ҚҰРЫЛЫСЫ ДАМЫҒАН ТАЛДЫҚОРҒАН

Ел экономикасының маңызды қозғаушы күштерінің бірі саналатын құрылыс саласы елімізде биыл да қарқынды өсіп, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,1 трлн .теңгеге жетті, — деп жазады Egemen.kz. «Елдегі құрылыс жұмыстарының көлемі биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4,1 трлн. теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары. 2025 жылдың қорытындысында көрсеткіш 10,7 трлн. теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға өскен. Бұл игілікке ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы және инвестициялық белсенділіктің артуы арқасында қол жеткізілді. Биыл да нәтиже 2025 жылғыдан төмендемейтініне сеніміміз мол», – дейді талдықорғандық құрылысшылар.
Бұл сөздің жаны бар сөздер екеніне облыс орталығында тоқтамай салынып жатқан құрылыс нысандарының бой көтеруі нақты айғақ деп сеніммен айтуға болады.
Мәселен, тек соңғы бір жылда өңіріміз бойынша сандаған әлеуметтік нысан бой көтеріп, жүздеген шақырым инженерлік желілер мен жолдар жаңартылды.Оны тұрғындар өз көздерімен көріп жүр.
Құрылысшылар – кез- келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін аса маңызды мамандар. Олардың еңбегі – тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол, зауыт, инфрақұрылым сияқты өмірлік маңызы бар нысандардың бой көтеруінің негізі. Құрылыс саласы ел дамуының нақты көрсеткіші болып табылады, өйткені құрылыс жүрген жерде даму, жұмыс орындары мен болашақ бар.
Талдықорған қаласы соңғы жылдары тез көркейіп өсіп келеді. Жаңа шағын аудандар салынып, көп қабатты үйлердің саны көбейді. Көгалды аумақтар жаңа заманауи типтегі саябақтар, балаларға арналған ойын-сауық орындары, спорттық кешендер көптеп салынуда.
Былтырғы 2025 жылы тамыз айының соңғы күндерінен бастау алған қаланың оңтүстік-батыс аймағында болашақта бой көтеретін 11,12 шағын аудандардың жерасты инфроқұрылым жұмыстары басталып, электр жүйесі: электркабелдер тарту, электростанция қондырғыларын орнату, су құбырларын, кәріз құбырларын тарту, жылу құбырларын тарту жұмыстары шетінен аяқталып жатыр.
Жақын арада сол аймақтағы су және кәріз жүйесін жасаушы «Отерма» құрылыс компаниясы өз жұмыстарын тәмамдады. Енді жылу жүйесі құрылыстарын жасаушы құрылыс компаниясы да өз жұмыстарын аяқтау мерзіміне таяу қалды. Бас мердігер Құсайынова Анардың басшылығымен негізгі жұмыстарды атқарып жатқан жігіттер: Тоқтаров Талғат Төлегенұлы мен бригадирі Құрымбаев Қанат Қалымбекұлы.
Күннің суық кезінде де жауған қар мен жаңбырды елеместен еңбек ететін, шілденің аптап ыстығында да тоқтамай еңбек қарқынын үдетіп, алған нысандарын уәделі кезде аяқтауға жұмылып жатқан жігіттердің еңбек қарқынына сүйсінбеске болмас.
2,5 шақырым жерді 2,40-2,50 м тереңдікте қазып, астын тегістеп, жердің қажетті тегістік деңгейін ескере отырып су жүретін құбырларды қоятын лотоктарды қойып біткеннен кейін жылу сулары жүретін құбырларды орнату, оларды бір-біріне тиісті талапқа сай жалғау, лотоктардың үстін басқа лоток арқылы жабу, суларды тең тарататын таратқыш қондырғыларын орнату, т.б. жұмыстары өте жоғары жауапкершілікті қажет етеді.
Осының бәрін қатаң бақылауда ұстап жалдамалы жұмысшылар мен арнайы техникаларды істету прораб пен бригадирдің үлкен тәжірибесі мен жауапкершілігін қажет етеді. Бұл тұста прораб Талғат пен бригадир Қанаттың еселі еңбектерін ерекше атап айтпасқа болмайды.
Жұмысшылар ертеңгі сағат 8 ден кешкі 18-ге дейін жұмыс жүргізеді. Олардың түскі асы, жатар орындарына дейін прораб пен бригадир шешіп жатады.Оның сыртында керекті құрал-сайман, қажетті детальдар, жер қазатын,тиеп, түсіретін ауыр техникалар жалдау, олармен келісім-шарт жасасу, қысқасы, барлық қажетті құжаттамалардың бәрін жүргізіп отырады. Жұмысшылар қайтып кеткеннен кейін прораб Тоқтаров Талғат сағат 18-ден 20-21-ге дейін отырып, кіріс-шығыс есептерін жүргізсе, бригадир Құрымбаев Қанат таңғы сағат 4.30-5 шамасында келіп, жылу құбырларының байланысқан тұстарына су, ауа өткізбейтін көбік құяды. Көбік салқын уақытта құйылуы керек, өйткені көбіктің химиялық реакциясы салқында жылдам жүріп, тез қатады екен. Анда-санда жұмысшыларға демалыс беріліп, арнайы мал сойылып, еңбек адамына сый-құрмет көрсетіледі. Сондай жұмысшыларға деген сый-құрметтің бірнешеуіне куә болдым.
Соның бірі — құрылысшылардың кәсіби мерекесі күні жұмысшыларға демалыс жариялап, жақсы дастархан мәзірін жасап, әрқайсысының еңбектерін атап өтіп, мадақтап, алғыс білдіріп, көңілдерін көтерер жылы сөздер айтылды. Өздерінен жоғары дәрежелі басшылардың атынан олардың құттықтау сөздері оқылды. Сонымен қатар, 25-30 жұмысшыға жалақының сыртында 15 мың теңгеден ақшалай сыйлық таратылды. Барлық қатардағы құрылысшылар түгелдей риза болып тарасты.
Құрылысшы мамандығы – біздің еліміздің ең танымал және құрметті мамандықтарының бірі. Ел игіліне бағытталған әлеуметтік маңызды және ең батыл ірі жобалар қарапайым еңбек адамының арқасында жүзеге асып жатыр. Еңбектеріңіз өнімді болып, ел алғысына бөлене беріңіздер.
Сембек СОЛТАНҰЛЫ




