияс Жансүгіров Ақан серінің тұлғасы арқылы өз дәуірінен озық туған, қоғамның әділетсіздігіне қарсы тұрған өнер иесінің тағдырын көрсетеді. Ақын Ақанның жан дүниесіндегі жалғыздық пен күйзелісті әлем әдебиетіндегі тағдыры күрделі тұлғалармен сабақтастырады. Осы тұрғыдан алғанда, Ақан серінің өмір жолы өз ортасынан түсіністік таппаған ұлы суреткерлердің тағдырымен үндеседі.
«Құлагер» поэмасы алғаш 1936 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше санында жарияланды. Кейін ақынның қуғын-сүргінге ұшы-рауына байланысты шығарма ұзақ уақыт кеңінен насихатталмай қалды. Ақын ақталғаннан кейін поэма 1957 жылы «Жұлдыз» журналында қайта жарияланып, шығармалар жинағына енді. Аласапыран кезеңде ақын мұрасын сақтап қалуға өлшеусіз еңбек сіңірген қаламгер Сапарғали Бегалиннің еңбегі ерекше. Ол «Құлагер» жарық көрген газет нөмірлерін ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап, кейін музей қорына тапсырған. Бүгінде бұл жәдігер Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейіндегі ең құнды экспонаттардың бірі саналады.
Музейдегі 2011 жылы жергілікті суретші Ерғали Абдрасилов жасаған «Құлагердің опат болуы» атты диорама да көпшілік назарына ұсынылған. Сондай-ақ, поэманың қазақ тілінен өзге — орыс, ағылшын және неміс тілдеріне аударылған басылымдары сақтаулы.
2016 жылы неміс жазушысы әрі аудармашысы Герт Хайденрайх поэманы неміс тіліне аударып, оның көркемдік қуатына жоғары баға берді. Оның: «Мен Құлагерді қазақтардан қызғандым. Өйткені бұл – Шекспир шедеврлері деңгейінде жазылған шығарма», – деген пікірі қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейдегі көркемдік әлеуетін айқын танытады. Германияның Büchergilde баспасынан жарық көрген Das Lied von Kulager басылымы мен оның Бавария радиосында оқылуы – Ілияс Жансүгіров мұрасының халықаралық кеңістікке жол тартқанын көрсететін маңызды мәдени оқиға.
Биыл «Құлагер» поэма-сының мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтуде. Бұл – Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын жаңаша зерделеп, ұлттық руханияттағы орнын тағы бір мәрте айқындайтын маңызды кезең. Мерейтой аясында еліміздің мәдениет ошақтарында, жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелер мен мектептерде әдеби кештер, ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, танымдық дәрістер және тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып келеді. Мұндай тағылымды іс-шаралар ақын мұрасын кеңінен насихаттап қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке, төл тарих пен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, «Құлагер» – Ақан сері тағдыры арқылы тұтас дәуірдің шындығын, адам жанының қасіретін, өнер мен сұлулықтың мәңгілік құндылығын терең бейнелеген көркемдік қуаты зор эпикалық туынды. Бұл шығарма бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлт руханиятының асыл мұрасына айналған «Құлагер» мен оның авторы Ілияс Жансүгіровтің есімі қазақ халқының жадында мәңгі сақталады.
Назерке Шеңгелбаева
Педагогика ғылымдарының магистрі,
Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері
