ӘН – КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

0
26

 Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 23 шілде күні қала ардагерлері арасында Дәнеш Рақышевтің 100 жылдық мерейтойына орай дәстүрлі ән жарысы өтті. Мақсаты: әншінің шығармашылығын, әншілігін еске түсіру, жас ұрпаққа өнеге ету. Бұл туралы Талдықорған газетінің 10 шілдедегі №28 санында «Бұлбұл әнші Дәнеш Рақышевтың туғанына 100 жыл мерейтойына орай ардагер әншілер арасында өтетін дәстүрлі ән байқауының ЕРЕЖЕСІ» жарияланды. Ән жарысқа, әртүрлі жастағы 20 зейнеткер — үміткер қатысты. Әндер домбыраның, сырнайдың сүйемелдеуімен орындалды.

         Алайда, «байқау ережелерінің талабы толық орындалды» деп, мен, көрермен ретінде айта алмаймын. Бізді – қазақты кейде «міншіл» дейді. Бұл — менің міншілдігім емес, көрермендердің ортақ пікірі деп есептеулеріңізге болады.
Біріншіден, Ереже талабы бойынша, байқауға қатысушылар Дәнеш Рақышевтың өз туындысынан бір ән және Дәнештің репертуарындағы халық әндерінен бір ән орындау керек еді. Кейбір талапкерлер екі әнді де халық әнінен орындады. Иә, бұл ереже талабын аса бұзғандыққа жатпайды. Себебі, Дәнеш «мына әнді орындады, мына әнді орындамаған» деп те айта алмаймыз. Дегенмен де ашығын айтсақ, Дәнештің өз туындысынан ән орындаушылар аздау болды.
Екіншіден, ережеде «басқа ұлт өкілдерінің де конкурсқа қатысуына болады» деген уәж айтылмаған. Олай болса, қазақ тілін толық меңгермеген кәріс ұлтының азаматын қалай байқауға қатыстырдық? Өзге ұлт өкілдері неге қатыспады? Жазып алғанын да дұрыстап оқып, айта алмай, орындаушы көрермендер күлкісіне қалғанын не деуге болады?
Үшіншіден, жарысқа жастары 90-ға таяған, 90-нан асқан талапкерлер де қатысты. Ережеге енгізудің сол жерде қажеттігі сезілген бір түйткіл ой — байқауға қатысушылардың жасы анық, мәселен: «63-80 жас немесе 63-тен 90 жасқа дейінгілер» деп көрсетілуі керек еді. Әрине, байқауға қатысқан жасы 86-90-дағы қарттарға рахмет айтуымыз керек шығар. Бірақ , естіген құлақта жазық жоқ, «жас аралығына шектеу қою керек еді» — деген залдағы көрермендердің пікірлері анық айтылып жатты.
Жасы келсе де байқауға қатысқан ата мен апамыз бұрын ән айтқандығы байқалып тұрды. Алайда, жасы ұлғайған адамның дауысы талап үдесінен төмен болғаны анық.
Сондықтан болар, залдағы көрермендер арасында әр жерден пікірталас туып жатты. «Бүгінгі шара әзіл-ысқақ театрының қойылымына ұқсас болды», — деген пікірлер де естіліп жатты. Бұл ұяттау болды. Біле-білсек, Дәнеш атаның рухынан ұят болды.
Байқау қорытындысында әділқазы мүшелері қатысу-шылардың өнерін сараптай келе, 20 қатысушыдан 11 адамның өнерін атай отырып, төмендегідей шешім қабылдады:
7 — талапкерге ынталандыру сыйлығы берілді.
3-ші орын екі адамға (Исатаев Асхат, Дүйсебаев Ғали) – 20000 тг-ден, 2-ші орын бір адамға (Оразұлы Дәулет) 30000 тг, 1-ші орын бір адамға (Қуанышева Күлпаш) 50000тг ақшалай сыйлық берілді.
Облыстық ардагерлер кеңесі-нің төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап сөз сөйледі.
Байқау соңында сөз сұрап сөйлеген 86 жасар байқауға қатысушы Омарова Нұргүлсін апа әділқазылардың өзіне «ең құрығанда 3-ші орынды» қимағандарын ренішпен айтып, алған ынталандыру сыйлығын тас-тап кетті. Меніңше, әділқазылар алқасы әділ шешім шығарды. Әрине, әркімнің таласуға қақысы бар. Бірақ, әділқазылар шешіміне көрермендердің таласы жоқ.Қазылар қабылдаған шешім тура болды.
Дегенмен, әрбір айтылған сын мен ескертпелерде аз да болса шындыққа саятын ой-пікірлер болуы мүмкін.
Сондықтан ойлаймын, 80-90 жас аралығындағы ата, әжелерге «талаптанып жарысқа қатысқандарыңыз үшін» деп, берген сыйлықтарға 5-10 мың тг. қосып берсе, риза болып кетер ме еді? «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, алдағы уақыттағы іс-шаралар өткізген кезде осындай мәселелер ескерілсе деген ойдамыз.
30-шы шілдеде Ардагерлер кеңесі енді «Батагөйлер» байқауын өткізбек.
Гарифа Ордағұлова,
байқау көрермен