Итке пана мен тамақ береміз, адамға ше?

0
36

      Талдықорғанда көшедегі қайыршыны көргенде азды-көпті тіршілігіңе, амал жоқ, ойланып, көз жүгіртесің. Шүкіршілік етесің. Қарап тұрсаң, қайыршылықтың түрі көп. Кейбірі – масылдықтан туады, кейбірі жоқшылықтан туады, кейбірі – айтуға ұят болса да айтайық, қайыршылықты табыс табуға айналдырғандар да болатынын өмір өзі көрсетіп тұрады.

Тұратын көшемізде үйлердің бәрі кеңес заманында салынған табысы әртүрлі деңгейді байқататын қарапайым жұрттың тұрғын үйлері болғандықтан, ол үйлердің жеке күзетшісі жоқ, ол үйлерде тек аула күзететін «барбос»-тар мен қандендер ғана бар. Тіпті, соңғы кезде қаңғыбас иттер де пайда болды. Иелері тамақ бермей қойды ма, кім білсін, бастарын жерден алмай көшеде жерді тіміскілейді де жүреді. Итінің жүдеулігіне қарап, иесінің тұрмысын шамалауға бола ма, қайдам?..
Ал, енді немеремді балабақшаға апарып жүретін қала ауданындағы үйлердің түрінен басқа ой түйесің. Биік-биік дуалдың арғы жағындағы әсем коттедждері әрең көрінетін көшемен жүреміз балабақшаға дейін. Керемет үйлер біз тұратын көшемен көршілес. Өз үйімді кейде қорашсынып қаламын. Мұндағы үйлердің сәулеті бірінен-бірі асады. Сыртынан көріп жүрсем де, бұл сарайларда қандай өмір қайнап жатқанына қызықпаған екенмін. Бірақ, иттерін көргенде олардың өмір деңгейі жоғары екеніне көзім жетіп тұрады. Ашық тұрған қақпадан алдымен кең сарайдай иттің үйі көрінеді…
«Ит иесіне тартады» деген мақал бар сияқты қазақта. Иесінің иті де қымбат, үйі де қымбат, көлігі де соған сәйкес. Итінің жейтін тамағына келсек, таңдап-талғап береді. Оны осындай үйде тұратын танысымнан білемін. Итіне көрінген қалдық тамақты бермейді «ауырып қалады» деп. «Ауырып қалса, итті емдеу өте қымбаттығымен» түсіндіреді маған.
Осы орайда, есіме алматылық бір танысымның әңгімесі түсіп кетті. Өте жоғары лауазымды кісінің үйіндегі итінің алты башпайы бар болса керек, соның тырнағы өсіп, ауыртып, ит аяғын баса алмай қалады. Ал, үй иелері болса шетелде демалып жатқан көрінеді. Содан, күзетші жігіт қымбат итті қымбат ветеринарға апарғанда, ветеринар иттің алтыншы башпайын кесіп тастайды тырнағымен бірге. Ит біразға дейін ауырсынып, кейін жазылып кетеді. Ал, күзетші жігітті қожайындар, шетелден келген соң, жұмыстан шығарып жібереді. Себеп — итінің башпайын олардың рұқсатынсыз кескізгені…
Әңгімені неге иттен бастадық? Көшеде қайыр сұрап тұратындарды амалсыз итпен салыстырамын. Басқасын қойғанда бізде қаңғыбас иттер паналайтын, тамағы берілетін заңды қаржы бөлінген арнаулы орын бар. Ал, адамдар ше? Тұратын жері, жейтін тамағы, алатын зейнетақысы мен істейтін жұмысы жоқ адам қайда барады, кімге керек ондайлар?
Қайыр сұраған адамдар қымбат тамақ емес, нан-суға қайыр сұрап тұратындары бар. Бірде, автобус аялдамасында бір ер адам, 40-45 жастар шамасында, менен ақша сұрады, «қанша бере алсаңыз да беріңізші, су сатып алуға ақшам жоқ» — деді. Мас емес. Киімі лас емес. Түрі бірақ жүдеу. Су алып ішуге жетерлік ақша бердім. Ал, қасымдағы әйел оған: «Сұрауға ұялмайсың ба? Бар, жұмыс істе, жүк тасы қайыр тілегенше,» – деп еді, ана жігіт: «бермеңіз маған, бірақ мені олай жерлемеңіз!» — деп жылап жіберді…Адам тағдыры деген қиын-ау! Кім білсін не болғанын?
Мен көріп жүрген қайыр сұраушылар — базар маңында бір қазақ әйел бар, мүгедектер арбасында отыратын бір өзбек бала бар қайыр садақа сұрайтын, анда-санда, әсіресе зейнетақы алатын күндері, банкомат төңірегінде балаларын алдына ұстап садақа сұрайтын сыған ба, түрік па әйелдер бар. Сирек болса да сұрауға батпай, именіп тамаққа ақша сұрайтын қазақ жігіті бар. Сол садақа сұрайтын жігітке бір әйел тамақ істеп ішуге болатын вермишель, май, нан ,айран-сүт алып бергенін көрдім.
Қайырымдылық дегеннен шығады-ау , біздің қаламызда «қайырымдылық тамақ» беретін орындар неге жасалмаған деген ой келеді? Күнде болмаса да жұмасына бір рет неге садақа-тамақ ұйымдастырмасқа? Мешіттерді неге садақа- тамақ ұйымдастыруға бейімдемеске? Үйсіз-күйсіздердің, телміріп садақа сұраушылардың санын есептегендер бар ма екен? Өмірдің әр сәтін тек салыстырмалы түрде қабылдағанда ғана түсіне бастайсың. Осы орайда, қайыр сұраушылардың өмірін панасы бар, тамағы бар, қамтамасыз етілген қаңғыбас иттердің өмірімен салыстырғанда ғана кейбіреулердің «өмірім — ит өмір» дейтіні еске түседі.
Садақа сұрап жүретіндер жоқ емес қалада. Олардың кейбірі , шынында да қаражатқа мұқтаж екені көрініп тұрады. Жұмыс істеп ақша табуға мүмкіндігі жоқ, өзі мүгедек жандарды түсінуге болатын шығар. Осындайда есіме әжеміздің айтатыны түседі: «қайыр садақаны берсеңдер жоқ-жітімге, мүгедекке беріңдер,»– деуші еді. Түсінікті. Ал, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтар неге садақа сұрайды? Олар неге жұмыс істеп ақша таппай, кісі есебінен тамағын асырайды деген ой келеді. Жалпы, қайыр-садақаны кімдер беруі және кімдер қайыр сұрауы тиіс? Жауап іздеп ғаламторды шарладық. Жауаптар әрқилы. Солардың арасында бізге түсінікті жауапты «Ауырмаңыз» дейтін парақшадан тапқандай болдық. Ондағы түсініктеме былайша айтады:
Алла-Тағала дүниені байлар мен кедейлер қатар өмір сүретіндей етіп жаратты. Байларға кедейлердің хақысы үшін қайыр-садақа, зекет және үшір төлеуге бұйырады. Егер олар осы парызды орындаудан бас тарқан жағдайда, оларды тозақтың азабымен қорқытады. Ал, кедейлерге оларды ішіп-жемсіз қалдырмауға уәде береді. Сондай-ақ, оларға сабыр сақтауды бұйырады. Мұхаммед пайғамбар # қайыр сұрауға үш жағдайда ғана рұқсат етіп, қалғанына тыйым салған.
1. Екі адамды татуластыру үшін: Егер адамдар арасында қарыз үшін немесе өлтірілген кісінің құнын төлей алмау салдарынан ұрыс-керіс тұтанатындай болса, онда осы шиеленісті шешу үшін байлардан қайыр сұрауға рұқсат етіледі. Қаза болған кісінің отбасына төленетін 120 түйеге бағаланатын Дия өтеу.
2. Жер сілкіну, дауыл немесе су тасқыны кезінде зардап шеккендерге және апат уақытында өз мүліктерін жоғалтқандарға.
3. Өте кедей, тұрмысы төмен адамдарға. Сондай-ақ, егер бай адам кедейленіп қалса, бірақ оның кедейлігін растайтын үш адамның куәлігі қажет.
Ал, байларға Алла-Тағала: «Сұраушыға зекіме…» дегенді айтады. Сондықтан, қайыр сұраушы адам садақа алуға құқылы. Бірақ бұл — игілікті іс үшін деп түсінуіміз керек. Ал, кейбіреулер ештеңеге мұқтаж болмаса да қайыр сұрауды әдетке айналдырған. Олар өз нәпсісін тыя алмағандар. Олар қайыр сұрауды кәсіпке айналдырғандар болып табылады. Егер сізден осындай адам қайыр сұраса, онда оларға садақа беруден бас тарту керек. Себебі, олардың да өзгеге қайыр-садақа беретін жағдайы бар.
Алла-Тағала өзінің барлық құлдарын асырауға уәде етті. Біз бұған сенеміз. Егер біреу мұқтаж болмаса да адамдардан ақша сұраса, онда ол күнәһар болады және «Есеп күні бұл адамның бетінде бір кесек ет те қалмайды» деген.
Міне, мұсылмандар үшін қайыр-садақа беру міндеттелген. Сондай-ақ, өзгенің есебінен күн көруді кәсіп еткендерді де ертең алдында Есеп күні күтіп тұрғаны мәлім. Ал, періштелер әр мұсылманның іс-әрекетін амал дәптеріне жазып жатқанын еш уақытта естен шығармауымыз керек – дейді.
Бұған Сіз не дейсіз?

Баян  Таңатарова

«Алатау»