«ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ІШПЕЙДІ» ДЕГЕН ҰҒЫМ — ҚАТЕ ҰҒЫМ

0
26

Соңғы жылдарда үлкендер арасында «қазір жастар ішпейтін болыпты» деген пікір жиі айтылып жүр. Бір жағынан ондай пікірге риза боласың, жастардың ақылы кіре бастапты-ау дегендей. Алайда, өкінішке карай, қазір ішетін адамдар көп. Арнаулы наркологиялық орындарда күніне 5-6 адам есепке алынады. Айтайын дегенім, бүгінде жастардың арасында арақ ішетіндер де, шегетіндер де, «иіскейтіндер» де бар. Есірткінің (наркотиктің) жаңа түрлері көбейіп келеді. Оған мысал, соңғы жылдары синтетикалық есірткілердің пайда болуы. Синтетикалық есірткілер — зертханаларда жасанды түрде жасалатын, психикаға және жүйке жүйесіне қауіпті әсер ететін химиялық заттар. Бізге 14-15 жасар жасөспірімдер келеді, бірақ біз оларды бірден есепке алмаймыз. Себебі — олар оқуы керек. Сондықтан «олардың болашағына кедергі болмасын» деп, тек дәрігердің бақылауына алынады. Бақылауға алынғанымен, жастар арасында синтетикалық есірткіге тәуелділік өсіп жатыр…

 

Синтетикалық есірткіге тәуелділерге келетін қауіп

Мысалы, 2017-2018 жылдары синтетикалық есірткімен емделетін 2-3-ақ адам болатын, олардың қатарында балалар жоқ еді. Қазір бізде синтетикалық есірткіні қабылдайтындар өте көп. Оның себебі — қолжетімді болып тұр. Олар синтетикалық есірткіні «наркотик» деп есептемейді, «таза ләззат алу үшін» деп, «диззи» сияқты немесе сыра мен арақтың қатарында көреді де, қабылдай береді.
Ал синтетикалық есірткінің ең жаманы сол — ол өте жасырын, жымысқы қауіпі бар. Бір-екі қолданғаннан кейін-ақ болды, адам одан шыға алмай қалады.Тәуелді болып қалады.
Спиртті ішімдікке ескерту бар ғой және ол үшін қолданылатын арнайы заң бар: 18 жасқа дейінгі адамдарға сатылмайды, дүкендерге тек түскі 12-ден түнгі 12-ге дейін ғана сатуға рұқсат беріледі және сыртына жазылады — «Спиртті ішімдікті шамадан тыс қолдану — сіздің денсаулығыңызға зиян» дегендей…
Ал, синтетикалық есірткіде ешқандай ескерту жоқ, ашық сатылып жатыр, магазинде де, телефон-интернет арқылы да сатылып жатыр. «Телеграмм» каналда сататындар тіпті қуланып алған.
Өндіретін адамдар басқа жақта, тарататын адамдар басқа жақта отыр, оларды анықтау мүмкін емес. «Телеграмм» каналда басқа мекен-жай береді де, оны аңду өте қиын. Қазір «Телеграмм» каналды аңдитын ОБН-нің жеке бөлімі бар, басқаларды тапса да осы каналдағыларды табуға қиналады.

Жаңа синтетикалық есірткі баланы өлімге әкеледі

Синтетикалық есірткінің тағы бір ерекшелігі, бұл — жаңа есірткі, анықтай алмайсың. Клиникасына қарап тұрсаң — адам есірткіден мас болып тұрады. Ал, зертхана синтетикалық есірткіні көрсетпейді.
Өйткені, оны аңдып қайта зертханадан өткізіп, тестін тапқанша басқа түрі пайда болады. Сол себепті де анықтау өте қиын. Оны шетелде шығара ма, бізде шығара ма, анық білмейсің.
Бізде неше түрлі зертханалар бар. Бір-екеуін анықтады да, жапты да, қызметкерлерін қамады да. Бірақ есірткі басқа жақтан шығарылып жатады.
Басты негізгі нүктесі қайда — сол сұрақтың жауабы жоқ. Ең қорқыныштысы — таралуы тез, шекарадан да оңай өтіп кетеді. Таратушы кез келген балаға келеді де : «мынау күшті таблетка, күшті кәмпит, күшті сағыз жеп көрші немесе сусынды ішіп көрші, түк зияны жоқ», — деп, тегін беріп кетеді, болды. Оны қабылдаған баланың көңіл-күйі көтеріліп, күші тасып, басқа күйге түседі, уыты қайтқан соң, қайта соны іздеп тұрады. Өте қиын, жаман…
Бұрын апиын, анашадан «наркоман» деп емдейтінбіз. Оны пайдалануды уақытша болса да тоқтатуға болатын. Ал, бұл есірткіні бір рет қолданды ма, бітті. Адам не өледі, не мүгедек болып қалады, яғни психикалық дертке шалдығады.
Наркоман болып есепте тұрғандардың көбісі шизофреник, яғни есірткі тікелей адамның миына әсер етеді. Мидың Виллизий шеңберін (миды оттегімен, қанмен қамтамасыз етуге қызмет ететін шеңбер) доғарып тастайды, ми дұрыс жұмыс істеуден қалады. Адамда елестер пайда болады, дауыстар естіп, содан қорқыныш, үрей пайда болады. Содан құтылу үшін біреулер өзіне қол жұмсайды. Дауыстарға еліктеп, зиянды әрекеттер жасайды.
Бұл есірткінің түрлері де көп, әсерлері де әртүрлі: тұздар (соли) — адамды қатты агрессивті етіп, психоз бен ессіздік тудырады; спайстер, темекі өнімдер — миға және өкпеге өте тез зиян келтіреді; жылдамдық (скорость) — орталық жүйке жүйесін қатты қоздыратын ақ ұнтақ, тәбетті жойып, ұйқысыздыққа және ағзаның тез тозуына әкеледі; ЛСД және синтетикалық галлюциногендер — адамның көру, есту қабілеттерін өзгертіп, шынайы өмірден алшақтататын күшті химиялық қоспалар; дизайнерлік наркотик; МК; т.б түрлері көбейіп барады. Бұны қолданғаннан 1-2 сағаттан кейін қайту кезіндегі ауру сезімін еш дәрімен қайтара алмайсың, қайтадан соны қолдану керек.
Алкогализм бізде дамып жатыр. Мектептегілер ойлайды «сыраның құрамында спирт аз, оны ішкеннен ештеңе болмайды» деп, оның құрамында адам ағзасына зиян келтіретін басқа заттар өте көп. «Пивной алкоголизм» — «гебринизм» деген бар, ол жеке бір тақырып.
Қазіргі таңда ата-аналар өз балаларының теріс әрекеттерін жасыруға тырысады, ол дұрыс емес. Мысалы, баласынан әкесі не шешесі есірткі тауып алды ма, одан сұрайды, бала «менікі емес» дейді немесе «қоямын» дейді. Ата-ана өз баласына сенеді, өздігінен қоя алмайтындығын ескермейді және жария еткісі келмейді. Ол қоя алмайды — бір рет қолданды ма, болды, ол тәуелді болып қалады.

Баласынан «тәуелділікті» байқаған ата-ананың міндеті

Миында НМДА рецептор соны іздеп тұрады. Ата-ана жасыра-жасыра, емді әбден кешіктіреді, бізге сенбестік те болуы мүмкін. Олай болмайды, бір рет көрді ме, бірден дабыл қағу керек, бізге әкелу керек. Бізде емделу тегін, жасырын емделуге де болады. Біз уақытында тоқтатып, уақытында емдеп, жазуға болатынын айтамыз.
Мысалы, жақында Канарова деген қызды, мектеп оқушысы, емдеп, жаздық. Павлодарға жібердік, басқа шара жасадық, уақыты өтіп кетсе де, әйтеуір тоқтаттық. Ал, тіпті кешігіп келгендерде емделуге мүмкіндік жоқ. Олар не өледі, не сандырақ ауру болады.
Сандырақтың да түрлері көп. Мынадай жағдай болған: он-шақты жыл бұрын Махмуд деген жап-жас жігіт болған. Ол машинаның майын, қосалқы бөлшектерін сататын, өте бай болды, жағдайы өте жақсы. Сол есірткіге отырады, 2-3 ай қолданады, содан елес сезімдер пайда болады…
Ол «менің ішімде жын бар, соны сыртқа шығармауым керек, ол сыртқа шықса, әлемге ақырзаман келеді» деген сандырақ оймен жүрген, денесінің бәрін крестеп тілгілеп тастаған. Көп қабатты үйде тұратын. Бір күні пәтерінің бәрін тұмшалаған да крестеп тастаған. Содан газбен өзін жарып жібермекші болған. Сонда, «менімен бірге ішімдегі жын (дьявол) да жарылып кетсін, әлемге зиян келмесін» деген ой болған. Газдың иісін сезген, жігіттің жағдайынан хабардар көршілері хабар беріп, көпқабатты үйдегі адамдарды құдай сақтап қалды.
Милициялар келіп алып кетеді. Жүйке аурулары емханасында тексереді. Ем тағайындайды. Бірақ оң нәтиже болмайды.
Бізге, наркодиспансерге әкеліп тексертеді, наркотест жасаймыз, ештеңе көрсетпейді. Мамасынан сұрасақ, үйінен белгісіз қағаздар тауып алғанын айтады, көрсетеді. Сөйтсек, синтетикалық есірткі екен. Ол өзі күнделік жазып отырған екен, неше түрлі жындардың аттарын, нөмірлерін жазған («номер Данджана» деген сияқты), суреттерін салған, ана суреттер өте қорқынышты. Өз ішіндегі уайымын түгел жазған. Бір телефон нөмірін жазып қойыпты, қоңырау шалсақ, өшірулі. Аурудың өзімен сөйлестік, емдедік, кішкене есін жиғандай болды. «Қолыңдағы кесілген орындар неге іріңдеп кеткен?» деп сұраймыз, ол «дьявол шығып кеткен» дейді. Бір есірткі осындай жағдайға келтіріп отыр.

Есірткіге тәуелді балалар көбейді

Қазір бізде мұндай жағдайлар өте көп. Барлық есірткі қолданғандар да тура осындай. Бір қыз «ішкі дауысым айтты» деп, төртінші қабаттан секірмекші болған. Құдай оңдап, анасы ұстап қалыпты. Осының бәрі біздің қалада болған жайлар.
12 жастағы қызға, кім бергені белгісіз, есірткі қолданған соң, жезөкшелікпен айналысып кеткен, 14 жасында мүлде жаман болып, шет елге сатылып кеткен. Құдай сақтасын! Ол енді бізде болған жоқ, Алматы жақта болған — судмед экспертизадағы адаммен жұмыс істегем, содан естідім. Ең жаман есірткі, негізі есірткінің жақсысы жоқ қой. Қайда болса да бала – біздің еліміздің болашағы ғой, олар осындай болып жатқанына қынжыласың…
Біз енді есірткіге тәуелділіктің алдын алумен (профилактикамен) айналысып жатырмыз: мектептерге, жоғары оқу орындарына барамыз, дәріс береміз, «дөңгелек столдар» өткіземіз, ОБН-нің адамдарымен бірге жүреміз. Түрлі роликтер түсіреміз, есірткі қолданғандардың жағдайларын көрсетеміз, айтамыз, түсіндіреміз. Полициялар өздерінің істері жайлы айтады, заңды түсіндіреді, 10 жылдан 15 жылға дейін сотталып кеткендер туралы әңгімелеп береді.
Аллаға шүкір, әсері бар, спортпен айналысатын балалрды байқаймыз. Балаларын әкеліп жасырын емдететіндер де, өздері келіп ем алатындар да бар. Алып келеді, өздері келеді, біз олармен сөйлесеміз, ем тағайындаймыз. Олармен біздегі жақсы психологтар да сөйлеседі.
Бізге еріктілер де пациентпен әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарымен айналысуға көмектеседі. Олар — кезінде есірткі қолданып, зардабын шегіп, ем алғандар. Олар өз басынан өткендерін әңгімелейді, ем қабылдауға ұмтылып, жазылуға қалай бет бұрғандары туралы айтады. Оның да аурудан азап шеккендерге әсері жақсы.
Сондай еріктілердің бірі – Гүлнұр деген қыз, келіп, ауырғандармен әңгімелеседі. Өзі осы қалада жұмыс жасап жүр қазір. Тағы Валентин деген жігіт бар. Туысқандарына айтамыз, бақылау жасатамыз. Өзіміз де емдейміз, Павлодарда оңалту орталығы бар, үш-төрт адамды сол жаққа жібереміз. Мысалы, осы айда үш адамды жібердік. Әйтеуір, алдымызға келген жанға қолдан келгенше, көмегімізді жасап, адам қатарына қосуға тырысамыз. Үкімет те жағдай жасап жатыр. Тегін емдейміз. Жеке ақылы емдейтін орталықтар да бар.
Жалғыз біз емес, есірткімен бәріміз күресуіміз керек. Ең алдымен, ата-ана балаға мұқият болу керек. Балада өзгеріс байқаса, бірден біздің көмегімізге жүгінгені абзал. Мектеп, жоғарғы оқу орындары да, қоғамдағы әрбір азамат бала болашағына көңіл бөлсе екен.

Ерғабылов Мақсат Бейбітұлы

нарколог-психиатр