ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ БОЙЫНША РАҚЫМШЫЛЫҚ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА?

0
33

Елімізде жаңа Конституцияның қабылдануы ел тарихындағы маңызды саяси-құқықтық оқиғалардың бірі ретінде бағаланады. Осы айтулы оқиға тұсында Мемлекет басшысы 2026 жылғы 1 шілдеде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Аталған заң 2026 жылғы 2 шілдеден бастап күшіне еніп, елімізде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарға қатысты рақымшылық жасау науқаны басталды.

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР 2026 жылғы 1 шілдедегі № 329-VIII Заңы
Жариялануы: 1. «Казахстанская правда» 2026 жылғы 02 шілде №122, 2. ҚР НҚА эталондық бақылау банкі 2026 жылғы 03 шілде, 3. «Егемен Қазақстан» 2026 жылғы 2 шілде № 122 (31353)
Рақымшылық қолданылмайтын баптар:
1. ӘҚБтК-нің 275, 277, 278, т.7 б.281, 464, 571, т. 8, 10 б. 590, т.4,5,6 б.612, 621, т. 2,3,4 б. 233, т. 1,2,5 б.239, 297, т.2 б.334, т.1 б. 425, т.1-1,2,5,6,7,8 б.244, 252, 253 бап) əкімшілік құқық бұзушылықтарын жасаған адамдарға қолданылмайды.
2. 897-бап. Әкімшілік жазалардың жекелеген түрлерін орындау тәртібі айыппұлды төлеумен келіскен тұлға хабарлама, соттар əкімшілік жаза қолданған əкімшілік құқық бұзушылықтарын жасаған тұлғаларға қолданылмайды

Бұл бастама құқықтық мемлекет қағидаттарына негізделген, қоғамдағы ізгілік пен әділеттілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Рақымшылықтың басты мақсаты – азаматтарға заң талаптарын сақтай отырып, жіберілген қателіктерін түзетуге мүмкіндік беру және әкімшілік жазаның әлеуметтік салдарын жеңілдету.
Осы тақырып аясында Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заң басқармасының басшысы Байқаш Әсем Тұрарбекқызы рақымшылықтың қолданылу тәртібі мен оның ерекшеліктеріне тоқталды.
Маманның айтуынша, заңға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтардың белгілі бір санаты әкімшілік айыппұл түріндегі жазадан немесе оның орындалмаған бөлігінен босатылады. Бұл ретте рақымшылық ҚР азаматтарына, дара кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға және заң консультанттарына қолданылады.
Егер әкімшілік айыппұл толық төленбеген болса, рақымшылық тек оның өтелмеген бөлігіне ғана қолданылады. Ал әкімшілік жазаны орындау жөніндегі атқарушылық іс жүргізу қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тоқтатылады.
Рақымшылық барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға бірдей таралмайды. Заңда нақты көрсетілген баптар бойынша ғана әкімшілік жазадан босату қарастырылған. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын құқық бұзушылықтардың ішінде Салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар (ӘҚБтК-нің 16-тарауы) және Кеден ісі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар (29-тарау) бойынша бірқатар баптар рақымшылыққа енгізілген.
Сонымен бірге, заңда рақымшылық қолданылмайтын жағдайлар да нақты белгіленген. Егер әкімшілік жаза соттың шешімімен тағайындалған болса немесе заңның 8-бабында көзделген құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда, рақымшылық қолданылмайды. Бұған қоғамдық қауіпсіздікке, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, кәсіпкерлік қызметті заңсыз жүзеге асыруға және басқа да бірқатар құқық бұзушылықтарға қатысты әкімшілік істер жатады.
Рақымшылықты іске асыру ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 63 және 889-1-баптарының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Мемлекеттік кірістер органдары әкімшілік жазаны орындаудан босату туралы арнайы қаулы шығарып, айыппұлдарды орындауды тоқтатады.
«Жетісу облысында бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», — дегенді айтты маман баспасөз мәслихаты барысында.
– Бүгінгі таңда облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті рақымшылық актісін қолдану нәтижесінде жалпы сомасы 3 миллион 51 мың 840 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдардың орындалуын тоқтатты. Бұл жеңілдік 49 салық төлеушіге қатысты қолданылды. Оның ішінде, 26 жеке тұлғаға 1 миллион 868 мың 80 теңге, ал 23 жеке кәсіпкерге 1 миллион 183 мың 760 теңге көлеміндегі әкімшілік жазалар бойынша рақымшылық жасалды.
Айта кету керек, рақымшылықты қолдану мерзімі алты айды құрайды. Яғни, заң талаптарына сәйкес бұл мүмкіндік 2026 жылғы 2 шілдеден 2027 жылғы 2 қаңтарға дейін жүзеге асырылады, — деді маман.
Конституция – мемлекет пен қоғамның дамуына негіз болатын басты құжат. Ал, осы тарихи оқиғаға орай қабылданған рақымшылық туралы заң мемлекетіміздің құқық үстемдігімен қатар адамгершілік пен ізгілік қағидаттарын да басшылыққа алатынын көрсетеді. Бұл бастама азаматтарға заң алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, құқықтық мәдениетті арттыруға және болашақта құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Заңды білу – әр азаматтың міндеті. Сондықтан, рақымшылықтың кімдерге және қандай тәртіппен қолданылатыны жөніндегі ақпаратпен уақытылы танысып, өз құқықтарын тиімді пайдалану маңызды.

Гүлнұр  Баймұхан

«Алатау»