ОРМАН – ЕЛ ДӘУЛЕТІ, ЖЕР СӘУЛЕТІ
Адам денсаулығы көбіне қоршаған ортадағы экологиялық ахуалға байланысты. Ал, оны жақсартатын жасыл желек екені даусыз. Орманның құнды қасиеттеріне орай бір көрнекті ғұлама: «Тегінде бір нәрсеге бас ию керек болса, онда ағаштарға бас иіп, тәжім ету керек. Өз өміріне қажеттің бәрін адам осы ағаштан алады» деген екен.
Орман – мол өнімнің негізі, мол сулы өзендердің жәрдемшісі. Орман – жан-жануарлар мекені, ол адамдардың жанын сергітерлік демалу орны. Ендеше өзіне теңдесі жоқ табиғат лабораториясының қызметін бұзбай, оның барынша жетіле түсуіне борыштымыз.
Орман қорғау – орман қорын тиімді пайдалану, оны толықтыру, өрттен, зиянкестерден және аурулардан қорғау. Жыл сайын тұқымбақ шаруашылығын одан әрі дамыту, өсірілетін көшеттердің түрлерін көбейту, өнімділігін арттыру шаралары жүргізілуде.
Орманның ең қатерлі жауы – ӨРТ. «Өрт – тілсіз жау» деп тегін айтылмаған. Өрттің шығу себептері, көбінесе, шөп қалдықтарын, қоқыстарды қадағалаусыз өртеген азаматтардың жауапсыздықтарынан, демалушылар мен балық, аң аулаушылар мен малшылардың жаққан оттарын сөндірмей кетулерінен дала өртіне айналып жататынын жасыруға болмайды. Өрт қаупі туралы барлық шаруашылық жүргізуші субъектілерге ескертулер таратылуда.
Сонымен қатар, орман шаруашылығы қызметкерлері елді мекендерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Десек те, алапат жалынға қарсы тұру оңай емес. Сол себепті, жергілікті жұрттың да қырағылығы күшейтілуі тиіс. Орманды тілсіз жаудан қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан, табиғат аясында демалушыларды отты арнайы орындардан тыс жерде жақпауға, күл-қоқыстармен ластамауға және табиғатты аялап қорғауға шақырамыз.
Табиғи байлығымызды қорғап, келер ұрпаққа сақтап, аманат ету – бәріміздің борышымыз. Табиғатты аялайық, өрттен қорғайық ағайын!
С. ДҮЙСЕБЕКОВ,
«Қапал орман шаруашылығы» КММ,
№7 айналымның орман күтушісі




